Өлең, жыр, ақындар

Есмағамбет

Жағалбайлы елінің сұлтаны болған Дербісәлі Беркінбаев патшадан шен алып, сұлтандық (ХІХ ғасырдың аяғында) лауазым алып келген соң, қақпадан кісі кіргізбейтін әдет шығарып, күзетші солдат қойыпты. Қашан түс болып, Дербісәлінің ұйқысы қанып, кісі қабылдайтын кезін күтіп, жұрт сарылатын болыпты. Осыны есіткен Есмағамбет бір күні Дербісәлінің аулына әдейі ерте келеді.

Солдаттар кіргізбейді, ол кірмекші болады. Бағынбаған соң солдаттар мылтық атып, қорқытпақ болады. Мылтық дауысы шыққан кезде:

— Ойбай, өлдім, оқ тиді! — деп, айқайлаған күйі қақпаға кіріп кетеді.

— Күзетшілерің біреуді атып алды білем, — деп, Дербісәліні оятады.

Дербісәлі далаға шықса, қақпа ішінде шанадан түсіп жатыр екен.

— Атылып қалған кім екен десем, сен екенсің ғой, өлетін жеріңнен тиген шығар, — деп күледі өзімен амандасып тұрған Есмағамбетке.

Есмағамбет үйге кіруге ыңғайланған кезде:

— Осы тұрған күйіңше, ойланбастан бір ауыз айтпасаң, үйге кірмейсің, — дейді Дербісәлі.

Сонда Есмағамбет ойланбастан:

— Баласы Бер-екемнің болдың дүрдей,
Қыстадың өлең айт деп, үйге кірмей.
Айсадай аспанға ұшсаң, сөз — сенікі,
Жерде өлсең, сен де бірдей, мен де бірдей, — депті.

Жағалбайлы Отарбай қажы Қондыбаев соңғы кезде бидай саудасының қызығына түсіп, келген қонақпен ісі болмайды екен. Қонақ мейманханада отыра береді де, байдың өзі далада біреуден бидай алып, біреуге бидай сатып, сапырылысып жататын әдет шығарыпты. Бұл әдет елге ерсі көріне бастапты.

Бір күні Есмағамбет келіп қонса, Отарбай өзінің ескі әдетін істеп, далада сабылып жүреді.

— Маған сарайдан таңдап, үш бидай әкеп бер, бірінен бірі үлкен болсын, — дейді байдың інісі Сейітжанға Есмағамбет.

Сейітжан айтқанындай үш бидай әкеп береді. Тамақ піскен кезде Отарбай үйге келеді. Сол кезде Есмағамбет:

— Атаңа рақмет, ақ бидай, Адам атаны бейіштен шығардың, — деп, төс қалтасына салады.

— Қасиетіңді… қызыл бидай, Отарбайды әлі күнге үйінде отырғызып қойдың, — деп, бидайды сөгіп, лақтырып жібереді.

Осыдан кейін Отарбай ұялып, өз әдетін түзепті.

Жағалбайлының бір сараң байының үйіне Есмағамбет қонады. Үстіндегі киімі жұпыны екен, бай қонақасын жұпыны береді. Есмағамбет бұл ретте үндемей, кете береді.

Бір күні пар ат жегіп, иық ішігін киіп, алдына көшір отырғызып, әлгі байдың үйіне қайта кеп, қонады. Бұл жолы бай танымайтын кісі бола тұрса да, жалпылдап, асты-үстіне түседі. Үлкен табақты толтыра қазы-қарта, жал-жаяны түрілтіп қояды Есмағамбеттің алдына.

Есмағамбет үстінде жамылып отырған ішігінің жеңін табаққа малып:

— Же, ішігім, же. Мына тамақты бай саған беріп отыр, маған беріп отырған жоқ. Мен анада сенсіз келгенімде мұндай тамақ берген жоқ, бай сені сыйлап отыр, — деп, етті жемей, жүріп кетіпті.


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз