Мен ең бірінші материал жинаймын. Деректер іздеймін. Айғақты уақиғаларды қараймын. Халық фольклорына сүйенемін. Жазба бетінде қандай шығармалар бар, соның барлығын қолым жеткен жерге дейін зерттеймін, оқимын, бірімен-бірін салыстырамын. Сосын алдымен ойға салып, миыма жазамын…
Ілияс Есенберлин
Ілияс Есенберлин — қазақ әдебиетінің ғана емес, қазақ халқы тарихының төрінен лайықты орын алатын дара тұлға. Олай деуіміздің бірнеше себебі бар. Қазақ хандығының бостандық пен тәуелсіздік жолындағы күресі тақырыбына қалам тартты. Қалам тартып қана қойған жоқ, өзінің эпикалық құлашы, халық өмірінің сан алуан қырын кең қамтуы, қазақ тарихының кемеңгер көсемдерінің қайталанбас бейнесін сомдауы жағынан өзге туындылардан оқ бойы алда тұрған талантты шығармасы — «Көшпенділер» тарихи трилогиясын дүниеге әкелді. Бүгінде дүниежүзінің көптеген тіліне аударылып, әлденеше рет басылған жазушының осы еңбегін хандық дәуірдегі қазақ өмірінің энциклопедиясы десек, артық айтқандық бола қоймас.
Нұрсұлтан Назарбаев
Менің қазір тарихқа көбірек көңіл бөліп жүргенім неліктен? Қазіргі өмірдің маған қызықсыз болғандығынан ба? Жоқ, мүлдем олай емес! Мен қазір өткенге көбірек қараймын, себебі… менің ой-өрісім тереңдеп, қызықты болып келеді. Өйткені ағаш биіктеп өскен сайын оның тамыры жерге тереңдеп, бойлай береді ғой. Адам да сондай. Ол болашағын неғұрлым көбірек ойласа, өткенін соғұрлым көбірек білгісі келеді. Олай етпейінше, болашақты жасау мүмкін емес.
Ілияс Есенберлин
Әкемнің өмірі өте қиын басталған. Ол тоғыз жасында ата-анасынан, өз үйінен айырылып, бір тілім нансыз қалып, басқа жетімдермен бірге көпірдің астында, жасырынып күн кешкен. Аштық пен суықтан әбден өлуге таяған оны тауып алып, балалар үйіне орналастырған. Оқып, балалар үйінде тәрбиеленген соң, әкем жұмысшы факультетіне оқуға түседі, 1940 жылы «Тау инженері» мамандығы бойынша Қазақ тау-кен металлургиялық институтын аяқтайды. Соғыс басталып, әкемді майданға шақыртады. 1943 жылдың аяғында капитан лауазымының иегері болған әкем ауыр жарақат алып, бір жыл госпитальда жатып емделген соң, Алматыға оралады. Соғыс кезінде жазған бірнеше көркем шығармасы 1945 жылы алғаш рет жарық көрді. (Қозыкөрпеш Есенберлин).
Ілияс Есенберлинмен тығыз араласқан жазушы Қабдеш Жұмаділов: «Мені алғашқы қызықтырғаны — Ілияс Есенберлиннің өзі емес, «ешкімге ұқсамайтын, немістің бір емес, Эссен және Берлин деген екі үлкен қаласының атын біріктіріп тұрған фамилиясы», — деген екен.
Ілияс Есенберлин 1915 жылы қазіргі Ақмола облысы Атбасар қаласында туған. Әкесі ағаш шебері болған. Бірақ өмірдің қиындығынан алдымен әкесі, содан соң шешесі қайтыс болып, інісі Раунақ екеуі жетім қалады. Туыстары Раунақты асырап алады да, Ілияс жетімдер үйіне түседі. Сол уақыттағы елімізді жайлаған аштық кезеңін басынан кешіреді. Көп ұзамай жетімдер үйі жабылып қалғандықтан, туыстардың үйінен мектепке қатынап оқиды. Мектепте жүргенде-ақ қабырға газетіне өлеңдері жарияланып, әдебиет, химия, физика, сызу, математика, бейнелеу өнері сабақтарын қызығушылықпен оқиды, алуан түрлі ертегі де шығарады. Мектепті тамамдағаннан кейін, жұмысшы факультетіне қабылданады. Жоғары оқу орнына түсуді армандаған Ілияс Алматы қаласындағы Қазақ тау-кен металлургия институтына түсіп, оны 1940 жылы бітіреді.Жезқазғанда жұмыс істеп жүріп, әскерге шақырылады. Әскери борышын
өтеп жүргенде Ұлы Отан соғысына алынып, майданда ауыр жарақаттанады.
І.Есенберлин 1944 жылы Алматыға оралады. 1947-1951 ж.ж. Қазақ мемлекеттік филармониясының директоры қызметін атқарады. 1937 жылы атылып кеткен Хамза Жүсіпбековтің (әділет халық комиссары болған кісі) қызына үйленгені үшін қудаланып, 1951 жылы 5 жылға бас бостандығынан айырылады. Жазасын Қарақұм каналы құрылысында жарылыс жұмыстары жөнінен тау инженері ретінде өтейді.
Ақталып келген соң, 1953-1954 жылдары ҚР Геология министрлігінде аға инспектор, 1954-1955 жылдары Берсүгір шахта басқармасының (Ақтөбе облысы) бастығы болды. 1955-1957 жылдары Қазақ мемлекеттік көркем әдебиет баспасының аға редакторы, 1958-1967 жылдары «Қазақфильм» киностудиясының аға редакторы, сценарий редколлегиясының мүшесі, 1967-1971 жылдары «Жазушы» баспасының директоры қызметтерін атқарады. 1971-1975 жылдары Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының хатшысы болып істейді.
Құнды әрі көлемді туындыларымен танымал болған І.Есенберлин шығармашылық жолын ақын ретінде бастаған. Оның қаламынан «Адамгершілік жыры» атты өлеңдер жинағы, «Большевик туралы жыр», «Біржан сал» трагедиясы, «Адам мәңгілік», «Сұлтан», «Айша» деп аталатын поэмалар туды. Сондай-ақ қырықтан астам әндердің сөзін жазған. 1960 жылдардан бастап, жазушы проза жанрына көшті. Алғашында оның «Өзен жағасында», «Толқиды Есіл», «Адам туралы ән» повестері, содан кейін «Айқас», «Қатерлі өткел», «Ғашықтар» атты көлемді романдары дүниеге келді. Ілияс Есенберлин жалпы саны 16 роман жазған.
Қаламгер «Таудағы тартыс» пьесасымен драматургия саласына да атсалысып, К.Д.Ушинскийдің «Әңгімелері мен ертегілерін» (1945 ж.), М.Жулявскийдің Вьетнам өміріне арналған «Қызыл дария» романын (1956 ж.) қазақ тіліне аударды.
Ілияс Есенберлин — қазақ әдебиетіндегі тарихи роман жанрының негізін салған жазушылардың бірі. Бұл туралы өзі: «…осы шығармалардан кейін тарихи тақырыптарға көштім. Өйткені көп жылдан бері көкірегімде жүрген арманым болатын. Жалпы алғанда «Көшпенділер» атты трилогияға кірістім. Оның алғашқы кітабы — «Алмас қылыш», содан кейін — «Жанталас», «Қаһар». Бұл трилогиямның өзі маған оңайға түскен жоқ. Жиырмаға таяу жыл өмірімді алды…», — деп жазған.
Ал жазушы Нұрдәулет Ақыш: «Алғашқы кітаптың мазмұны — ХІV-XVI, екінші кітаптікі — ХVII-XVIII ғасырлардағы, ал үшіншісінің мазмұны XIX ғасырдағы қазақ даласында тарихи тұрғыдан елеулі орын алған оқиғалардың соқталы дегендері жайында әңгімелеуге құрылған. Алғашқы кітап «Алмас қылышта» қазақ халқының халық ретінде ұйысуға қам жасап, бір замандарда Шыңғыс хан құрған алып империяның сілемдері Ақ орда, Көк орда сияқты құрылымдардан тәуелсіздік алуға ұмтылуы, сөйтіп өз алдына ел болу жолындағы тағдыры сөз болады.
Үш кітапта аттары аталатын тарихи адамдардың саны қыруар және олардың басым бөлігінің көркем туындыда көрінуге тиісті қырлары, яғни мінез-құлқы, ой дүниесі, дүниетанымы, сыртқы-ішкі портреттері, психологиялық ерекшеліктері бірсыдырғы жақсы ашылған», — деп жоғары баға береді.
І.Есенберлиннің ХV-ХІХ ғасырлардан тарихи сыр шертетін «Көшпенділер» трилогиясы — 30 жылдың ішінде 50 рет басылып, жалпы тиражы 3 млн данадан аса шығарылған және әлемнің 30 тіліне аударылған құнды шығарма.
Ол 198-1983 жылдары ХІІІ-ХV ғасыр аралығындағы халқымыздың тарихын баяндайтын «Алтын Орда» трилогиясын жазды.
Ілияс Есенберлин — Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, сондай-ақ «Еңбек Қызыл Ту», «Құрмет белгісі» орден, медальдарымен марапатталған жазушы.
Оқуға кеңес береміз:
Ілияс Есенберлиннің туындылары
Ілияс Есенберлиннің нақыл сөздері
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі