Өлең, жыр, ақындар

Нан батыр

Сонау бір атам заманда, Тобықбай деген бір мерген болыпты. Тобықбайдың әйелі өмірі бала көтермепті. Өзі момын, адал адам екен. Мұның баласының жоқ болғанына барлық ел аяныш етеді екен де, өзін жақсы көреді екен. Баланың зары өткен Тобықбай күндердің бірінде әйеліне:

— Мен үш айлық сапарға аңға шығам, қайтып келгенімше бала тапсаң таптың, таппасаң, сені қоя беріп, басқа әйел алам. Бала болғанда да ұл бала тауып бер! — депті де, сапарына кетіпті.

Ерінің жарлығын қалай орындаудың жолын таба алмаған әйел қатты қысылады. Зарланып жылайды. Бір күні нан пісіру үшін илеген наннан бір баланың бейнесін жасайды да, сырттағы жер ошаққа от жағуға шығады. Отын тамыза алмай, үрлеп жатқанда:«Балаң жылап қалды, балаң жылап қалды!» — деген дауыс естіліпті оған. Артына жалт бұрылып қараса, киіз үйдің күлдіреуішінде бір кішкентай құс отырғанын көреді. Әлгі: «балаң жылап қалды» деп отырған сол бақыт құсы екен.

Мұның не сұмдық екеніне көзі жетпеген әйел жүгіріп үйге кіреді. Үйіне келсе, әлгі бала ғып жасап кеткен наны жоқ, оның орнында аппақ сазандай бір ұл екі өкшесінен жер тепкілеп жылап отырады. Әлгі нан балаға айналып кетіпті. Әйел: «Құдайдың бергені, бақыт құсым менің!» — деп баланы бас салады. Сол кезде әйелдің өмірі тамшы тамбаған омырауынан сүт сорғалап қоя береді.

Межелі мерзімі болғанда, Тобықбай үйіне оралады. Куанышы қойнына сыймай жүрген әйел:

— Бұйрығыңды орындадым, міне, балаң! — деп аппақ сазандай ұлын ұсынады. Тобықбай бұған сенбейді.

— Сен шыныңды айт. Айналасы үш айдың ішінде сен қайтып бала таба қоясың, баланы біреуден сұрап немесе сатып, болмаса ұрлап алдың! — деп әйеліне сенбей, оны қатты қыспаққа алады. Әйел баста «өзім таптым» деп отырып алыпты. Оған Тобықбай сенбепті. Әйел ақыры баланың қалай жаралғанын айтыпты. Тобықбай бұған да сенбей қойыпты.

— Мен осы маңның барлық адамдарын жинаймын да, олардың қолына бірден қызыл алма беремін. Олардың арасына бөтен киім кигізіп, түсіңді бұзып сені де қосамын. Олардың бәрі алманы балаға ұсынады. Сонда бала кімнің алмасын алса, ол соның баласы болады. Осыған шыдаймысың? — деп әйеліне шарт қойыпты. Оған әйелі де: «Бақ тәуекел!» — деп бел байлайды.

Тобықбай сол айтқаны бойынша орындапты. Бала ешкімнің алмасын алмапты. Ең соңында өткен өз шешесінің алмасын қуана бас салыпты. Тобықбай да жүгіріп барып баланы бассалып, бетінен сүйіп алады. Содан тартып, баланы «өз балам» деп жақсы көреді. Оған бесік той жасап, елді жиып, Нанберген деп ат қояды.

Арада күн өтеді, ай өтеді, бала алыптай жігіт болып ержетеді. Нанберген он жастардан асқанда қайратты қайырымдылығымен, атақты мергендігімен ел көзіне түседі.

Сол кезде Шұрқанды деген тауды мекендеп жататын Темір батыр, Су батыр деген атақты екі мерген тұрады екен. Олар алысқанын алмай, көздегенін жықпай қоймайды екен. Нанберген ел ішінен осы аңызды естіп соларға баруды, солармен бірге тұруды арман етіп әке-шешесінен рұқсат сұрайды. Әкесі мен шешесі басында қатты қынжылып қайғырса да, кейін баласының талабын қайтарғысы келмей, азық-түлік жөндеп, баталарын беріп, жолға салыпты.

Нанберген алты ай, алты күн жол жүріп, іздеп шыққан батырларын табады. Көп кешікпей олармен достасып кетеді. Олар Нанбергеннің атын Нан батыр деп атайды. Бұл үш батыр аңнан басқа жан баспайтын Шұрқанды тауында аң аулаумен бірнеше жылдарды өткізеді. Олар қарағайдан іргесі жетпіс қабат, есігі жеті қабат үй салып алады. Олардың екеуі аңға кеткенде, біреуі үйде қалып тамақ пісіреді екен. Күндердің бірінде Нан батыр мен Темір батыр аңға кетіп, тамақ пісіруге Су батыр қалады.

Су батыр тайқазаннан етті былқытып асып отырғанда сырттан біреу келіп: «Әй, есігіңді аш!» — деп айқай салыпты. Әлгі дауыс жолдастарының дауысына ұқсамайды және олардың келетін уақыты болмағандықтан, есікті ашпайды. Сырттағы адам тағы да айқай салады. Ашпайды. Бір уақытта салдыр етіп қабат есік жерге түсіпті. Су батыр жалт қараса, бойы бір қарыс, сақалы жеті кез аппақ қудай шал кіріп келеді.

Әлгі шал келісімен-ақ, Су батырдан қазандағы етті сұрайды. Су батыр: «Бермеймін!» — депті. Шал мырс етіп бір күліпті де, Су батырдың бір аяғымен желкесінен басып тұрыпты да, етті сүйек-саяғымен сыпырып-сиырып жеп алып жүре беріпті.

Су батыр бұл ғажапқа қайран қалып отыра беріпті. Қас қарая аңға кеткен Нан батыр мен Темір батыр келіпті. Келсе, қазанда еш нәрсе жоқ, өңі қашқан Су батырды көреді. «Ой, ет қайда, не болды саған?» — деп сұрайды.

Су батыр оларға болған оқиғаны айтып беріпті. Бұған Темір батыр мен Нан батыр күліп: «Жұдырықтай шалға күйің жетпей ме?» — деп жата келеке етіпті.

Ертеңінде үйде Темір батыр қалыпты да, ана екеуі аңға шығыпты. Есікті түнімен жасап, бұрынғысынан да берік етіп қойыпты.

Екеуін аттандырып жатып Темір батыр Су батырға кешегі шал келсе, ұрып жығып байлап қоятындығын айтты, аналар да сөйтуді талап етті.

Темір батыр етті асып қойып, шалдың келетін мезгілін күтті. Түс ауған мезгілде: «Есік аш!» — деп бақырды шал. Темір батыр есікті ашпады. Ашуланған шал есікті бір-ақ теуіп кіріп келді. Оның түрін көрген Темір батыр күліп жіберді. Ол Темір батырдан: «Етті бер!» — деп ым қақты. Темір батыр еттің, сылынып қалған сүйектерін берді. Шал оны жеп алып, тағы сұрады. Темір батыр шалға ет бермейтіндігін айтты да: «Үйден шық, әйтпесе, басыңды аламын!» — депті шалға кіжініп. Шал: «Бермесең, тартып жеймін!» — деп Темір батырды бассалыпты. Екеуі жата кеп алысыпты. Ақыры шал Темір батырды алып ұрып, бір аяғымен желкесінен басып тұрып, тайқазандағы етті сыпырып-сыпырып жеп кете беріпті. Күндегі уақытында аңшылар да келіпті. Келсе, уақиға кешегідей, күлбеттеніп Темір батыр отыр. Ол сескенген раймен:

— Шалға дүниеде ешқандай күш тең болар емес, оны жеңеміз деуге менің көзім жетпейді. Бұл бізге бір пәле болды. Аманымызда осы өңірден кетейік, — депті ана екеуіне. Үрейі ұшқан Су батыр да мұның сөзіне қосыла «кетейік» депті.

Шалдың аналар айтқан бойына, мыналардың қорыққан ойына сенер-сенбес болған Нан батыр мырс етіп бір күліп, әлгі екі жолдасына мынадай депті:

— Сендер рұқсат етсеңдер, сол шалмен мен де бір рет айқасып көрсем! — деп тілек білдіріпті. Бұрын бұлар өзара күш сынасып көрмеген екен. Нан батырдың бұларға қарағанда жасы да, денесі де кіші екен. Оны көзге ілмеген ана екі батыр Нан батырдың қойған талабына күліпті де: «Біздің әліміз жетпеген алыпқа сен не қайрат көрсетесің, етпен қосып өзіңді жеп қояды. Осындай басымыз аманда кетейік», — депті. Бұған Нан батыр болмапты. «Мақұл, өз обалың өзіңе!» — деп екеуі сүле-сапа мақұлдапты да, үшінші күні кезек бойынша Нан батырды қалдырып, екеуі аңға кетіпті.

Дәнігіп алған шал дәл мезгілінде тағы жетіпті. Әдетінше «Есік аш!» — деп бақырыпты. Нан батыр жеті қабат есікті түгелдей ашып беріпті. Шал үн-түн жоқ үйге кіріпті де, ет сұрапты. Нан батыр бір жапырақ ет алып беріпті. Шал оны қағып жіберіп және сұрапты. Нан батыр оған және бір еті сылынған қабырға беріпті, оны да жеп алып, тағы сұрағанда, Нан батыр шалдың шап беріп сақалынан ұстай алып: «Үйден шық!» — деп ақырыпты. Шал ашуланып, алыса түсіпті. Ақырында Нан батыр шалды алып ұрып, сақалынан сүйреп үйдің артындағы бір жуан бәйтерекке байлап қойыпты. Өзі үйге келіп, қаннен-қаперсіз етін асып отыра береді.

Нан батыр кешке аңнан келген екеуіне шалды ұстап алып, сақалынан байлап қойғанын айтыпты. Аналар оған сенбепті. Үшеуі етке сілейе тойып алып, шалды көруге барса, шал әлгі бәйтеректі бүкіл тамырымен жұлып алыпты да, сүйреп қашып кетіпті. Ана екі батыр шалдың қолға түскеніне сеніпті. Нан батырдың күші өздерінен артық екенін де мойындапты.

Үш батыр үш желмаяға мініп, бірден алып шалдың ізіне түсіп қуалапты. Қуа-қуа үш ай, үш күн дегенде, шалдың бәйтеректі сүйреп жердің бір жарығына індегенін көріпті. Әлгі жердің жарығынан үңіліп қараса, түпсіз шыңырау екен. Үшеуі «сен түс, сен түс», — деп недәуір тұрыпты. Ана екі батыр қорқып түспеген соң, Нан батыр өзі түсіпті.

Қолына қылыш алып, беліне арқан байлап, жердің астына қарай сапар шегіпті.Екі батыр арқанға арқанды жалғай беріпті. Жүз қырық арқан жалғағанда жер түбіне зорға жетіпті. Жердің астына түссе, жер асты кесілген бір күмбез екен, күмбездің іші толған бойы бір қарыс, сақалы жеті қарыстар екен. Олар Нан батырға қаптап шабуыл жасапты. Бірақ Нан батыр оларды түгелдей жайратыпты. Күмбездің ішін аралап жүрсе, бір жерден бір темір есік кез болыпты, әлгі темір есікті ашып қалғанда, көздері жаудыраған адамдар есік ашылғанда:

— Мен арық, сен семіз, мен арық, сен семіз, — деп шұрқырай жөнеліпті, Бұған таң болған Нан батыр:

— Бұл не қылғандарың, ұқпадым? Мен жер үстінен келген адаммын, — депті. Сонда көгендеулі жатқан адамдардың біреуі басын кеките көтеріп:

— Осы жер астында жасайтын бойы бір қарыс, сақалы жеті кез бір адам бізді жер бетінен алып қашып әкелген еді. Күніне он шақтымызды сойып жейді. Біз сол себепті есік ашылған кезде бір күн де болса тұрсақ, жер бетіне аман шығатын бір амал бола ма деген үмітпен «мен арықпын» деп зарлаймыз. Олар семіз деген адамды алып кетеді де, сойып жейді, — дегенде, Нан батыр әлгі адамдарды түгелдей көгеннен ағытып қоя береді де:

— Енді лажын тауып жер бетіне шығыңдар! — дейді. Ол тағы да аралап келе жатса, алдынан тағы бір есік кезіге кетіпті. Есікті ашып қалса, ішінде ай мен күндей толықсыған ғажап бір сұлу қыз көріпті. Қыздың қасында бәйтеректі сүйреп қашқан шал қисайып жатыпты. Нан батырды көрген шал тұра ұмтылыпты. Оның қолы тигенше болмай, Нан батыр басын қылышпен қағып жіберіпті. Әлгі қыз:

— Ағатай-ай, менің де жер бетіндегі адамды көретін күнім болады екен-ау! Мен Сабаз деген момын шалдың жалғыз қызы едім. Осылардың қолына түскеніме жыл болды. Құтқара көр, осылардан! — деп зар жылап, орнынан ұшып тұрыпты.

Нан батыр да сол жерде қызға ғашық болып қалыпты. Қыз да Нан батырды ұнатыпты. Екеуі өз еркімен қосылып, ерлі-зайыпты болуға уәделесіпті.

Бұл екеуі уәдесін әбден бекітіп, жер бетіне шыққан соң әке-шешелерінін рұқсатын алып, той жасап, қосылмақшы болады.

Нан батыр беліндегі арқанды шешіп қыздың беліне байлап:

— Сен қазір жер бетіне шығасың, ол жерде менің екі досым мені күтіп тұр. Өзің шығып болған соң, арқанды маған жібересің! — дейді. Қыз қуанып кетеді. Нан батыр «тарт» деп жер бетіндегі екі батырға айғай салады. Екі батыр қызды жіпке байлаған жапырақтай ала жөнеледі.

Әлгі екеуі арқанды ала шықса, Нан батыр емес, бір сұлу қыз. Қызға бұлар да ғашық болып қалады. Бұл екеуі қызға білдірмей: «Нан батыр жер бетіне шықса, бұл қыз бізге жоқ, сондықтан оны өлтіріп, қызды екеуміз ортақ әйелдікке алайық. Оны өлтіру үшін арқанды тартып келіп, орта беліне келгенде, кесіп жіберейік, сонда ол шыңыраудың түбіне бар салмағымен түседі де, өледі», — деп ақылдасады да, арқанды тас байлап түсіріп жібереді. Қыз еш нәрсені сезбейді. Көп уақыт өтпей зындан ішінен «тарт!» деген дауыс естіледі. Қыз қатты қуанып арқаннан ұстай алады. Темір батыр алдында тұрған қызға: «Сен менің арт жағымнан тарт», — деп артына шығарады да, өзі бір қолына өткір қылышын алады. Арқанның жарымына таянғанда қылышпен кесіп жібереді.

«Амал жоқ, арқан үзіліп кетті», — деп екеуі отыра қалады. Қыз: «Үзілген арқан үзігімен мені түсіріңдер, арқанды жалғап алып шығайық», — деп жалбарынады.

— Енді одан бұлт жуық, — дейді де, Шұрқанды тауындағы мекендерін тастап, басқа бір жаққа қоныс аударады.

Шыңырау түбіне бар салмағымен былш ете түскен Нан батыр ауыр жараланып, бір күн, бір түн дегенде есін жинады. Ешқандай амал таба алмай, тағдыры құрып отырғанда, әлгі өзі босатып жіберген адамдары келеді. Нан батыр оларға бастан-аяқ болған уақиғаны, өзінің қазіргі халін айтады. Олардың ішінде бір қарт оташы бар екен, Нан батырдың сынған сүйектерін таңып, үш ай дегенде қаз қалпына келтіріп, сақайтады.

Бұлар жер астынан түрлі қылыш, күрек сияқты саймандарды жинап жердің әлгі жарығынан қазып басқыш жасайды. Содан бұлар бір ай он күн дегенде жер бетіне шығады. Естерін жиып кеп отырады. Әрқайсысы өз жерінің мөлшерін айтып межелейді. Нан батыр бұлардың барлығына үйлеріне, ел-жұртына қайтуды бұйырады. Өзі кегін алу үшін Шұрқанды тауына бармақ болады. Аналар да оны жалғыз жіберуге қимай бірге жүрмек болады. Ақыры Нан батыр жалғыз кетеді. Қалғандары өздері келген жерлеріне тарасады.

Нан батыр Шұрқанды тауынан оларды іздеп таба алмайды. Жыл жарым уақыт өтеді. Бір күні жаяу сандалып келе жатса, бүкіл бір өңірді қайыстырып қалың мал жатады. Ең шетінен келіп, қой бағып отырған қойшыға жолығады да:

— Бұл кімнің қойы? — деп сұрайды амандықтан кейін.

— Бұл Темір батыр мен Су батырдың қойы! — дейді қойшы.

— Темір батыр мен Су батырдың қатыны бар ма, олардың үйі қайда? — деп сұрайды Нан батыр. Сонда қойшы ол екеуінің арасында бір қатыны барын, олардың отырған жерін айтып береді.

Қаһарына мінген Нан батыр қойшының көрсеткен жолымен тал түсте Темір батыр мен Су батырдың үйіне кіріп келеді. Екеуінің қызды ортаға алып шай ішіп отырған жерінен қылышпен басын қағып тастайды.

Әбден зарығып қайғы мен мұңда жүрген сұлу: «Нағыз сүйгенім, шынайы қамқоршым» — деп Нан батырды бас салады. Нан батыр да сағынып келген жарын құшып, ыза боп келген жауынан кегін алып, мауқын басады.

Әлгі қаптап жүрген малдарды Су батыр мен Темір батыр елден бұлап, талап алған мал екен. Нан батыр оны түгелдей иелеріне қайтарып беріпті. Тек қана өзінің сүйгенін алыпты да, еліне қайтыпты. Олар үйлеріне келіп тойларын жасап, екеуі де ата-аналарын бір жерге жиып, адал еңбектерімен оларды асырап, бақытты тұрмыс кешіпті.

Әлгі екі жортуылшылардың басы жолда қалыпты.


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз