Өлең, жыр, ақындар

Көтбай мерген

Есім төре бай адам болған. Оның жылқысының түсі бірдей кілең теңбіл шұбар болған. Ал мыңғырған мына жылқылар оның бәйбіше әйелінің төркінінен келген бір буаз байталдан тарапты дейді. Бұның қаншалықты шындыққа жанасатынын кім білсін. Әйтеуір төренің маңындағы адамдардан қорқып, ешкімнің де оның жылқысын барымталауға батылы жетпеген сияқты. Төре солардың ішінде әсіресе Көтбай мергенге қатты сенген. Көтбай мергендік өнерді табиғат бойына ерекше дарытқан адам болса керек.

Жасынан мергендігімен көзге түскен оны Есім төре өз маңына шақырып алып, өмірінің соңына дейін бірге болыпты. Көтбайды кезінде көргендер де немесе ол туралы естіп білгендер де оның мергендігінде ерекше қасиет ерекше қасиет бар еді деп айтады. Ол жатса да, тұрса да, қайда жүрсе де мылтығын тастамаған. Оның бір ерекшелігі — қарауылға алған нәрсесін көздеп жатпай, қолындағы мылтығын жалма-жан шешіп ала салып, қолын көтере бере атып қалады екен. Атқан оғы ешқашан мүлт кетпеген. Қалаған жеріне дәл тигізген.

Бірде Есімнің бір топ жылқысын белгісіз біреулер айдап кетеді. Қолды болған жылқының қарасы көп болса керек. Есім төре Көтбайды шақырып алып, өзіне керек еткен жігіттерін ертіп барып малын қайтарып әкелуді тапсырады. Ұрланған жылқының ізі де, құмалақшының сөзі де шығысқа Қытайдағы қызай еліне айдап бара жатқанын көрсетеді. Көтбай қасына көп қуғыншы алмай, Есімнен тек Ыбырайым молданы ғана қосып беруді сұрайды.

Арада біраз уақыт өткеннен кейін Көтбайлар бір қырқаға жақындап қалған жылқыларды байқайды. Сол кезде Көтбай атының басын тартып, жанындағы жолдасына қарап:

— Ал, Ыбырайым, ұрланған малдың қарасы көрінді. Менің болжауымша, ана кетіп бара жатқандар осы барымташы топтың басшылары. Біз алдымен соларды тоқтатуымыз керек. Ол үшін әуелі жылқыны айдап бара жатқандарға жетіп, өзіміздің кім екенімізді айтайық. Менің атымды естіген қуғыншылар ары қарай жылжи қоймас. Осы сәтті пайдаланып қырқаның тасалау жерімен арғы бетіне өтейік те, жасырынып жатып топ басшыларының көзін құртайық. Оларды атуын мен атайын, сен маған мылтықты оқтап беріп тұр, — дейді.

Өзара осылай келіскен олар алға ұмтылып, жылқы айдағандарды қуып жетеді де, Көтбай оларға: «Ей, азаматтар, жылқыны қуғанды тоқтатыңдар, мен — Көтбай мергенмін», — деп айқай салады. Оның атын естіген барымташылар не істерін білмей, сасып қалады. Мергеннің аты оларға расында бұрыннан таныс болса керек. Осыны пайдаланып Көтбай мен Ыбырайым қырқаның екінші жағымен ары асып түсіп, қалың бүргеннің ішіне жасырынып үлгереді. Бұларды байқап қалған барымташылардың басшылары да қасындағы жігіттерімен бірге қырқаның үстіне шыға келеді. Міне, осы сәтті күтіп тұрған Көтбай мен Ыбырайым «дәуде болса, басшысы сен боларсың?» деп ортадағы жуан сарыны оққа байлайды. Ежелгі әдеті бойынша Көтбай оны көздеп жатпай-ақ атып салады. Ол өкіре барып ат үстінен құлап түседі.

Басшысынан айырылған барымташылар артық әрекетке бармайды. Жылқыларды тастап, өліктерін артқа өңгеріп еліне қайтады. Ал Көтбай мен Ыбырайым молда қолды болған жылқыны айдап, ауылға оралады. Алайда іс мұнымен бітпейді. Қазақта ердің құнын даулау деген дәстүр бар. Қызайлықтар да сол дәстүр бойынша оққа ұшқан азаматына құн сұрайды. Сөйтіп, екі ел арасында құн дауы басталады. Ол баяғы қуғыншылардың басшысы оққа ұшатын қырқаның үстінде өтеді. Дауға екі жақтан да сөзге шешен билер және көптеген адамдар қатысады.
Сол дауға Есім ауылының азаматтары Көтбайды босқа басын қатерге тікпесін деп жібергісі келмейді. Оның орнына мергеннің киімдерін кигізіп, бір қойшы жігітті әкеледі. Бірақ басқа біреудің өзі үшін жазықсыз жапа шекпеуін ойлап, бұл дауға Көтбай да қатысады.

Дау басталар кезде қаза тапқан жігіттің елінен келген қызайлықтар да төбенің басынан орын алады. Солардың ортасын ала қолында ұзын сапысы бар етжеңді, толық келген бір қара әйел де «уһ» деп сапысын таянып отыра бергенде, оның темір жүзі сабына дейін түгел жерге кіріп кетіпті.

Дау басталды. Сол кезде әлгі қара әйел көпшілікке қарап:

— Уа, құрметті жамағат, аузы дуалы билер! Мен оққа ұшып өлген азаматтың анасымын, дау басталар алдында менің сіздерге айтар бір өтінішім бар, менің баламды атып өлтірген адамды алдыма әкеліп бір көрсетіңдерші, қандай кісі екенін көрейін? — депті. Сонда Есім төре жағы әдейі дайындап қойған қойшыны көрсетіпті. Оған риза болмаған ана:

— Жоқ, мынаның қолынан менің баламды атып өлтіру келмейді. Бұл ол емес. Маған нағыз өлтірушіні көрсетіңдер? — дейді қызынып. Сол кезде Көтбай мойнына асынған мылтығымен көптің арасынан шыға келіп, ананың қарсысына тұрып:

— Балаңызды атып өлтірген мына менмін, атым — Көтбай, кәсібім — мергендік, — деген екен. Көтбайдың бет-жүзін көрген ана оған тесіле қарап:

— Қарағым, көзің қанталаған қып-қызыл екен, баламды өлтірген сен болсаң, боларсың, айбынды жүзің, асынған қаруың, жүректілігің мен батылдығың қорықпайтын ер екеніңді байқатып тұр. Мен баламды қайдағы бір ездің қолынан қаза тапқан екен деп едім, жоқ, өзі теңді ердің қолынан өлген екен. Барымташы болып барып, малын қайтаруды ниет еткен қуғыншының қолынан мерт болудың еш сөгеттігі жоқ. Анау үйірінен бөлініп, қуғынға түскен көп жылқы қаранікі ме, әлде төренікі ме, маған бәрібір, әйтеуір мал иесі сендерсіңдер ғой. Айдап қуа шапқан біздердікі тентектік пе, ол жағының төрелігін осы тұрған көпшіліктің өзі айтар. Мен мына алдымда тұрған жігіттің күнәсін кештім. Оның ешбір жазығы жоқ. Одан сұрар құным да, даулар дауым да болмақ емес. Осымен дау бітсін, өлер адам өлді, енді саған қара таңба баспай, ана ретінде шын пейіліммен бетіңнен сүйейін. Осы тұрған көпшілік нақ жүрегіммен шыққан ақ ниетімнің, адал сөзімнің куәсі болсын, — деп жігіттің бетінен сүйіп, арқасынан қағып, баурына басты. Оған қоса:

— Балам, артың құл болмаса да, жүн болар. Өйткені етігіңнің қонышы тар екен. Келешек өміріңде үш қатерге кездесерсің, әрқашанда сақ бол. Егер солардан сүрінбей өтсең, армансыз өмір сүрерсің, — деген екен.

Дау осымен бітіп, тарасқан соң өлген жігіттің ағасы өзі тіккен қазақ үйден дәм татып кетуге шақырады. Оның тілегін Көтбай қабыл алады. Сәлем беріп үйге кіріп келген Көтбайға үй иесі жанынан орын ұсынады. Сол жерге отыра берген мергенді әлгі жігіт сол қолымен періп жібергенде, ол есеңгіреп қалады. Бірақ есін тез жинап үлгірген Көтбай үй иесін оң қолмен соғып қалғанда, оның басы керегені тесіп, сыртқа шығып кетіпті. Көтбай оған қоса мойнындағы мылтығын жұлып алып, жігітті атпақ болып ұмтылғанда, ел араша түсіп, оны әзер дегенде аман алып қалады. Осыдан кейін өлген жігіттің ағасы Көтбайдың ерлігіне риза болып, онымен құшақтасып, достасады. Алайда, ол Көтбайдың мергендігін өз көзімен көрмек болып, ертеңінде топ алдында бір қойшының бөркін атып түсіруді өтінеді. Мерген мойнындағы мылтығын ала сала көздемей атып қалады, қойшы тұрған орнында құлап түседі. Қарап тұрған көпшілік оқ жігітке тиген екен деп ойлайды. Шындығында оқ оның бөркін тесіп өткен екен. Ал өзі қорыққаннан құлапты. Өлген жігіттің ағасы мен Көтбайдың бұл шайқасы оның басына төнген бірінші қатер еді.

Екінші қатерге Көтбай аңда жүргенде тап болады. Ол атын ағашқа байлап, атқан аңын алайын деп сайға түссе, қаптаған шүйебөрі қасқырлар әлгі аңның етін талап жеп жатыр екен. Енді олар жақындап қалған Көтбайға тап береді. Қашып бара жатып мерген өзін қуып жетуге жақындап қалған шиебөрілердің бірнешеуін атып өлтіреді. Ақыры байлауда тұрған атына жетіп, әзер дегенде жан сақтайды.

Үшінші қатері алдағы екеуінен де қиын, өте қауіпті жағдайда өтеді. Тағы да аң аулап жүріп, бір маралды атып алады да, оны сойып, бір жілігін етінен сылып тастап, оны жұдырығымен соғып сындырып, отқа қақтап майын ерітіп ішеді. Одан ары ас дайын болғанша ұйқыға басады. Жанындағы Нүсіп деген жолдасы бақыр асып, ет пісіріп отырады. Сол кезде басы жұдырықтай, ұзындығы құлаштай бір қара жылан оларға жақындап келіп, Нүсіпке тиіспей тура Көтбайға қарай тартады. Оның әуелі сол аяғынан бастап кеудесіне өрмелеп шығады да, одан соң аяғымен төмен түсіп, жорғалап қайтадан көтеріледі. Тура кеуде тұсына жеткенде басын көтеріп алып ысқырады. Содан кейін ашық жатқан Көтбайдың аузына басын сұғады. Нақ осы сәтте мерген оның басын қыршып алып, түкіріп тастайды. Оның бұл қылығынан ат та шошиды, адам да қорқады.

Оқуға кеңес береміз:

Қойсары батыр


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз