Өлең, жыр, ақындар

Тәкаппарлық (Көрініс)

(Тіл дамытуға 1-сыныптарға арналған шағын көрініс.)

Ерте, ерте, ертеде, Тәкаппарлық өмір сүріпті. Ол ешкімді менсінбей, жалғыз жүріпті.  Бірде іші пысқан Тәкаппарлық, Күнім деген сүйкімді кішкене қыздың тәніне кіріп алады. Ал ол қыз болса, төмендегідей нәрселер жасай бастайды:

1. Ойнауға ең әдемі көйлегін киіп шығады. Анасы:
— Күнім, мына көйлекті мейрамханаға киіп баруға алдық қой? Неге киіп алдың қызым?
— Анашым, бұл менің көйлегім! Қайда киемін, не істеймін, өзім шешемін! = - деп жүгіріп сырқа шығып кетеді. Анасы Күнімге ренжіп:
— Мынау менің Күнім бе? Бұл неге өзгеріп кетті? - деп, өкпелеп қалады.

2. Сыртқа шыққан Күнімді құрбылары қоршап алып:
— Көйлегің қандай әдемі?!  Қайдан алдың? Саған керемет жарасады екен! - деді.
— Оййй, ұстамаңдаршы! Былғайсыңдар! Кетіңдерші ары! Жалғыз ойнаймын. Маған сендермен қызықсыз! - деп, түрін тыржитып кетіп қалады. Құрбылары ренжіп:
— Мынау біздің Күнім бе? Ол неге өзгеріп кеткен?- деп, ешнәрсеге түсінбей тұрып қалады.

3. Күнімнің алдынан сыныптастары шығады:
— Сәлем Күнім! Сені мұғалім шақып жатыр. Жарысқа қатысасың дейді! Кеттік..? - деп, қуана хабарлайды. Бірақ Күнім:
— Мұғалімге айта барыңдар!  Мен енді ол мектепте оқымаймын!  Басқа мектепке ауысамын!- деп, сәлем берместен өте шығады. Сыныптастары:
— Мынау біздің Күнім бе? Ол неге өзгеріп кеткен? - деп таң қалады.

4. Жалғыз өзі әбден іші пысқан Күнім, кешке анасынан келіп кешірім сұрайды:
— Анашым...  Кешіріңізші...! Маған не болғанын білмеймін!  Бүгін құрбыларымның барлығын ренжіттім. Сізді де қатты ашуландырып алдым.  Енді қайталанбайды! - деп, кешірім сұрайды. 
— Жарайды Балапаным! Жүрегіңе Тәкаппарлық кіріп кеткен ғой? Енді жүрегіңді таза ұста. Жүректің кілті — көркем мінез. Мінезің жақсы болса ғана бақытты боласың! - деді құшақтап.

*  *  *

Күнім ертесі барлық құрбыларынан кешір сұрады. Содан бері ешкімді ренжіткен емес. Ал Айсафтың сүйкімді балапандарының мінездері қандай екен? Жүректері таза,  жүздері жылы ма?!  Көмекке ашық па?


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз

Пікірлер