Қалаға жүрудің қамын жасаған Оспанқұл кемпіріне бөлек бір дорбаға екі-үш бума адыраспан салып алуды тапсырып, соны қайта-қайта оның есіне салып, қадағалап отырды. Шалының шектен тыс тынымсыздығынан сыралғы Сырға таза ақ шыттан дорбаша тігіп, адыраспанды сол күні-ақ ұқыптап салып қойған еді.
…Қаланың шеткі ықшам аудандарының біріндегі тоғыз қабатты үйде екі бөлмелі пәтері бар Мұқанбек келіншегі Гүлдерайым екеуі атасы мен әжесін хал-қадірлерінше күтті. Шайын, тамағын уақытылы әзірлеп, базардан әкеліп неше түрлі жеміс-жидегін, өрік-мейізін ауыздарына тосып, зыр жүгірді. Арасында екеуі екі жақтап, енді бір аптадан соң, мектепке баратын Дабылтайдың оны-мұны әзірлігін жасаған болады. Бірер рет атасы мен әжесін қаланың орталығына апарып, қыдыртып та қайтты.
Келген күннің ертесіне Оспанқұл адыраспан түтетіп, Мұқанбектің үйін пәле-жәледен аластатты. Атасының шала жанған адыраспанды қолына ұстап, әр бөлмені, қуыс-қуысты түтінге толтырып, дұға оқып, алас ұрған кейпін көрген Дабылтай бұған аузын ашып, таң-тамаша қалды. Бұл көрініске түсінбей аңтарылған немересіне Сырға адыраспанмен үйдің ішін көзге көрінбей жиналып қалған тіл-көз, пәле-жәленің сұғынан осылай тазартатынын айтып берді. Әжесінің соншама ыждағаттылықпен айтқан әңгімесінен кейін де Дабылтайдың сұрағы таусылған жоқ.
— Әже, әже-е, сіз айтқан тіл-көз деген не ол? Адамның мына кәдімгі тілі мен көретін көзі ме? Ол қалайша біздің үйде жиналып қалған?..
— Ботам-ау, «тіл-көз» деп әлдебіреудің тілмен таңданып, көзбен сұқтанып қарағанын айтады. Солардың теріс, жаман ниетінің көлегей-көлеңкесі үйдің ішінде қалып қойып, еңсені басып, ауырлатып тұрады. Атаң соны адыраспанмен біржола аластатты.
— Қызық екен, а!? Ал адыраспан сондайлық керемет шөп пе сонда?..
— Қасиетті шөп, құлдығым. Қасиетті болмаса, оны әрбір үйдің босағасына іліп қоймайды ғой. Әне, сендер де іліп қойыпсыңдар, әкең мен шешең соны білген екен…
Дабылтай жүгіріп барып, сыртқы есіктің ішкі босағасының шеткі маңдайлығына іліп қойған бір шоқ адыраспанды қолымен көрсетіп:
— Әже, анау сол сіз айтқан адыраспан ба?! Мен оны неге іліп қойғанын білмеппін…
Қаланың тіршілігі демекші, осы бір күндер Оспанқұл үшін нағыз азап болғаны рас. Күнұзақ үйде қамалып отыра беруге шыдамы жетпей, ол деміл-деміл есік алдына шыға берді.
Мұқанбек атасының алғашқы күндегідей емес, тұнжырай түскен кейпіне аяушылықпен қарай бастады. Бір күні таңғы шайдың үстінде Оспанқұл:
— Мұқанжан, айналайын, Дабылтайдың мектебіне баратын күні қашан еді өзі?! — деді үнінен дағдылы дегбірсіздігі сезіліп. — Ауылда үй, қора-жай, мал иесіз қалды, көп жата беруге жағдай көтермейді, шырағым…
— Мектепке атам ертіп апарады деп Дабылтай мәз болып жүр еді, сонша неге асығасыз ауылға, ата? Енді екі-ақ күн қалды ғой, — деп, Мұқанбек өзінің сөзіне қолдау күткендей әжесіне жалынышты жүзбен қарады. — Әже, айтыңызшы…
Шалының мінезінен сыралғы Сырға бұл әңгімеге оншалықты байып бермеді.
— Екі күннің әрі-берісі жоқ, арнайы келгесін, Дабылтайды мектебіне апармай қайтпаймыз ғой, құлдығым, — деді ол сабырлы қалпынан өзгермей. — Жасы келген адамға, оның үстіне, өмірі ауылда өткен адамға қаланың тіршілігіне аз күн болса да көндігу қиын ғой, аталарыңның шыдамсыздығы да сондықтан, әйтпесе, қапылып бара жатқан дәнеме жоқ…
Шөбересінің мектепке баратын күнін осылайша зорға болдырған Оспанқұл соңғы күндердегі сүлесоқ қалпынан тез айықты.
…Дабылтайдың мектепке барған салтанатына қатысып, көңілдері көтерілген Оспанқұл мен кемпірі ертеңіне өздерінің Құмөзегіне қарай жол тартты. Жексенбі күні жолға шығардың алдында таңертеңгісін тәтті ұйқыда балбырап жатқан шөбересінің маңдайынан мейірлене иіскеген Оспанқұл оның кереуетінің басына кепкен адыраспанның бір талын байлап кетті…
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі