Өлең, жыр, ақындар

Тапқыр тазша

Бұрын бір өткен заманда бір тазшаның әке-шешесі өліп, жетім қалыпты. Бір күндері ол тазша базарға барып, аралап жүрсе, бір жерде мұңайып отырған бір шалды көріп, қасына келіп отырыпты. Шал сұрайды:

— Не қылып жүрген баласың? — деп, сонда тазша жауап беріпті:

— Баласы жоққа бала болайын деп жүрмін, — деп.

— Ендеше балам жоқ еді, маған бала бола ғой, — деп, тазшаны ертіп, үйіне алып келіпті. Бір күн шал тазшаға айтыпты:

— Анау көрінген дарақтың басында ақсары деген құстың ұясы бар, сол ұяда құстың жұмыртқасы да бар, сен барып, құсқа білдірмей, астынан бір жұмыртқасын алып келші, — дейді.

Тазша «жарайды» деп жүгіріп барып, ағаштың бұтақтарын сылдыратпастан басына шығып, құсқа білдірместен бір жұмыртқасын ұрлап алып келіп, шал әкесіне беріпті. Сонда шал және айтыпты:

— Енді жұмыртқаны апарып, құсқа білдірместен ұясына салып келе қойшы, — деп. Тазша «жарайды» деп, апарып, құсқа білдірместен жұмыртқаны ұяға салып келіпті. Сонда шал:

— Жарайсың, балам, қолыңнан келеді екен, — депті.

Бір күні тазшаға өгей әке— шешесі былай депті:

— Анау көрінген үйде бізге ұқсаған бір шал мен кемпір бар, солардың бір қарын сары майы бар. Өздері де жемейді, кісіге де татырмайды және ұрыдан қорқып, түнде жатқанда, екеуі сары майын ортасына алып жатады. Балам, бүгін сонда барып, солардың сары майын ұрлап алып келші, — дейді.

Тазша «жарайды» деп, түнде жұрт ұйықтаған уақытта барып, кемпірменен шалдың үйіне кіріп, екеуінің аралығына кіріп, жата қалып, кемпір дауысына салып:

— Әрі жат, — деп, шалды шынтағыменен бір түртіп, бір уақытта шалдың дауысына салып, «әрі жат» деп, кемпірді шынтағымен бір түртіп, ақырында, сары майын алып жөнеліпті. Артынша ұзамай-ақ майды жоқтап, шал шығыпты. Шалдың өзі де жасында құдай ұрған бір қу тазша екен.

— Анау пәленше шалдың асырап алған бір таз баласы бар деп еді. Сол алып кеткен шығар деп, орнынан тұра сала жүгіріп, тазшаға көрінбей, бір жағыменен үйіне бұрын жетіп, қолына бір шелек алып, тазша үйіне кіре бергенде кемпірдің дауысына салып, шелекті тазшаның қолына ұстата беріп:

— Шырағым, майды маған бер де, мынау шелекпен бір шелек су әкеле қой, — десе, аңқау тазша бөтен адам екенін аңғармай, майды беріп, шелекті ала-сала суға жүгіріп кете беріпті. Шелекпен суды алып келіп, шешесіне «мә, су» деп берсе, шешесі:

— Мен саған су әкел дегенім жоқ қой, май әкел демедім бе? — дегенде бишара тазша алданғанын біліп, майдың иесі де заманында мен сияқты бір қу тазша деп еді, майын өзі алып кеткен екен, мен де жетіп барғанша, қайсымыз басым келер екенбіз деп, жүгіріп кете берді. Шалдың көзіне түспей, төтелеп жүгіріп, бұрын жетіп, басына бір ақ жаулықты орай салып, шалдың алдынан айқай салды:

— Тілеуі құрғыр, шал, қайда кетіп едің, ешкілеріңді қасқыр қуып кетті, жүгіріп жетіп, жылдамырақ қайырып, айдап кел, болмаса, қасқыр қырып кетеді ғой, — деп. Тазша кемпірдің дауысына салып сөйлеген сөзіне шал нанып, қолындағы сары майды, «ал, міне» деп, лақтырып тастап, ешкілерін іздеп жүре беріпті. Қу тазша шалды айдап жіберіп, майды алып, үйіне келіпті. Манағы шал о жақ, бұ жаққа жүгіріп, ешкіден дерек таба алмай, шаршап, сандалып қайтып, үйіне келіп қараса, ешкілері ап-аман үйінде жатыр. Шал байғұс алданғанын енді біліп, «қап» деп айтыпты.

— Өзім де жас уағымда осындай қулықты істеп едім, қартайғанда алдыма келгені ғой, — деп, ерте тұра сала тазшаның әкесіне айтыпты.

— Сенің тазшаң менің бір қарын сары майымды ұрлады, майымды қайтарып бер, болмаса, тазшаңды тоқтаусыз өлтіремін, — депті. Сонда тазшаның әкесі бұ шалға:

— Мен майыңды көргенім жоқ, егер анық тазшаның ұрлағанын білген болсаң, не қылсаң, о қыл, мен ара түспеймін, — депті.

Майын ұрлатқан шал қолына бір өткір балта алып, қалқандап жасырынып, көп қорымның ішіне барып, бір тесілген қабірдің ішіне кіріп, жасырынып жатыпты. Бұл шалдың қатыны еш нәрсе сезбеген кісі болып, манағы тазшаны шақырып алып:

— Шырағым, көп қорымда әкемнің моласы бар еді. Соған мына пісірген нанды апарып, жұмалық деп Құран оқып, басында отырып, жеп келе ғой. Сенен басқа балаларға сенбеймін, — депті.

Тазшаның қапелімде ойында еш нәрсе жоқ, «мақұл» деп, нанды алып, кете беріпті. Молаға барып, Құран оқып, нанды жеп отырғанда, бір көрдің тесігінен бір шал ербеңдеп шығып келеді. Қолында балтасы бар. Тазша таниды, кәдімгі ойнасып жүрген шалы екенін. Тазша оңайлықпен өле қойсын ба, шалдан бұрын қам қып, қолындағы балтасын жұлып алып, шалды қақ басқа бір салып, өлтіре салыпты. Сөйтіп, шалдың өлігін бір моланың тесігіне тығып, көме салып, ауылға қайтып келіп, манағы өлген шалдың кемпіріне айтыпты:

— Әкеңіздің көріне Құран оқып, нанды жедім. Әкең байғұс ұшпағы екен, жаны рахатта жатыр екен, — депті.

Бір күндерде бұл тазша ханның қазынасына кіріп, бір құмыра ділдәсін ұрлапты. Ертеңіне хан ділдә ұрланғанын біліп, барлық уәзірін, данышпандарын жинап ақылдасыпты, ұрыны қалайша тауып ұстауға болады деп. Сонда бір уәзір айтыпты:

— Қазынаның алдына белуардан бататын шырыш, желім толтырып қоялық, қараңғыда білмеген адам түсіп кетсе, шығып кете алмайтын қылып, осындай амалмен ұсталық, — депті.

Хан мен бәрі осы амалды мақұл көріп, айтқанындай қылып, даярлата беріпті. Қу тазша, қалайша білсе де, бұл кеңесті біліп алып, кешке таман әкесіне айтыпты:

— Кеше жалғыз барғандығымнан ділдәні мол ала алмадым, бүгін сіз де жүріңіз, екеуміз барсақ, молырақ аламыз, — деп, шалды ертіп ала кетіпті. Мұның себебі: түнеугі май ұрлатқан шалға: «мен ара түспеймін», — деп еді ғой, сол көңілінде дық болып қалған екен. Сөйтіп, әкесін алдына салып барып, шырыш желім толтырған шұңқырға түсіріп, өзі қашып, үйіне келіпті.

Таң атқанда ханның адамдары қараса, бір адам жығылып, шірішке жабысып қалыпты. Ханға хабар тигізсе, хан жұртына жар шақырыпты:

— Қазынамды ұрлаған ұрыны ұстадым, ертең дарға астырамын, халық біреуі қалмай, жиналып келіп, тамашасына қарап тұрсын, — деп.
Ханның бұл ойлаған амалы: дарға асылған адамды көргенде, кімнің көзінен жас шықса, сол адам мұның иә серігі, иә туысқаны болса керек, оны да дарға тарттырайын деген, мұны біліп, тазша шешесіне айтыпты:

— Ертең дар түбіне барғаныңда қолыңа бір шелек қатық ала бар, бәлкім, шалды көргеніңде көңілің босап, көзіңнен жас шығар, дарға жақындап барғаныңда өп— өтірік сүрініп— жығылған болып, көзіңнің жасын көргенде жасауылдар неге жылайсың деп, тергеп, сұрар. Сонда сен айт:

— Асырап алған жалғыз балам бар еді, соған берейін деп, базардан сатып алған қатығым[а] сүрініп кетіп, төгіліп қалды. Соған жылаймын деп айт, — депті.

Айтқанындай, ертең кемпір жұрт жиылғанда тазшаның айтқан қалпымен барып, әлгідей тергелгенде тазшаның үйреткен жауабын айтып құтылыпты. Хан мұнымен де ұрының кім екенін анықтап біле алмаған соң ойлап-ойлап, екінші амалды істепті.

Ханның бір бақырауық нары бар екен. Біреуі ұстамақ түгіл, маңына жақын барғанда дауысының барынша бақырады екен. Сол нарды далаға қойдырып, бірнеше аңдушы қойыпты.

Егер нар бақырса, атпен ұмтылып, ұрыны ұстамаққа. Тазша мұны да біліп, түнде қолына бір бау жоңышқаны жемекке ойланып, орнынан тұра келіп, жоңышқаға қарай жүрсе, тазша ақырындап, алыстай беріп, нар соңынан ере беріп, дауысы естілмейтін жерге барған соң, нарды ұстап апарып, бір тоғайдың қалың жеріне байлап тастапты. Ертеңіне ханның жасауылдары нарды таба алмай дағдарысып, ханға келіп, хабар беріпті.

Хан бұл амалы да бұйымға аспаған соң ойлап-ойлап, үшінші амалды тауыпты. Далаға бір отау тіккізіп, ішіне жақсы төсектер жайдырып, ішіне өзінің қызын жатқызып, жұртқа жар шақырыпты:

— Қызымменен кім сөйлесіп, махаббаты келсе, соған беремін, — деп. Сондағы амалы: егер сол ұры амалы көптігіне сүйеніп, қызыма келіп, қол салса, қыз қолына беріп қойған алмас қылышпенен қолын кесіп алып қалсын. Ертең шаһар адамдарының қолын тегіс көрдіремін, кімнің қолы кесілген болса, соны ұстатып, дарға астырамын, — деген.

Қу тазша бұл амалды да сезіп, түн ішінде жатып қалған бір қасапшыға барып, терезесінен дауыстапты:

— Ханға бір қойдың қарыны керек еді. Терезеден бере ғой, — деп.

Қасапшы ханға керек деген соң ұйқысын қимағанмен, лажы бар ма, бір қарынды алып, терезеден қолын шығарып, «мә, ал» дегенде тазша қолындағы алмас қылышпенен қасапшының қолын қарынан шауып түсіріпті.

Қарынменен екеуін ала жөнеледі. Әлгі қарынды суға толтырып, аузын байлап, оңаша отауда жатқан ханның қызына келіп, қасына жатып, көңілі бітіп болған соң «мен дәрет сындырайын» десе, қыз жібермейді.

— Сені тәуір көрем, жата тұр, — деп.

Тазша:

— Кетіп қалады десеңіз, менің қолымды ұстай тұр, — деп, қасапшының кесілген қолын қызға ұстатып қойып, қарынның бір жерін тесіп, суды шырылдатып ағызып, өзі кетіп қалыпты. Бір уақытта қыз «осы әлі сиіп болған жоқ па?» — деп, байқап қараса, ұстап жатқаны бір кесілген қол екен. Ертең тұра әкесіне айтыпты:

— Ұрыны ұстап едім, өз қолын өзі кесіп, қашып кетіпті, — деп. Хан жарлық қылып, шаһар адамдарының қолын түгендетсе, қолы кесілген қасапшы табылып, хан алдына алып келіп тергелгенде, көрген— білгенін айтса, хан мұның күнәсіздігіне сеніп, қоя беріпті.

Хан бұл амалы да бұйымға аспаған соң ойлап-ойлап, төртінші амалды тауыпты. Бір күн оңаша отауда өзі жатыпты. Егер ұры келе қойса, өзім ұстап алайын деп. Тазша мұны да біліп, түн ішінде тапқанынша әйелдің әдемі киімдерін киініп, бір сұлу «келіншек» болып, ханның қасына кіріп отырыпты. Сонда хан сұрапты:

— Не қылып жүрген әйелсің? — деп. «Келіншек» жауап беріпті:

— Ерім өліп еді, қайын інілеріме тигім келмейді. Со себепті, тақсыр, сізге арызға келдім. Сүйгеніме тиюге басымды ашықтап берсеңіз.
Хан «келіншектің» сұлулығына қызығып:

— Олай болса, маған ти, — депті.

«Қатын» түрегеліп:

— Құлдық, тақсыр, олай десеңіз, арманым жоқ, сізге тиемін, — депті. Сөйтіп отырғанда, отау алдында тұрған дар ағаштарын көріп, «келіншек» сұрапты:

— Тақсыр, мынау қайқайып тұрған ағаштар не? — деп. Хан айтыпты:

— Күнәлі адамдарды асып өлтіретін дар деген осы, — депті.

Сонда «келіншек» бұрындары есітпеген, көрмеген кісідей болып таңырқап:

— Япырмау, мұныңменен кісіні қалай асып өлтіреді екен? Мені асып көрсетіңізші, — депті.

Хан «келіншекті» дарға асуды ыңғайсыз көріп, дардың арқан тұзағын өз мойнына кигізіп, «келіншекті» түсіндірмек үшін айтыпты:

— Арқанның анау ұшын сен бар күшіңмен тарт, бірақ, менім аяғым жерден көтеріліп, өзім буынып бара жатқан кезде арқанды босатып қоя бер, болмаса, мен өліп қаламын, — депті. «Келіншек» арқанның ұшын қолына алып, тартыңқырап, өкшесі жерден көтеріле берген кезде аяғының ұшы жерге тиер-тиместен арқанның ұшын бір ағашқа мықтап байлап қойып, өзі ханның қазынасына кіріп, тағы бір құмыра ділдәсін ұрлап кетіпті.

Ертең ханның адамдары дарда асулы өлі мен тірінің арасында тұрған ханды көріп, босатып алып, ордасына кіргізіп, тәуіптер жиналып, емдеп, тірілтіп алыпты. Бұл хабарлар ұзын елдің үйіріне, қысқа елдің қиырына жайылып болыпты.

Бұл ханның еліменен шекаралас бір елдің ханы да мынау ханға бірталай күліпті. — Болымсыздығынан рет қазынасын, екі рет нарын ұрлатып, үшінші ретте қызын базарға салып, оныменен тұрмай, өзін дарға тартқызып, жұртқа масқара болып, бүйтіп, хан болғанынша, біреудің қойын бақса, болмай ма екен, — деп. Ол ханның сықағын естіп, бұл хан әбден ыза болып, жұртына жар шақырыпты:

— Құдай, пайғамбарды ортаға қойып, ант ішемін, осы істерді істеген ұры кім болса да, кінәсін кешемін. Маған келіп, мәлім болсын, бірақ, бір тапсыратын ісім бар, соны орнына келтірсе, бұрынғы күнәларын салауат қылып, қызымды беріп, күйеу қыламын, — деп.

Мұны естіп, баяғы тазша, қайыр, алдаса, Құдай, пайғамбарға өзін-өзі ұрдырар, не де болса, тәуекел қылып көрінейін, — деп келіп, ханға мәлім болыпты.

Сонда хан:

— Барлық күнәңді кешемін, бірақ пәлен ханды амалын тауып, пәнде қылып маған әкеліп берсең, қызымды да саған беремін, — депті.
Тазша бұл айтқан қызметін қиынсынбай, «жарайды», — деп, бұйрық қылыпты.

Шәһердегі бар ұсталарды жиып бер деп, әуелі ұсталарға бір биіктеу арба соқтырыпты. Оның ішіне-сыртына толтыра қоңырау байлапты. Және жұп-жұқа түнікеден әйдік бір шоқпар қылдырып, оны қолына алыпты. Және бір көк серкенің терісін сойдырып, жүн жағын сыртына қаратып, үстіне киіп, терінің жүніне бірнеше қоңырауды тағы байлатып, бір көрім секілді болып, әлгі арбаға мініп, түнікеден қалқан, шоқпарды иініне салып, манағы ханның шәрісіне кіріп, теке болып бақылдап, қоңырауларын даңғырлатып, айқай салыпты:

— Мен — Құдайдың періштесімін, бұл шәрінің ханы зәлім болыпты, Құдай тағала сендерге бұйрық қылды, зәлім ханыңды өз қолдарыңмен ұстап байлап, менің бітеу арбама салып бер, сонда Құдай тағала сендерге разы болады, егер оны қылмай, ханыңа болыссаңдар, маған бұйрық қылды: біреуіңді тірі қалдырмай, қолымдағы жүз мың пұт шоқпарыммен шәһәріңнің кірпішін, кесегін ұрып уатып, топырақ-шаң қылып, ұшырып жіберемін, — депті.

Сонда шәһәрдің халқы мұның айбатынан қорқып, «қой, өз басымыздың амандығы керек, мынау Құдайдың жіберген пәлесіне қарсы тұрып болмас», — деп, ханын ұстап, байлап, бітеу арбаға салып беріп, жалынып, жалпайып, жөнелтіпті.

Тазша ханды пенде қылған бойыменен алып келіп, өз ханына тапсырыпты.

Сонда бұл хан тұрып, ханға сөйлейді:

— Ие, маған күле беруші едің. Өзің не ғып мұндай күйге жолықтың? Мұнан былай күлме, менің жұртымда осындай өнерлі адамдар бар, — депті.

Ақырында, екі ханның екеуі де тазшаның өнеріне разы болып, екеуі де қыздарын беріп, тазшаны өздеріне әрі күйеу, әрі ақылгөй қылып, мұратына жетіпті.


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз