Өлең, жыр, ақындар

Таңат — менің ағам

Күнде бұл мезгілде сабақтан қайтатын Таңат бүгін кешікті. Түс ауды. Қарындасы Әйгерім елегізіп, есік алдына екі рет шығып келді. Ал Таңаттың бір аптаға нағашы атасының үйіне кеткенін ол білмейтін.

Әжесі болса құрақ құрап, өзімен өзі әуре. Кейінгі кезде осындай машық тауып алған. Әлдебір халық әуенін ыңылдап, күн ұзаққа іс тігумен шұғылданып отырғаны. Бастапқыда таңсық көріп, ананы-мынаны сұрап қасынан шықпайтын. Жалықты білем, көңіл аудармайды қазір.

Кешкілік жұмыстан оралған әкесіне, Таңаттың хабарын жеткізді Әйгерім. Қос танауы делдиіп кеткен. Көзінде үрей мен сауал.

«Ағасын жақсы көре ме екен, сынайын...» деп ойлады әкесі.

— Таңат енді келмейді?!

— Неге? — деді Әйгерім.

— Саған қатты өкпелі...

— Мен не істеппін?!

— Айтсам, реңжімейсің бе?

— Айтыңыз.

— Сен оған күн көрсетпейсің. Ойыншықтарыңды ұстатпайсың. Сабаққа әзірленіп отырғанда мазасын ала бересің. Көңілін бөлесің. Кейде ойнаған болып кітаптарын тығып тастайсың. Сол себепті Таңат айтқан тілін алатын, өзінен жасы үлкен ағасын сыйлайтын қарындас тауып алды.

Әйгерім қапелімде не деп жауап қайырарын білмей дағдарды. Әкесі айтқан әңгіменің жаны бар. Бірінші сыныпқа барғанша Таңат екеуі бірге ойнайтын. Ағасы есік алдындағы ойын алаңына шыққанда да, көзінен таса қылмай, қарайлап жүретін. Былтырғы күзден мектепке барғалы күрт өзгерді. Тәрбиелі, тәртіпті бала болып шыға келді. Көп уақытын сабақ оқуға жұмсайды. Балабақшаға бармайтын Әйгерімнің күні бойы іші пысады. Содан соң Таңатты айналдыратыны рас. Ал ол болса... кішкентай Әйгерімнің еркелігін түсінбей, өкпелеп, өзге қарындас тауып алған.

Әйгерімнің иегі кемсеңдеп, көзінен жас домалап-домалап түсті. Өз бөлмесінде кереуетте бүк түсіп жылап жатыр. Тақау келгенін аяқ тықырынан естіп:

— Таңат менің ағам, менің ағам! — деп жылауын үдетіп бақырып қоя берді.

Әкесі қызын құшақтап бетінен сүйді. Көзінің жасын сүртті.

— Айтшы, папа, Таңат менің ағам ғой, — дейді кемсең деп Әйгерім.

— Иә, сенің ағаң.

Әйгерім жылауын қойды. Жүзі бал-бұл жанып қуанды.

— Неге келмейді дедің?

— Ренжігені рас еді...

— Мен де қателігімді түсіндім. Енді олай жасамаймын. Таңат сабаққа әзірленіп отырғанда мазасын алмаймын. Кітаптарын жинастырып, реттеп қоямын. Қолы бос кезде, одан әріптер үйренем.

— Баяғыдан осылай етсең ғой...

— Енді қашан келеді?

— Бес-алты күннен соң.

Ертеңінде әкесі қызына екі дана «Сникерс» шоколадын әкелді. Әйгерім біреуін дереу жеп алды да, екіншісін сақтап қойды. Жатарда жастығының астына тығады. Күндіз қолынан тастамай алып жүреді. Әкесі мен мамасы «қызығып жеп қоятын шығар» деп ойлаған-ды.
Әйгерім олай етпеді. Таңат қашан үйге келгенше, «Сникерс» шоколадының мұртын да бұзбады.


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз