Өлең, жыр, ақындар

Қар мен мұз

Қақаған қыс кетіп, аяңдап көктем келген кез. Күн шуағы жер бетін емірене өбеді. Айнала ес жиып, етек-жеңін түзеуге кіріскен. Үй төбесіне жиналған қар да күн нұрына  бөленіп, керіліп-созылды. Кешікпей жіпсіп, ери бастады. Сыздықтап суға айналып, төменге  тамшылады.

Қыс бойы жылтырап жүзін ғана көрсеткен Күн енді осы әуенімнен таймайын дегендей төмендеп кеп, кешікпей ұясына  батты. Осы сәтті күтіп тұрған  суық жел қаһарын қайта төгіп, өш алмақ болды. Ызғарын шашып, шеңгелін салмақ еді, бірақ, қауқары қалмапты. Арайлап таң атқанда құйрығын тақымына қысып, шегініп кете барды.

Күн қайта шықты. О, ғажап, кешегі тамшылап аққан су түнгі аязбен қатып, сүңгіге айналыпты. Нұрға шағылысып, биіктен тәкаппарлана қарайды. Қар болса шөгіп, босап, болжырап қалған, мүсәпір кейіпте.

Қасат қар сүңгі мұзға мейірлене қарады.

— Аманбысың, балам? — деді жұмсақ үнмен.

Мені «балам» деген кім екен деген Мұз, жан-жағына қарап еді, төбеде тұрған Қарды көрді. «Мынаның мені «балам» деуге қалай аузы барды?» деп, ойлады ішінен.

 — О, бейшара Қар, өзіңе бір қарашы, жатқаның анау, қарала-торала болып, еңсеңді көтере алмай. Ал мені қара, қанжар жүзіндей мың құбыла жарқыраймын... — деді сосын масаттанып.

Қар байғұс мына қорлыққа  шыдамады, ағыл-тегіл жылады. Бейшара халіне өкінді ме, безбүйрек баланың қылығына опынды ма, әлде күнім өтті деп налыды ма, кім білсін, кірпігінен жасы сорғалап, ұзақ жылады.

Қардың көз жасына көмілген Мұз бастапқыда міз бақпады. Күн ыси берді, ыси берді. Бір кезде мұз  жоғарыдан аққан сумен шайылып, өзінің жіңішкеріп бара жатқанын байқады. Байқады да, әлденені сұрамаққа жалт бұрылып, өр жақтағы Қарға қарады. Қар жоқ, орнында соңғы бір жұғындары ғана қалыпты. Мұз сонда барып өзінің Қармен тығыз қатынаста екенін, ол жоқ болса, өзі де жоқ екенін біліп, қатты өкінді. Әлгінде айтқан сөздері есіне түсіп, сан соқты. Өткенді өзгерте алмасын сезіп, қатты қайғырып, аһ ұрды.

— Қап, — деді өзіне ренжіп. — Бекер-ақ олай істеген екем.

Сөйткенше болған жоқ, гүрс етіп құлап түсті жерге. Көлшік судың үстіне түскен екен, тез еріп, топыраққа сіңіп бара жатты.


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз