Өлең, жыр, ақындар

Оғыз мемлекеті

ОҒЫЗ МЕМЛЕКЕТІ, Оғыз мемлекеттік бірлестігі, 9 – 11 ғ-ларда Қазақстан жерінде өмір сүрген. Негізгі аумағы Сырдарияның орта ағысынан Еділдің төм. бойына дейінгі аралықты қамтыды. Оңт-те Хорезммен, Мауераннахрмен және Хорасанмен шектесті. Бат. Түрік және Түркеш қағандықтары құлағаннан кейінгі тайпалар арасындағы өзара күрес пен Қарлұқ қағандығының құрылуымен байланысты Бат. Жетісу жерін мекендеген оғыз тайпалары 8 ғ-да бұл өңірден көше бастады (қ. Оғыздар). 9 ғ-дың бас кезінде оғыздар қимақтармен және қарлұқтармен одақтасып, қанғар-печенег бірлестігін талқандап, Сырдарияның орта және төм. ағысы алқабы мен Арал өңірін қаратып алды. 9 ғ-дың соңында Арал өңірінің солт. жағындағы саяси үстемдікті қолына алған оғыз көсемдері хазарлармен одақ құрып, печенегтерге қайта соққы беріп, Еділ мен Жайық өз-нің аралығын иеленді. 10 ғ-да О. м-нің астанасы болған Жаңакент қ. (Янгикент немесе Жаңа Гузия) Еуропа мен Азияны жалғастыратын маңызды керуен жолы торабына орналасты. Жаңакент арқылы маңызды керуен жолдары қимақтар еліне, Хорезм мен Мауераннахрға өтті. О. м-нің жоғары билеушісі “жабғу” (ябгу) деп аталды. Олардың “күл-еркіндер” деген кеңесшілері болды. Жабғу ресми түрде сайланып қойылғанымен, билік атадан балаға мұраға қалып отырды. Дегенмен, басқарудың әскери-демокр. түрі сақталғандықтан, жабғудың билігі тайпа көсемдері кеңесімен шектелді. Мемлекетте тұрақты алым-салық жүйесі болды. О. м. Еуразияның саяси, әскери тарихында маңызды рөл атқарды. 965 ж. Оғыз жабғуы мен Киев князі Святославтың арасында хазарларға қарсы әскери одақ жасалып, нәтижесінде Хазар қағандығы талқандалды. Хазар қағандығының құлауы О. м-нің саяси қуатының өсуіне себепші болды. 10 ғ-дың аяғында оғыз жабғулары Киев князьдерімен біріге отырып, Еділ бұлғарларын күйрете жеңді. Бірақ 11 ғ-дың басында О. м-нде ішкі саяси-әлеум. қайшылықтар туып, әлсірей бастады. Бұл жағдайды Жент маңына 10 ғ-дың орта кезінде келіп қоныстанған салжұқтар пайдаланды. Салжұқтар Жент қ-н басып алғанымен, ұзақ уақыт ұстап тұра алмай, кетуге мәжбүр болды. Көп ұзамай оғыздар қайта күшейіп, 1041 ж. Хорезмді басып алады. Алайда 2 жылдан кейін оғыз жабғуларының соңғысы Шаһмәлік салжұқтардың қолына түсіп өлтіріледі. Салжұқтарға қарсы ұзақ жылдар жүргізілген соғыстар мен қақтығыстар О. м-н іштей әлсіретіп, ол қыпшақ тайпаларының соққысынан біржолата құлады. Оғыздардың бір бөлігі Шығыс Еуропаға, Кіші Азияға кетті, енді біразы Мауераннахрдағы Қарахан әулетінің және Хорасандағы салжұқ билеушілерінің қол астына көшті. Қалғандары 11 ғ-дың ортасында Дешті Қыпшақтың түркі тілдес тайпаларына бірте-бірте сіңісіп кетті. Оғыздар көшпелі мал ш-мен айналысты, Сырдария алқабындағы қалаларда дәнді дақыл егіп, бау-бақша өсірді. Олардың көпшілігі отқа табынушылар болды. Сонымен бірге оғыздар арасында бірте-бірте ислам діні тарай бастады. Сырдария алқабындағы, Арал т., Каспий т-нің солт-ндегі жерлерді мекендеген оғыз тайпалары қазақтардың этн. тарихында елеулі рөл атқарды. Тарихи аңыздарда олар қазақ, түрікмен, өзбек, қарақалпақ халықтары аталарының бірі саналады.

Дереккөзі: "Қазақстан" ұлттық энциклопедиясы, Алматы, "Қазақ энциклопедиясы", 1998 ж. 7-том


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Пікірлер (1)

Ерннұр

Керемет

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз