Өлең, жыр, ақындар

Қожаның саудагерді ұтуы

Қожанасыр бала-шағаларын киіндірейін деп, базарға сатуға үйдегі жалғыз сиырын жетелеп, жолға шығыпты. Жолға бір қонып, Қожекең базарға да жетіпті. Базарда Қожекеңнің арық сиырын ешкім саудаламайды.

Бір кезде базарда Қожанасырдың жанына бір шапан қолтықтаған адам келеді. Қожекең оған:

— Мына шапаның не тұрады? — дейді.

Шапан иесі:

— Шапанымды мына сиырыңа ауыстырайын, — дейді.

Қожанасыр ішінен бала-шағамызбен жамылуға жетер, бұл арзан дүние екен деп:

— Ал, онда ауыстырайық, — деп, сиырын шапанға ауыстырып жібереді. Одан кейін Қожанасыр шапанды қолтықтап, базарды аралайды.

Базарда біреу малақай сатып жүр екен дейді.

Қожанасыр оған:

— Мына малақайың не тұрады? — дейді.

Малақай иесі:

— Арзан, мына шапаныңа ауыстырайын, — дейді.

Қожанасыр ішінен бұны балаларым киеді екен, арзан дүние шығар деп:

— Ал, онда ауыстырайық, — деп, шапанын малақайға ауыстырады.

Қожанасыр малақайды басына киіп алып, қуанып, үйіне қайтып келе жатады. Күн ыссы болып, шөлдеп, бұлаққа су ішуге келеді. Терең бұлақтан еңкейіп, су ішіп жатқанда, Қожанасырдың басындағы малақайын жел үріп, суға түсіріп әкетеді. Ол оны терең судан ала алмайды. Қожанасыр судағы малақайға қарап:

— Е… суда қалғың келген екен, теріңді басқан соң өзің үйге келерсің, — деп, әрі қарай үйіне жүреді.

Біраз жүрген соң Қожанасырдың артынан үш түйе жүгі бар бір ноғай саудагер қуып жетеді. Ол Қожанасырға сәлемдесіп, қайдан келе жатқанын сұрайды. Қожекең оған базарға сиыр апарғанын, оны шапанға ауыстырғанын, шапанын малақайға ауыстырғанын, малақайын су ішіп жатқанда жел үрлеп, бұлаққа түсіргенін айтады. Саудагер таң қалып:

— Енді әйеліңе не айтасың, жалғыз сиырыңды, ақырында малақай жасап, оны да суға ағызып, жоқ етіп келе жатырсың, — дейді.

Қожанасыр күлімдеп:

— Ой, тақсыр-ай! Менің әйелім адал сүт емген, бір ауыз да сөз айтпайды, — дейді.

Саудагер өзерленіп:

— Ол мүмкін емес, осыдан әйелің бір ауыз сөз айтпаса, мына үш түйе жүгімді берем, егер әйелің сиырыңды неге жойдың деп, сөз айтса, өміріңе маған түйеге жүк тиеуші боласың, — дейді.

Қожанасыр қарқылдап:

— Я, бір ауыз қарсылық сөз айтса, мені өміріңе түйеңе арт та жүр, — деп, қолын саудагерге ұсынып, келісім жасайды.

Бір кезде бұлар Қожанасырдың үйіне жақындайды. Түйелерді бір сайға шөгеріп тастап, екеуі Қожанасырдың үйіне келеді. Қожа үйіне кіріп кетеді де, саудагер сыртта киіз үйдің белдеуінен тыңдап тұрады. Қожанасырдың әйелі Қожаға сәлемдеседі. Біраздан соң ол Қожанасырға:

— Я, малыңызды базарладыңыз ба? — деп сұрайды. Қожа:

— Сиырымды бір шапанға ауыстырдым, — дейді.

Әйелі:

— Қайырлы болсын, шапанда бір үс киім ғой, — дейді.

Қожа:

— Шапанымды бір малақайға ауыстырдым, — дейді.

Әйелі:

— Е, қайырлы болсын, малақай да бас киім ғой, — дейді. Одан әлгі Қожа күлімдеп:

— Малақайды киіп келе жатыр едім, су ішейін деп, бұлаққа еңкейе бергенде жел үріп, басымнан суға ағызып әкетті, — дейді.

Әйелі:

— Е, Қоже-екем, басқа келген пәледен «бастан құлақ — садақа», өзің аман келсең, болды, — деп, сабадан қымызды құя бастапты дейді.

Сол кезде сыртта тыңдап тұрған саудагер үйге кіріп келіп:

— Қожанасыр, үш түйе жүгіңді ал, әйелің адал сүт емген екен, адал екен, — дейді.

Қожанасыр саудагердің үш түйе жүгін алып, бала-шағаларын, көрші-көлемдерін киіндіріп, өзі дүниеге молайып қалған екен дейді.


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз