Өлең, жыр, ақындар

Қарға Шаһизат

Ілгергі өткен ерте заманда өте даулетті бай болады. Есігінің алдында бірнеше малайлары, құлдары болған. Малы орасан көп болған. Бай алпыс үшке жеткенше бала көрмей, бір перзентке зар болған. Үш әйел алады, үшеуінен де еркек кіндік болмайды. Бай алпыс үшке келгенде төртінші өйел етіп, бір кедейдің қызын алады. Тоғыз ай, тоғыз күн өткенде әйел екі қабат болады. Бай қуанып, ел-жұртын жинап:

— Менің әйелім ұл перзент таба қойса, менің жүрегім жарылып кетер, әйелім туғанша тағат етіп отыра алатын емеспін. Сондықтан маған ерем дегендерің соңыма еріңдер, мен үлкен кеме жасап су арқылы жер жүзін кезгім келеді, — дейді.

Ел-жұрты айтқанын кабыл алып, ұсталарды жинап қырық күн ішінде ішіне елу кісі кететін кеме істеп, бейсенбі күні түстен кейін кемені суға салмақ болып, бай құдайы қылып, ел жұртымен қоштасып елу кісімен кемені суға итеріп салайын деп жатқанда бір қара қарға ұшып келіп, кемені суға салдырмайды.

— Мені балаңа ортақ қылсаң, кеменді суға салдырам, — дейді. Бай жолынан қалмас үшін «балама ортақ қылам» дейді. Балама ортақ қылам деген соң, қара қарға да ушып кетіп қалады. Сонымен бай кемесін суға салып жүріп кетеді. Бірнеше күн, айлар өтеді. Ай толып, байдың әйелі арыстандай бір ұл табады. Елі жиылып неше күн ойын, неше күн той қылып, баланың атын қояды. Байды іздеп сүйінші алуға жұрт асығады. Күні-түні теңізді аңдиды. Байдан хабар болмайды. Бірнеше жылдар өтеді. Бала қара табан болып, бес-алты жасқа жетеді.

Ел-жұрты байдан, қасындағы жолдастарынан күдер үзеді. Он шақты жылға дейін хабар болмайды. Бала он төрт он беске келеді.

Бір күні бала шешесінен:

— Менің әкем қайда? — деп сұрайды.

Шешесі болған істі бастан-аяқ баян етеді. Бала ел-жұртын жиып, қасына қарулы, әдісшіл бірнеше жігіт алып, әкесін іздемекші болады. Елін жиып кенес құрып жатқанда он бес кісімен азып-тозып жаяу, табандары кесіліп, көрмеген қорлығын көріп, бай еліне келеді. Жұрты алдынан шығып сүйінші сұрап, байды қуантады. Бай баласымен көрісіп, жүрегі жарылғандай қуанып, қайтадан қырық күн ойын, қырық күн той қылып шерін тарқатып, мұнша жасқа келгенде ұл перзент бергеніне құдайға тәубә қылып, жетім-жесірге қарап, қолындағы барлық құлына бостандық береді. Бала балалармен асық ойнап жүре береді.

Бір күні бір баланың асығын зорлықпен жығып салып тартып алады. Астында жатқан бір таз қу бала екен.

— Сенің, біздің елде не жүмысың бар? Сенің әкең қарға Шаһизат, біреудің елінде жүріп бүйтесің. Еліңе кет, қаңғырған неме, — дейді. Бала үстінен түседі де, үйіне жылап жүре береді. Әкесіне келіп:

— Менің әкем кім? Мен әкемді іздеймін. Бұл елде тұрмаймын, — дейді.

Әкесі өткен істі жылап отырып баян етеді. Бала Қарға Шаһизатты іздемекші болады. Бай ел-жұртын жиып, балаға неше күндік асын беріп, астына өзінің сүйген атын беріп «шылауыңды қаусал ағзам, періштелер қолдасын, бабаларым жар болсын» деп, еңіз-теңіз болып, батасын беріп баланы ат тандырады.

Бала қару-жарақ асынып, ел-жүртымен амандасып, жолға шығып кетеді. Сонан бала неше күн, неше түн жүріп отырып, бір күндері бір үлкен шаһарга кез келеді.

Шаһардың шетінде бір данышпан адамға кездеседі. Жөн сүрасады. Данышпан адам:

— Бұл жылан патшасының шаһары. Бір жақтан келген бөтен адамды біледі. Ордасына апарып, көп жыланның ортасына қояды. Біреуі мұрныңнан, біреуі аузыңнан кіріп, мойныңа оралып, тұла-бойыңды аралайды. Ол кезде тіпті қимылдамағайсың. Өйткені сені арбап жүреді, Егер қимылдасаң, өлгенің, — дейді.

Сонымен бала ордаға келеді. Хан шақыртып алады. Хан кішкентай жіңішке ақ жылан екен. Алтын табаққа салып, айдаһар басына көтеріп жүреді екен. Баланы апарып көп жыланның ортасына кіргізеді. Біреуі аузына, аяғына, құлағына, мойнына кіріп, оралып жүреді. Бала қозғалмай тұрады. Қозғалса, өлетінін біледі. Бала жыланнан аман-есен құтылып, бағанағы жолыққан кісіге келеді. Не қылып ел кезіп жүргенін бастан-аяқ баян етеді. Жаңағы кісі:

— Ол қарға Шаһизат осы жерден жақын. Ол кезеп хан. Алдына барған кісі аман қайтпайды. Барғаныңмен өліп кайтасың, — дейді.

— Сен жап-жас бала екенсің, саған мен бір жақсылық қылайын, айтқанымды орында, — дейді.

Бала әбден болады дейді. Қуанғаннан астындағы атын түсіп береді. Кісі:

— Қарға Шаһизаттың қырық қызы бар. Қырқынын қырық отауы бар. Күнде түсте қырқы қырық аққу болып, сәске түсте ұшып келіп, осы жақын жерде бұлақ бар, соған шомылады. Сол шомылғанда отыз тоғызы бір де, жалғыз біреуі белек түседі. Сен амалдап сол жалғыз түскен қыздың киімін түсіріп алсаң, ісіңнің орындалғаны, — дейді.

Бала қуанып таңертең барып, қыздардың суға түседі-ау деген жеріне барып аңдып жатады. Сәске түс бола берген кезде қырық аққу шырқ айналып келіп, бұлақка қонады. Отыз тоғызы бір түседі де, бір аққу бөлек түседі. Бала андып жатып, шешініп суға шомылған кезде жүгіріп келіп киімін баса қалады. Басқалары адамды көріп үшып кетіп, жалғыз өзі қалады. Жаңағы қыз:

— Ей, адамзат, киімімді бер. Саған да бір жәрдемім тиер, егер мен керек болсам қырық бірінші отаудан мені тап, — дейді. Сосын бала киімін береді. Қыз киінеді де, аққу болып ұшады да кетеді.

Бала күн батқанша асығып, күн батқан кезде қатар тіккен қырық отаудын күншығыс шетіндегі жеке отауға кіріп келсе, ай десе аузы, күн десе көзі бар, шашы жерге тиіп көзі жарқырап баяғы қыз отыр екен.

Бала қарға Шаһизатты іздеп келе жатқанын, неше ай, неше жыл іздеп азап шеккенін айтады. Қыз жақсылап күтіп, жайлы төсекке жатқызып балаға рахымы түседі.

— Менің әкем — Қарға Шаһизат. Алдына келген адам сау кетпейді. Сен ертең азанмен ханға барып сәлем бер. Келгеніңді баян ет. Саған не айтады, не тапсырады, бұлжытпай, ұмытпай маған баян ет, — дейді.

Бала таң алакеуіммен ханның ордасына аяндайды. Рұқсат алып патшаға тағзым етіп:

Ассалаумағалейкүм, Алдияр тақсыр ханымыз,
Құтты болсын, ей, шаһым, саясатты тағыңыз.
Артылсын деп тілеймін, Күннен күнге біз ғарып,
Бастағы дәулет бағыңыз, — деп, алдиярлап келген жайын баян етеді.

Патша:

— Олай болса, сен ақиқат менің балам болсаң, мен сынайын. Жұмыс тапсырам. Соны орындайсың, — дейді.

Бала:

— Құп болады, — деп тәжім етеді. Патша:

— Екі шаңқан боз түрі де бір, түсі де бір. Соның анасы қайсы, баласы қайсы айырып бер. Соны айыра алмай жүр едік, — дейді.

— Егер тапсаң, анықтап баласы дегенінді оң қолыңа, анасы дегеніңді сол қолыңа ұстап, шатастырмай алып кел. Егер таба алмасаң жаныңнан безе бер, — дейді.

Бала иығы түсіп, екі биені жетектеп жасырынып қызға келеді. Ханға айтқанын баян етеді. Екі шаңқан бозды тапсырғанын, содан жәрдем болмаса өлетінін айтты.

Қыз:

— Сен екі күнге ханнан мәулет сұра! — дейді. Бала ханға барып тәжім етіп, екі күнге мәулет алып келеді.

Қыз:

— Сен бұл екі атты таң асыр, қалың киіз жауып қараңғы кебеге байлап суын ал. Ертеңіне дейін шөп берме. Күн толған соң, бір уыс жоңышқа алып әуелі біреуіне, екінші рет біреуіне бер. Сонда біреуі оқыранып, тепсініп шыдап тұра алмас. Соны баласы, үндемегенін анасы де де, алып барып бер, — дейді.

Бала айтқанын істеп ертең азанда, «мынау-анасы, мынау -баласы» дейді де, алып барып береді. Хан екінші рет:

— Сен бүгін түніменен бір үлкен шаһар орнат. Ішінде гүлдер болып, бұлбұл сайрап, бұлақ ағып таң-тамаша қылғандай болсын, — дейді.

Бала:

— Құп! — деп тәжім етіп кетеді. Қызға амалдап келіп жолығады. Тапсырмасының бәрін айтады. Қыз тепсініп-ақырып жерді теуіп-теуіп жібереді. Жұмысқа мойымайтын дәулер толып кетеді.

Қыз:

— Ертең алакеуімге дейін пәлен саржын жерге шаһар салып, ішінде бұлбүл сайратып, бау-бақшалар орнатып, таң-тамаша қылатын шаһар салындар, — деп бұйырады. Қыз бен бала жата береді.

Бала таңертең тұрып караса, бір шаһар орнатқан. Адам қарап тұрғандай. Бұрынғы қарға Шаһизаттың шаһарынан сәулетті, өте сұлу. Бала қуанып, азаннан патшаның ордасына аяңдап барып, тәжім етіп:

— Айтқаныңызды орындап келдім, — дейді.

Патша:

— Апырмай, нағып орындадың! Мынау кісінің қолынан келмейтін нәрсе еді. Бұл жалғыз кіші қызымның қолынан келетін еді. Онымен қалай жақын бола қойды, — деп ойлап, хан уәзірін ертіп, жаяулап салынған шаһарды аралап, таң-тамаша қалып, кешке әрең ордаға қайтады.

Патша:

— Енді, балам, бір буын қамыс берем. Осының басы қайсы, түбі қайсы. Соны тауып кел, — деп қолына бір буын қамыс береді. Бала қамысты алып қызға келеді.

Қыз:

— Енді бір буын қамыс берсе, жұмысыңның оңайланғаны, — дейді.

— Қамысты аспанға лақтырсаң әуелі келіп түбі жағы түседі. Сол жағынан ұстап алып барып бер, — дейді.

Бала қамысты жоғары лақтырып, жерге түскен жағын ұстап, ертеңіне апарып береді. Патша:

— Таптың, айтқан жерден шықтың. Қырық қызым бар. Соның біреуін таңда да ал. Сөйтіп өзіме уәзір бол, — дейді. Бала патшаның айтқанын қызға айтады.

Қыз:

— Ертең патша жұртын жияр, қырық қызды бірдей киіндіріп, беттеріне перде ұстап қатар қояр. Сен сол кезде қайсыны аларыңды білмей сасарсың. Сол кезде мен ғаріп оң өкшемді қимылдатармын. Сен осы қызды ұнатам деп айрылмағайсың, — дейді.

Ертең азанда жүртын жиып, қырық қыЬды қатар қойып, балаға:

— Таңдағанынды ал! — дейді.

Бала ол жағына бір шығын, бұл жағына бір шығып, аяқтарына қарап жүрсе, қыз ортасында бір өкшесін қимылдатып тұр екен. Бала келеді де:

— Осы қызды ұнатам, — дейді.

Патша сөзден танады:

— Бұл әкемнің кенжесі, қарындасым еді. Мұнан басқасын таңдап ал, —дейді. Бала:

— Бұл қызды бермесең, алмаймын, — дейді.

Сонымен ертең және таңдамақшы болады. Бала кешіне қызға келеді:

— Ертең менің орныма басқа қыз қойып, мені қотыр баспақ қылып, күн шуаққа байлап қояр. Мен күн шуақта жаланып тұрармын. Сол кезде сен қыздарды ұнатпа да, сол қотыр баспақты бер деп патшадан сұра, — дейді ол.

Ертең азанда патша жұртын жиып, қырық қызын қатар қойып, баланы жібереді. Бала әрі-бері жүріп:

— Сіз маған қызыңызды бермесеңіз, мен еліме қайтамын. Маған әне бір қотыр баспағыңызды беріңіз, күнге кептіріп жол азық қылайын, — дейді.

Патша:

— Жоқ, ойбай, әкемнен қалған жалғыз баспақ, оны беріп әкем жүзін көре алмаймын, — дейді.

Бала:

— Оны бермесеңіз, мен қызыңызды ала алмаймын, — дейді. Патша хұзратын тарқатып, уәзірлерімен кеңесіп, баланың біліміне ырза болып, кіші қызын беріп, неше күн ұлы той қылып, баланы өзінің орнына хан көтеріп, өзі тәубе қылып, баланың хандық құрған қызығын көріпті. Сөйтіп бала бір қыздың білімінің арқасында бір елді билеп, неше жыл хан болып дәурен сүріп, мұратына жеткен екен.


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз