Іңкәр мен Айна сабақтан соң мектеп жанындағы аялдамаға келді. Автобус күткен жолаушылар көп екен. Бәрі мойын созып жолға қарайды.
— Айна, қарашы, біреу мұнда жарты бөлке нан іліп кетіпті, — деді Іңкәр теректің бұтағында тұрған жарты бөлке нанды көрсетіп.
— Көрдім. Біреулер қойып кеткен ғой. Жерде тағы бір сынығы жатыр, — деді Айна досына қарап. — Есіңде ме? Апай өткен аптада «Нанның обалы» атты әңгіме айтып берген. Соңынан мазмұндама жазғамыз.
— Иә. Есімде.
— Нанды алып, сөмкеме саламын, — деді Айна тосын бір шешімге келіп. — Тастап кетсек, обал болады. Әжем маған нан туралы көп әңгіме айтып берген. Баяғы заманда елде ашаршылық болыпты. Сонда біраз халық басқа елге көшіп кеткен. Бір үзім нанға зар болып, балалары аштан өлген. «Жерде жатқан нан көрсең, алып ал. Оны адамдар басып кетсе, елде тағы ашаршылық болады» деген.
— Қойшы, елден ұят қой. Мазақтап күледі. Сабақтан шығып, аш болған соң алып жатыр дейді, — деді Іңкәр келіспей.
— Жоқ. Аламын, — деді Айна дегенінен қайтпай.
Ол теректің бұтағында ілулі тұрған жарты бөлкені, жерде жатқан бір үзім нанды алып, сөмкесіне салды.
— Сен де ұялмайды екенсің. Адамдарға қарашы, бәрі бізге қарап тұр, — деді Іңкәр бұртиып.
Сол кезде жандарында жасы сексеннен асқан ақ сақалды қария таяғына сүйеніп, бұлардың әңгімелерін тыңдап тұрған еді. Айнаның ісіне риза болып:
— Нанды аяқасты етуге болмайды, балаларым! Нан өте киелі ас. Мына қызым дұрыс істеді. Ашаршылық заманда адамдар бір үзім нанға зар болғанын ұмытпаңдар! Нанды қадірлеңдер, жерде жатқанын көрсеңдер, қағазға орап сөмкелеріңе салып, апарып иттеріңе беріңдер, — деді.
— Иә, ата, сөйтеміз, — деді Айна. Қатесін сезінген Іңкәр да досын қоштады.
— Бақытты болыңдар, балаларым, өмір жастарың ұзақ болсын! — деді қария екеуіне бата беріп.
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі