Мәлік Ғабдулин (15.11.1915, Көкшетау облысы, Зеренді ауданы, —2.01.1973, Алматы) – қазақ жазушысы, әдебиет зерттеуші, қоғам қайраткері, филология ғылымдарының докторы (1959), профессор (1959), КСРО Педагогика ҒА-ның академигі (1959), Кеңес Одағының Батыры (1943). Қазақ КСР-інің еңбек сіңірген ғылым қайраткері (1961). М.Ғабдуллин 1935 жылы Қазақтың Абай атындағы мемлекеттік педагогикалық институтын бітірген. 1936 ж. әскер қатарына барып, әскери борышын өтеп қайтқаннан кейін осы институттың аспирантурасында оқыды.
М.Ғабдуллиннің ғылыми-творчестволық жұмысы 1938 жылы КСРО ҒА-ның Қазақстандағы филиалында кіші ғылыми қызметкерліктен басталды. 1941- 1946 жылдары Кеңес әскерінің генерал И.Панфилов бастаған даңқты 8-гвардия дивизиясы сапында болып, Ұлы Отан соғысына қатысты. Ғабдуллиннің Ұлы Отан соғысындағы ерлік даңқы бүкіл одаққа әйгілі. Оның бұл ерлігі алғаш рет белгілі жазушы Б. Полевойдың "Правдада" жарияланған "Эпостың тууы" атты очеркінде баяндалды. Көптеген қазақ ақындары Ғабдуллинге арнап, өлең-жырлар шығарды. Соғыс аяқталып, майдандан қайтқаннан кейін Ғабдуллин республиканың ғылыми-педагогикалық мекемелерінде қызмет атқарды. Қазақ КСР ҒА-ның Тіл және әдебиет институтының директоры (1946-51), Қазақтың Абай атындағы мемлекеттік педагогикалық институтының ректоры (1951-63) болды. 1963-1973 жылдары Қазақ КСР ҒА-ның М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты фольклор бөлімінің меңгерушісі болды.
М.Ғабдуллин ғылыми-зерттеу саласында көп еңбек етті. "Қазақ халқының ауыз әдебиеті" (1958, 1964) атты күрделі монографиялық еңбегінде Ғабдуллин ауыз әдебиетін зерттеудің ғылыми-методологиялық негіздерін айқындап, қазақ ауыз әдебиетіндегі батырлар жыры, лиро-эпостық дастандар, айтыс өлеңдері, мақал-мәтелдер, жұмбақтар, ертегілер туралы жан-жақты терең ғылыми талдаулар жасады, олардың ғылымдық, тәлім-тәрбиелік мәнін ашып көрсетті.
Бұл еңбек жоғары оқу орындарына арналған оқулық ретінде бірнеше рет қайта басылып шықты. Ол 8-сыныпқа арналған "Қазақ әдебиеті" оқулығын (1952-1957) жазды. М.Ғабдуллиннің көркем шығармадағы тырнақ алды туындылары дивизиялық, майдандық газеттерде жарық көрді. Шығармалары жеке жинақ болып, соғыстан кейін жарияланды. "Менің майдандас достарым" (1947), "Алтын жұлдыз" (1948), "Майдан очерктері" (1949), "Сұрапыл жылдар" (1971) атты кітаптарына енген әңгіме, очерктерінде М.Ғабдуллин майдан өмірін суреттеп, жауынгер тұлғасын, кеңес өкіметінің адамдарының Ұлы Отан соғысы кезіндегі қаһармандық бейнесін суреттеді. Педагог-жазушы ретінде ол жас ұрпақтың тәрбиесіне де ерекше көңіл бөлді. "Ата-аналарға тәрбие туралы кеңес" (1966) деген кітабында М.Ғабдуллин бесік жырынан бастап, батырлар жырына дейінгі халық поэзиясының тәрбиелік мәнін ашып, оны іс жүзінде пайдаланудың тәсілдерін көрсетеді. Сонымен бірге балаларды патриотизмге, шыншылдыққа тәрбиелеу, олардың болашаққа сенімін арттыру, жас баланы дұрыс сөйлеуге үйрету жөнінде ата-аналарға педагогтық кеңес береді.
М.Ғабдуллин ӀӀ-ӀV сайланған КСРО Жоғарғы Кеңесінің депутаты. КСРО Жоғарғы Кеңесінің парламенттік тобының құрамында Финляндияда (1953), Бельгияда (1957), Югославияда (1957) болды. Ғабдуллин еңбекшілер депутаттарының Алматы облыстық, қалалық Кеңестерінің депутаттығына, Қазақстан КП Алматы облыстық, қалалық, Фрунзе аудандық комитеттерінің мүшелігіне бірнеше рет сайланды. Ленин ордені, Қызыл Ту, Еңбек Қызыл Ту, Қызыл Жүлдыз, Ұлы Отан соғысы ордендерімен наградталған. "Қазақ халқының батырлар жыры" кітабы авторларының бірі.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі