Кеше.
Сахнаға асығыс шыққан анасы, ұлдарын шақырады:
— Бекнұр, Бексұлтан! Қайдасыңдар?
Екі ұл сахнаға шығады. Мойындарында қызыл галстук. Мектеп формасы. Бекнұр:
— Ау, анашым? Жұмыстан қалай сұрандыңыз? Бүгін партия жиналысы деп едіңіз ғой?
Анасы:
— Біреуің — комсомол, біреуің — пионер болатын күні қалай алаңсыз жұмыс істейін? Жалынып жатып, Сергей Ивановичтан зорға сұрандым!
— Тағы да мейрамда жұмысқа түсемін десеңізші. Өмірі осылай. Бір күн сұранасыз. Сосын ешкім жұмысқа барғысы келмейтін мейрамдарда, жалғыз өзіңіз жұмыс істеп жүресіз? (Бекнұр ашулы әрі мұңды жүзбен сөйлейді)
Бексұлтан:
— Анашым, пионер болу деген не?
Анасы:
— Пионер болу деген... жігіт болу! Қоғамдық жұмыстарға атсалысу! Колхоздың жұмысына қолғабыс беру! Владимир Ильич Ленин аталарың сияқты халыққа қорған болу!
Бексұлтан:
— Анашым, біз неге орыс атаға ұқсауымыз керек? Қазақта сол кісі секілді жақсы адамдар болмаған ба?
Анасы шошып кетіп:
— Тыныш! (Ақырын жан-жағына қарайды) Мына сөзіңді біреу естімесін! Әйтпесе барлығымыз құримыз! Әсіресе әкеңе зияны тиіп кетуі мүмкін! (Сосын сәл ойланып, залға қарап тұрып)
— Ее, е балам-ай! Жаңағы айтқан орыс атаңнан да керемет тұлғалар бар қазақта! Он сегіз тіл білген. Орекеңдерді өз білімдерімен он орап кететін аталар болған! Тек олар жайлы айтуға тиым салынған! Олар әзірге халық жауы аталып жүр. Бір күн келер, жас ұрпақ олардың есімін ешкімнен қорықпай айтатын уақыт жетер!
Бексұлтан:
— Анашым, нда маған олар туралы айтып беріңізші...? Мен ешкімге айтпаймын!
Анасы:
— Жақсы ботам! Ұйықтарда айтып берермін!
Бекнұр:
— Анашым, Алаш зиялылары жайлы ініме білу әлі ерте емес пе? Азы ғана ақталды ғой? Біреу-міреу біліп қалса... ана жаққа сыбырлап қоймай ма...?
Анасы (Жігерлі дауыспен):
— Мейлі! Сыбырлай берсін! Бұл күн де өтер! Жаңа заман туар! Сендер қорықпай төл тарихымызды мақтан етерсіңдер!
(Осы кезде сырттан):
— ...баева! Жұмысқа! Неше минутқа сұранғаныңды ұмытып қалдың ба? Ұмытсаң есіңе саламыз?! Партсоветте мәселеңді қараймыз! Шық, кәне, жылдам! (Деген айқай естіледі)
Бекнұр:
— Анашым, бара беріңіз! Ініме өзім бас-көз боламын!
Анасы:
— Жақсы құлындарым! Комсомолға бүгіннен қалмай қабылданатын бол! Әйтпесе, білесің ғой... Оқуға түсуің керек...
Жақсы, жарайды! Мен кеттім... (ұлдарының беттерінен сүйіп, жылдам басып шығып кетеді. Сырттан: Бол, бол! Жыбырламай тез жүр! — деген өктем дауыс естіледі)
Бекнұр:
— Алашым туса екен азаттығың,
Бітсе екен дәл мынадай азап күнім!
Өз еркің өзіңде жоқ, не таңдау жоқ...
Қазағым ашындырды сорлылығың!
Құл болып колхоз бенен софхозына,
Жаралған елміз бе тек мал бағуға?
Жолатпай астанаға, далаға айдап,
Әйтеуір барын салады, оқытпауға!
(Осы кезде Бексұлтан қалтасынан бір қағаз алып, ағасына ұсынады)
— Аға, сабыр етіңіз! Армандаған азаттық та туар. Алшаң басып тәуелсіз елде жүрерміз әлі..?! А, айтпақшы ұмытып кетіппін ғой?! Мынаны сізге бір аға беріп кетті...
(Қағазды оқыған Бекнұр, жан-жағына қорқақтай қарап)
— Кім...? Кім берді бұл хатты..?
— Жүріңіз! Ана жақта!
(Екеуі сахнадан кетеді. Рухты ән айтылады)
11.11.2021
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі