2026 жылдың 26 ақпанында әл-Фараби атындағы ҚазҰУ жанындағы Абай ғылыми-зерттеу институты және Фараби кітапханасы бірлесіп ұйымдастырған жыр алыбы Жамбылдың 180 жылдығына арналған «Алатау асқарынан жыр асырған» атты тағылымды ғылыми-шығармашылық мәжіліс өтті.
Ғибратқа толы ғылыми жиын ұлт руханиятының алтын көпірі – ұлы жыраудың жыр мұрасын ұлықтаған, жамбылтану ғылымының өрісін кеңейткен іс-шара болды.

Жиын барысында Жамбылдың ақындық даралығы мен суырыпсалма шеберлігі, тарихи тау тұлғасы туралы жан-жақты ғылыми негіздер айтылды. Ақын мұрасының көркемдік сипаты, халықтық мәні, заман шындығын жырлаудағы өзіндік үні терең сараптаулармен айқындалды. Жамбыл жырларындағы ел рухын асқақтатар бірлік, адамгершілік, әділет туралы құндылығы құнарлы ойлар нақты дәлелдермен жүйеленді.
Ғылыми мәжіліс Абай ғылыми-зерттеу институтының директоры Жанғара Дәдебаевтың «Алатау асқарынан жыр асырған» тақырыбындағы баяндамасымен ашылды.
Профессор Жанғара Дәдебаев өз сөзінде Жамбылдың адамдық келбетінің күннің нұры секілді тап-таза екенін, мұндай қасиеттерінің қай-қайсын да ақын өз өмірінің мазмұны мен мәніндей көріп, көңілінен бір сәт таса етпегенін, әрқашан көңілінің жарығында, жүрегінің тереңінде аялағанын баяндады. Жамбылдың тау тұлғасына баға бере отырып, ақын өзінің шығармашылық шабытында тек шындықты айтқанын, шындықтың аясында елдің бәрі кіші екенін атап өтті. Шындықты да, шындықты айтқанды да айнымай сүйетін құдірет иесі біреу болса, Құдай, ал екеу болса, біреуі – Құдай, екіншісі – халық, Құдай мен халықтың қасиетінде шек жоқ, екеуі де мәңгілік, бұлардан басқа үшінші бір тұлға қалай да бар, жасауға тиіс болса, ол – Жамбыл деп, ақынның адамдық қасиетіне ерекше тоқталды. Адамдық, ел бірлігі, ел бірлігін қорғаған татулық пен батырлық Жамбыл шығармашылық өнерінің басты тақырыптық өзегі екенін жүйелі оймен тұжырымдады.

Сондай-ақ Жамбыл жырының көркемдік қуатын ғылыми тұрғыда негіздеуде Абай ғылыми-зерттеу институтының жетекші ғылыми қызметкері филология ғылымдарының докторы, профессор Қансейіт Әбдезұлы, филология ғылымдарының докторы, профессор Әнуар Тарақов, филология ғылымдарының докторы, профессор Гүлзия Пірәлі, саяси ғылымдарының докторы Төрегелді Тұяқбай, Фараби кітапханасының директоры Жадыра Арекенова ақын туралы ой-толғамдарын ортаға салып, Жамбыл тұлғасының ұлт руханиятындағы орнына ерекше тоқталды.
Жыр алыбы Жамбыл мұрасын профессор Жанғара Дәдебаевтың редакциясымен жинақтау ісінде Абай ғылыми-зерттеу институтының еңбектері өлшеусіз екені айтылды. Осы саладағы іргелі еңбектің нақты айғағы ретінде институттың аға оқытушылары Даутова Бибігүл, Гүлжан Ыбырайқызы баспаға дайындаған «Жамбылтану. Таңдамалы еңбектер» көп томдығының алғашқы он томы таныстырылды.
Абай ғылыми-зерттеу институтының профессор міндетін атқарушы, филология ғылымдарының кандидаты Ләйлә Мұсалы аталған көптомдық туралы мазмұнды ақпарат бере отырып, басылымның ғылыми маңызына, жамбылтану бағытындағы жүйелі зерттеулерге кеңінен тоқталды.
Көптомдықтың тұсаукесер рәсімін филология ғылымдарының докторы, профессор Әнуар Тарақов пен жыр алыбы Жамбылдың шөбересі Бұлан Жамбылов бірге ашып, ақын еңбектерінің рухани құндылығы дәріптелді.
Жиын аясында Абай институтының кіші ғылыми қызметкері Алма Кенжеқожаева Абай институтының вебсайтында «Жамбыл – 180» рубрикасы бойынша орналастырылған цифрлық форматтағы бейнекөрме туралы баяндап, Жамбыл Жабаевтың өмірі мен шығармашылығына қатысты сирек басылымдар мен құнды зерттеу еңбектерді қатысушылар назарына ұсынды.
Жүз жасаған ұлы жүрекке арналған іс-шарада Жамбылдың шөбересі «Алматыкітап» баспасының редакторы Бұлан Жамбыловқа ерекше сыймен шапан жабылды. Абай мен Жамбыл шығармашылығын оқыту, насихаттау, зерттеу саласындағы айрықша еңбектері үшін университеттің бірқатар оқытушы-профессорлары – филология ғылымдарының докторы, профессор Әнуар Тарақов, филология ғылымдарының канидаты, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың доценті Раушан Әбдіқұлова, әлеуметтік-тәрбие жұмысы жөніндегі Шоқан Шортанбаев, аға оқытушылар Пазыл Бисенбаев, Баязитов Бақытқожа, Гүлназ Искакова Абай медалімен марапатталды.
Мәжіліс барысында филология факультетінің 4-курс студенттері Жамбыл ақын жырларынан үзінділер оқып, ақынның «Угай-ай» әнін әуезді орындады. Кеш қонағы Бұлан Жамбылов ақынның «Балаларға» әнін кең тыныста шырқап, ғылыми шараның мәнін тереңдете түсті.
Танымы терең мәжіліс – ұлы ақынға көрсетілген құрмет қана емес, ұлттық әдебиетімізге, рухани құндылықтарымызға деген тағзым. Жамбыл мұрасын зерттеу, зерделеу, насихаттау – алдағы уақытта да жалғаса беретін игілікті іс. Ұлы жыраудың 180 жылдық мерейтойы аясындағы бұл тағылымды шара – жамбылтану ғылымының жаңа белеске көтерілгенін айғақтады.Жыр алыбының мұрасы – мәңгілік. Оның асыл сөздері халқымен бірге жасап, ұлт руханиятының шамшырағы болып қала береді.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ жанындағы
Абай ҒЗИ-дың аға оқытушылары
Ыбырайқызы Гүлжан, Даутова Бибігүл
- Төлепбек Жантай
- Есбол Бозан
- Виктор Франкл
- Оразбай Сарыбаев
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі