Тәңіршілдік наным-сенімі тек түркі халықтардың төл діні емес. Бұл — ежелгі барлық қауымдардың ортақ нанымы. Мұндай сенімдер барлық құрлықтарда, әсіресе, Солтүстік және Оңтүстік Америка, Африка, Солтүстік Азия және Аустралиядағы бейсауат қауымдарда көне замандардан белгілі болған.
Л.Н. Гумилев ежелгі қытайлықтарда түрік ұғымындағымен бірдей көк тәңір нанымы болғанын растайды. Көне Қытай, Мысыр, Рим, Месопотамия елдерінде көк тәңір туралы нанымдардың болғандығын, аталмыш елдердің патшаларының атағы көбіне «Көктің ұлы», «Күннің ұлы», «Аспанның перзенті» боп аталғандығын «Древние тюрки» атты еңбегінде дәлелдейді. Ғалымдар көк тәңірі туралы нанымды тәңірлер және тәңірсымақтар туралы культтерден бұрын болған ең тұрпайы наным деп бағалайды және мұндай тұрпайы сенім ең шалғай құрлықтарда да болғандығы ғылыми ақиқат.
Түркі халықтарының ешбірі «Біздің ұлттық дініміз, ата-баба дініміз тәңіршілдік» деп ұрандап жатқан жоқ. Тәңіршілдік барша түркілердің ортақ нанымы екендігін ескерсек, расында да ақиқат дін болса, өзге бауырлас түркілер неге жаңғыртуға тырыспайды. Себебі ол күлкілі әрі надандық.
Ислам діні бізге кеше ғана келді, оған дейін ата-бабаларымыз тәңірші еді дейтіндерге, ислам дінін орта азия түркілері 960 жылдан бастап ұстанып келеміз. Содан бері әр бабамыз дінім — ислам, Раббым — Аллаһ, пайғамбарым — Мұхаммед алейһиссалам, кітабым — Құран кәрим деп ұстанып келді. Тәңіршілдік — бұл дін емес. Тәңіршілдік — тек наным-сенім. Наным-сенімді дінмен шатастырмайық.
Бабаларымыз ғасырлар бойы ислам дінін ұстанып келді. Қала берсе, әлемге әйгілі көптеген ғалымдарды шығарды. Отырар, Түркістан секілді руханиятқа бай қалаларымызды, Ахмет Яассауи, Иүгінеки, Хусамиддин Сығанақи, Хибатулла әт-Тарази, Абай, Шәкәрім, Ыбырай, т.б. қазақ даласынан шыққан ғұлама, ірі тұлғаларды қай ұрпаққа аманат етпек.
Тарихи деректер бойынша VIII ғасырдың ортасынан бастап қазақ даласына ислам дінінің келуімен түркі халықтарының арасында бұрын-соңды болмаған өрлеу мен даму басталды. Қалалар пайда болды, кітапханалар, ауруханалар, мешіттер, базарлар салынды. Өркениет пен мәдениет қарышты қарқынмен дамыды. Философия, логика, медицина, музыка, математика, астрономия, оптика, өнер, сәулет, — бұның бәрі даму ренессансын бастан өткерді. Әлемдік масшатбтағы ғылымдар мен өнерлердің негіздерін салған орта азия аймағынан шыққан ғалым-мұсылмандар — Әл-Хорезми, Әл-Бируни, Ұлықбек және тағы басқалар болды. Моңғол шапқыншылығына дейін Қазақстан аумағында жиырма алты қала болған. Олардың арасында көптеген сауда, саяси және мәдени байланыстар болды. Оның үстіне, бүкіл аймақ «Жібек жолы» керуені арқылы әлемдік экономикалық және мәдени жүйеге енген. Өзара мәдени байыту мен алмасудың тұрақты жаһандану процесі болды, өркениет өркендеді. Мұның бәрі ұланғайыр кең дала халықтарын надандық зұлымдығы мен пұтқа табынушылық тираниясынан азат еткен Исламның арқасында мүмкін болды.
Зерттеуші Бекен Қайратұлы:«...отарлаушылар таңған тағы бір қисынсыз ұстаным-Тәңір діні дейтінге келсек, бұл ары кеткенде байырғы көшпенділерге тән тұрмыстық салт ғана. Отарлаушылар әртүрлі ғибадат жасап қиналмайтын, күнәлі істерден адам баласын тыймайтын, оқып-жаттайтын жалбырану сөздері жоқ, жеп-жеңіл жалған дүниені дін деп тықпалаудағы мақсаты: халықты тек исламнан тайдыру еді.
Мысалы, ағартушы-миссионер Николай Ильминскийдің «Қазақтарға «сендер мұсылман емессіңдер, сендердің діндерің басқа, ата-бабаң тәңір дінін ұстаған» деп түсіндіру қажет, бұл ұғым толық орныққан жағдайда оларды христиан дініне кіргізу оңай болады» деген құпия ұстанымын 1860 жылы патша үкіметіне жазған құпия хатында жазылған дәлелді келтіріп, қазіргі таңда қазақ зиялыларының көбі тәуелсіздіктен кейін қоғамда пайда болған мұсылманшылықты сіңіре алмауына себеп осы», — дейді.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі