Өлең, жыр, ақындар

Саудагер

Бір күні сарттар шайтанды қалай ұстап аламыз деп кеңес қылыпты. Бұлардың арасынан Ақымет деген бір сарт жақын арада шайтанды өз көзіммен көрдім деп, мәлім қылады. Сонда тыңдап отырған сарттар орындарынан секіріп тұра келіп айтты:

— Рақым етуші Алла, біздерге шайтанды тұтып, зынданға салуға жәрдем қыла көр, — депті.

— Ақымет, агар да сен бізге шайтанды тұтуға жәрдем қылсаң, саған біз көп алтын, инғам сый қылармыз. Тағы да мұның үшін Алла тағала саған жаннаттан бір иақшы орын уарар, — дейді.

Сонда Ақымет айтты:

— Уай, мұсылмандар, уай жолдасларым, менің сөзімді құп тыңлаңыздар, аз бір ай хұдамен бір де жалған кәфті сөйлемеспін, — деді.

— Ағаларым, сабыр қылыңыздар, мен сіздерге тәмам баян қылайын, — деді.

— Бір күні мен өзімнің көк ешегіме мініп келе жатқан едім. Сол ешегімнің құйрығын кесіп тастаған едім, көршім Рақымның бақшасын таптап тастағаны үшін.

— Білеміз, білеміз, — деп, өзге саудагерлер айқай салды.

— Ешегіме мініп келе жатып, қалғып кетіппін. Бір уақытта ақылды жануар ешегім құлағын салпайтып тұрып, тікірейіп тұра қалды. Әрине, мұнан соң мен ешегімнің жанын қинап, соға бастадым. Андақ өлсе де, ілгері бір қадам баспастан алдыға бағып, тұрып алды.
Ақылды жануардың бір бәлені бағып тұрғанын, сезгенін, аңлап білдім. Мұнан соң көзімді жұмып, үш мәртебе дұға оқып, үш мәртебе «Жын, шайтан лағын қашсын» деп, дем салып, алдыма қарадым.

— Уа, Алла сақтасын, зәрем ұшып кетті.

Отырған сарттар:

— Һәм біздерді де Алла сақтасын, — деді.

— Қайдан пайда болғанын білмеймін, алдыма қарасам, алдымда бір үлкен терек тұрыпты.

— Уай, баршамызды жаратушы Алла! Терек дегенім терек емес, шайтанның өзі екен.

— Рас па?

— Рас, ағаларым, рас. Шайтан онша зор емес екен, мұрны қайқы, көздері үлкен һәм дөңгелек екен, — деді.

— Алла, Алла, құтқара көр бізді шайтан-лағының уәсуасынан.

— Уай, жар жолдастарым, мұнан соң мен Әлхамның сүресін оқи бастадым. Андақ болса да, шайтан қозғалмастан маған қарап, бағып отыра берді. Бұ шайтан лағын дұғадан һәм қорықпайды екен. Сол шайтан лағынан ажалым жеткен екен деп ойладым. Шұндақ болса да, рақымы көп Алла тағала біздей ғаси күнәһар құлына ғапу ойлады.

Бір уақытта ешегім қатты бақырып қойған еді, шайтан қорыққанынан шыдай алмай, ағаштың басынан құлап түсіп, әрең-әрең барып, теректің анадай жанында тұрған тастың үңгіріне тығылды. Мен, әрине, қуанғанымнан ешегімнен түсіп, дем алмастан үйге қашып келдім. Ешек һәм хайуан болса да, ақылды жануардан еді. Оның ақылды екеніне һеш талас жоқ. Ешегімнің өзі үйді танып келді.

— Мінекей, қардашларым, енді шайтанның қайда жасырынғанын аңдадыңыз ба?

Саудагер шайтанның жасырынды деген орнына бармақшы болды. Бұлар Ақыметті басшы қылып, мұның көк есегін де бірге ала жүрді. Саудагерлер:

— Шайтанды қайтып алып шығамыз? — деп, көп ақылдасты.

— Уай, ағалар! — деп, сол арада бір саудагер айқай салды.

— Шайтан алтыннан қорқады. Шайтанды шықсын десеңдер, үңгірге алтын ділдә ташларға керек, — деді. Мұның айтқан сөзін мақұл көріп, бірнеше алтын, келіп, үңгірдің ішіне тастады. Шайтан сонда үңгірден шықпады. Сонда тұрып біреуі айқай салды:

— Уай, қардашлар, шайтан алтыннан қорықпайды. Қайнаған судан қорқады, — деді. Мұның айтқанын да мақұл көрді. Үңгірге ыстық су құя бастады. Шайтан сонда да көрінбеді. Сонда тұрып үшінші біреуі айқай салды.

— Ақыметтің өзі түсіп, үңгірден шайтанды алып шықсын, — деді.

— Мұның беліне мықты арқан байлап, арқанның бір ұшын өзіміз ұстап тұрып, үңгірге ақырындап түсірейік, — деді. Ақымет айтты:

— Уай, қардашларым, уай, ағаларым, шайтан лағының қолына жындарыңменен мені тірідей тұтып берейін деп тұрмысыңдар? Мені аяңыздар, менің артымда қатын-балаларымды аяңыздар, — деді.

— Жоқ, Ақымет, сені шайтан малғұн қолына тұтып, варға ойламаймыз. Агар да сенімен бірге сенің ақылды ешегіңді һәм бірге түсірелік. Ешегің сені шайтанға кіріптар қылмайды. Сенің ешегің шайтанды көргенде бақырып, тағы да бақырып қойса, қорыққанынан баһуаш болар. Баһуаш болған уақытта сен бекер қарап тұрма, шайтанның шашынан мехкар тұтып алып, күшіңнің барынша айғай салғын. Сонда сені шығарып аламыз, — деді. Байғұс Ақымет қанша жалынса да, қанша тырысса да, саудагер/дің/лер болмастан Ақыметті есек пен үңгірге салды.

Есек үңгірдің ішіндегі тасқа соғылып, бар күшімен қатты бақырды. Ақыметтің басы екі тастың арасында қысылып қалды. Байғұс Ақымет басын шығарып алуға қаншама тырысса да, шығарып ала алмады. Жәрдем сұрап, аңғармастан айқай салды.

Саудагерлер шайтанды ұстаған ғой деп ойлап, арқанды тарта бастады. Есекке байлаған арқан үзіліп кетті. Ақыметке байлаған арқан мықты еді. Ақыметтің денесін үңгірден алып шықты, басы тастың арасында қысылып қалды. Есек пен Ақыметтің басының жоқ болғанына саудагерлер таң қалды.

— Есекті шайтан жұтқан шығар, — деді.

— Ақыметтің басы қайда кеткен? — деп, аң-таң болды.

Саудагерлердің жартысы айтты:

— Оның басы бұрыннан жоқ, — деді. Жартысы айтты:

— Басын шайтан жұлып алған шығар, — деді.

Ақырында, саудагерлер Ақыметтің басының бар-жоғын оның балаларынан сұрамақшы болды.

Саудагерлер Ақыметтің денесін Ақыметтің үйіне алып кетіп:

— Дәдаңның кәлләсы бар ма? — деді.

Балалары:

— Білмейміз, — деп, жауап берді.

— Анамыз біледі, анамыздан сұраңыз, — деді.

— Еріңнің кәлласы бар ма еді? — деп, Ақыметтің қатынынан сұрады.

— Басының бар-жоқ екенін мен білмеймін, — деп, қатыны жауап берді.

— Бірақ ертеменен төсектен тұрғанда сақалын көрген едім, — деді.


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз