Өлең, жыр, ақындар

Бала тәрбиесіндегі ата-ана міндеттері: қазіргі көзқарас

      Қазақ халқы үшін бала – ұрпақ жалғасы, елдің болашағы. Абай Құнанбайұлының оныншы қара сөзінде айтылған бала тәрбиесі мен ұрпақ сабақтастығы мәселелері қазіргі қоғамда да өзекті. Ол ата-аналардың бала тәрбиесіне деген көзқарасын сынға алып: «Біреулер құдайдан бала тілейді… Ол баланы не қылады? Өлсем орнымды бассын дейді, артымнан құран оқысын дейді, қартайған күнімде асырасын дейді» – деп, ата-ананың жауапкершілігін тек материалдық қажеттілікпен шектеу дұрыс емес екенін меңзейді. Бұл ойлар бүгінгі отбасылық құндылықтар дағдарысымен тығыз байланысты.

Қазіргі қоғамдағы отбасы құндылықтарының өзгеруі
      Соңғы жылдары Қазақстанда ажырасу мен тастанды балалар санының өсуі отбасы институтының әлсіреуіне әкелуде. Қазақстан Республикасы Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, 2022 жылы 128,4 мың неке тіркелген, бұл 2021 жылмен салыстырғанда 8,5%-ға аз. Сонымен қатар, ажырасу көрсеткіші 7,7%-ға төмендеп, 44,5 мыңды құраған. Осы мәліметтерге сүйенсек, тіркелген некелердің шамамен 34%-ы ажырасумен аяқталады, бұл қоғамдағы отбасы тұрақтылығының төмендеуін көрсетеді.
Ажырасудың негізгі себептері ретінде экономикалық тұрақсыздық, отбасылық құндылықтардың өзгеруі, жастардың некеге деген көзқарасының өзгеруі және әлеуметтік мәселелер аталады. Бүгінде жастар көбіне отбасылық өмірге материалдық тұрғыдан дайын болмай, жеке дамуға басымдық беруге ұмтылады. Сонымен қатар, цифрлық дәуірдегі жылдам ақпарат алмасу дәстүрлі отбасы институтының маңыздылығын төмендетіп, қарым-қатынастардың қысқа мерзімді болуына әсер етуде.
Ажырасудың балаға әсері
       Толық емес отбасында өскен балалар түрлі психологиялық және әлеуметтік қиындықтарға тап болуы мүмкін. Зерттеулер көрсеткендей, ажырасқан отбасылардағы балаларда өзіне деген сенімсіздік, жалғыздық сезімі, агрессия немесе депрессия байқалады. Олар көбінесе ата-анасының біріне ренжіп, өзін кінәлі сезінеді.  Сонымен қатар, толық емес отбасында өскен балалардың академиялық жетістіктері төмен болуы, әлеуметтік ортаға бейімделуі қиындауы мүмкін.
       Психологтар ажырасу баланың болашақтағы қарым-қатынас құру қабілетіне де әсер ететінін айтады. Балалар ата-аналарының үлгісі бойынша сенімсіздік қалыптастырып, өз өмірлерінде де тұрақсыз некелер құруы ықтимал. Бұл қоғамдағы ажырасу шеңберінің қайталануына әкелуі мүмкін.
Абай Құнанбайұлының көзқарасы және қазіргі ата-аналарға ой салу
       Абайдың қара сөздері ата-анаға жүктелетін жауапкершілікті айқындап қана қоймай, бала тәрбиесіндегі негізгі ұстанымдарды көрсетеді. Оның ойынша, баланы дүниеге әкелу жеткіліксіз; оны тәрбиелеу, білім беру және қоғамға пайдалы азамат етіп өсіру – ата-ананың басты міндеті. Бүгінгі таңда ата-аналардың бала тәрбиесіне деген көзқарасында өзгерістер байқалады. Біріншіден, заманауи ата-аналар баланың интеллектуалдық дамуына көбірек көңіл бөліп, оны әртүрлі курстарға, қосымша білім беру орталықтарына бағыттайды. Екіншіден, цифрлық технологиялардың кең таралуы баланың әлеуметтік дағдыларына әсер етуде. Көптеген ата-аналар гаджеттерді тәрбиенің құралы ретінде пайдаланып, баланың шынайы өмірден алыстап кетуіне жол береді.
Мемлекет тарапынан да отбасы институтын нығайтуға бағытталған бірқатар бағдарламалар жүзеге асырылуда. Мысалы, «Отбасы банк» арқылы жас отбасыларды тұрғын үймен қамтамасыз ету, көпбалалы және аз қамтылған отбасыларға жәрдемақы бөлу, «Жас отбасы» жобалары аясында жастарға арналған тренингтер ұйымдастыру секілді шаралар қолға алынуда. Бірақ бұл шаралар отбасылық құндылықтарды толықтай қалпына келтіру үшін жеткіліксіз.
Абай Құнанбайұлының бала тәрбиесі жөніндегі ойлары бүгінгі күні де өз маңызын жойған жоқ. Бала тәрбиесі – ата-ананың ғана емес, тұтас қоғамның міндеті. Жауапты ата-ана ғана баласының болашағына саналы түрде ықпал етіп, оның тұлға ретінде қалыптасуына жағдай жасай алады.
Қазіргі қоғамдағы отбасы институтын нығайту үшін бірнеше негізгі бағыттарды ескеру қажет:
1.⁠ ⁠Ата-аналарға психологиялық және құқықтық кеңес беру жүйесін дамыту.
2.⁠ ⁠Отбасылық құндылықтарды насихаттайтын әлеуметтік жобаларды арттыру.
3.⁠ ⁠Мемлекет тарапынан жас отбасыларды қолдауды күшейту.
     Баланы тек өмірге әкелу емес, оны тәрбиелеу, дұрыс бағыт беру – әрбір ата-ананың басты міндеті. Бұл түсінік отбасылық тұрақтылықтың негізі болмақ.

«Journiverse» білім беру орталығының оқушысы: Ермек Елзада

 


Пікірлер (4)

Мөлдір

Керемет

Еңлік

Керемет мақала!

Мөлдір

Тамаша????????❤️

adina

керемет????????????

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз

Пікірлер