Қыс. Шаңғы жарысына әзірлік басталды. Тәуке оған жылдағыдай балалармен бірге дайындалған жоқ. Ол Ержанның бірнеше балаға шаңғы үйретіп жүргенінен хабардар еді.
Ереже бойынша жарыс, ең әуелі, сыныптар арасында өтеді де, сонда озып шыққан бесеу жалпы сынға түседі.
Сыныптар бойынша өткен жарыста Тәуке алдына жан салмайтын. Ал бұл жолы қатарынан бірнеше бала жоғары көрсеткішке жетті. Солардың бірі — Ержан.
***
Дегенмен көңілінде бір секем бар-ды. «Бұл жолғы жалпы жарыста озып, өзімді көрсетпесем болмас», — деп ойлады Тәуке. Сөйтіп, күндіз-түні тынымсыз жаттығуға кірісті. Сабақтан келсе болды, аяғынан шаңғы түспейді. Кей күндері ел жатқанша ауылдың сыртында шаңғы теуіп жүргені.
Жарысқа қатысушыларды сапқа тұрғызған басқарушы:
— Бүгінгі жарыста сендерден жаңа рекорд күтеміз, — деп бітірді сөзін.
...Жарыс басталды. Тәуке бірден алға шықты. Орта жолда Ержан қуып жетіп қалды. Таяқты бірқалыпты сілтеп, күшті шаңғыға беріп, жеңіл сырғып келеді. Екі беті алмадай қызарған. Тәуке артына қарағанда, ол күліп қойды.
«Несіне мәз болады екен?» — деп, бұл ызаланды. Екі өкпесі алқынып, қара тер бет-аузын көміп барады. Онан сайын алға ентелеп, таяқты ышқына сілтейді.
Сонда да Ержан қалысатын емес. Әлгіндей болмай, ол Тәукенің қасынан зу етіп өте шықты да, алға түсті. Алдындағы тау жотасының ортан беліне жетті де, әрмен қарай тырмысып өрлей бастады.
***
Бұл кезде Тәуке де тау жотасына іліккен еді. Алайда өзінің әлсіреп қалғанын енді айқын сезді. «Жаңа рекорд күтеміз» деген басқарушы сөзі мана дәл өзіне бағышталғандай көрініп еді. Енді ол рекорд қолынан сусып бара жатқандай. Көз алдына «Рекорд! Рекорд!» деп шулаған балалар елестеді. Тәуке басын көтеріп, алдыңғы жаққа қараса, Ержанның қолында жалғыз таяқ. Ортасынан қақ бөлінген бір таяғы қарға шаншылып қалған. «Рекорд, Ержан!» деген ой қатар келді Тәукеге. Көз алдында мектеп, қалың топ тұрды. Олардың ендігі үміт артары осы Ержан секілді көрінді оған.
— Ей, Ержан!
Жалғыз таяқпен қиқалаңдап кетіп бара жатқан Ержан артына қарады.
— Мә! — деп, Тәуке бір таяғын соған қарай лақтырды.
— Тезірек жет!
Таяқты жерден көтерген Ержан оған қарап күлімдегендей болды.
— Бөгелме, бөгелме, Ержан! — деп айғайлады Тәуке.
Зымырап бара жатқан Ержанның соңынан Тәуке ұзақ қарап тұрды.
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі