Өлең, жыр, ақындар

Оян,қазақ! Міржақыптың үндеуі һәм бүгінгі заман

Пай-пай,шіркін,қазағымның әдебиет майданындағы жауынгерлерінің майталмандығына шүбә келтірер жан жоқ-ау,сірә?! Ұшы-қиыры жоқ ұланғайыр атыраптың қай тұсына тұғырыңызды қадасаңыз да қазақ майталмандарының туындылары сізді жебеп тұрары сөзсіз.Бар ғұмырын дана қазақтың рухы мен санасын оятуға арнаған әдебиет майданындағы жауынгерлер халқымыз үшін әрқашан қадірлі.Шығармашыл тұлғаның қаламынан қашалып шыққан туынды қай кезде де әлемдік деңгейде ұлттың ерекшелігін танытады. Әдебиет майданында қолындағы қыл қаруымен талай өткелді еңсерген қазақтың аса көрнекті ағартушысы,қоғам қайраткері,ақын,жалынды жазушысы-Міржақып Дулатұлы.

Алыстан Алаш десе аттанамын,
Қазақты қазақ десе мақтанамын.
Болғанда әкем қазақ, шешем қазақ –Мен неге, қазақтықтан сақтанамын?!-осынау өлең жолдарынан Міржақыптың қарға тамырлы қазақ үшін,айбарлы алты алаш жанын қиған асыл арыстарымыздың бірі екеніне көз жеткізуге болады.Осы жолдардан кейін ұлы қазақ тұлпарларына жүген салып, мызғымас боп орныққан ертоқымдары мен қолға қамшы алып «Алаш» аттанды.

Азаттықты аңсаған алаштықтардың ғұмыры қысқа болғанымен, егемендіктің елес емес екенін аңғартты, ең ақыры болашақ һәм бүгінгі тәуел­с­іздіктің негізін қалады.Дегенмен арыстарымыз жеткізген тәуелсіздіктен кейін еңсені көтеру оңай болған жоқ.Еңселі болу үшін бұрынғының адалдығы мен еңбекқорлығы жетіспеді.Тарихқа көз жүгіртсек алаш жетістіктері ел мен отанға деген сүйіспеншіліктен туған.Олардың әр айтқан сөздері тікелей қазаққа арналды.Жүректері қазақ деп соқты.Күмбірлеген тілдерінде қазақтықтың үні болды. Олар қазақ халқының ұлттық сана-сезімін оятуға, тәуелсіздікке ұмтылуға және білім мен мәдениеттің маңыздылығын түсіндіруге бағытталған публицистика мектебін қалыптастырды.

Көсемсөз – халықтың ой-санасын оятатын, ұлт тағдырын таразылайтын ұлы күш. ХХ ғасыр басында қазақ қоғамы күрделі өзгерістерді бастан кешіріп, ұлттық болмысын сақтап қалу жолында күрес жүргізді. Осы күресте қаламын қару еткен Алаш зиялыларының ішінде Міржақып Дулатұлының орны ерекше. Ол өз заманының көсемсөзшісі ретінде елдің ең басты мәселелерін қағаз бетіне түсіріп, ұлт санасын жаңғыртты.Алаш сенім артқан жастардың өсиетке өрескелдік жібермей,көк туымызды әрқашан биіктіктен көрсетуде.Өскелең ұрпаққа алаш арыстарының азаматтығы мен алаш көсемсөзін ұмыттырмаған жалынды жастарымыз жетерлік.Тектілердің артынан ерген тектінің ұрпақтары ешқашан өздерін дәлелдеуден шаршаамайды.

Міржақыптың көсемсөздерінде жер мәселесі ерекше орын алады. Қазақ халқының ата қонысы отаршыл саясаттың құрбанына айналып бара жатқанда, ол “Жер мәселесі” атты мақалаларында қазақтың өз жеріне иелік ету құқығын қорғады. Міржақып Дулатұлының көсемсөздері – Алаш ұранды қазақ баласының ой-санасын оятқан, азаттыққа деген ұмтылысын арттырған құнды мұра. Ол қаламының қуатымен ұлтының болашағына қызмет етті. Бүгінгі тәуелсіз Қазақстан үшін де оның еңбектері өзекті. Себебі оның көтерген мәселелері – ұлттық бірлік, жер тұтастығы, тіл тағдыры – әрқашан маңызды болмақ. Міржақып Дулатұлы – көсемсөздің асқақ рухын қалыптастырып, қазақ публицистикасын жаңа деңгейге көтерген ұлы тұлға.

Қазақтың басын бір шаңыраққа қосу көрінген көк аттының қолынан келе бермейді.Ол үшін өзгеше бір сана,шексіз патриоттық сезім қажет.Бүгінде Міржақып атамыздың туғанына 140 жыл толыпты.Осыншама жыл алаштың санасында сақталып қалу оңай емес.Өмірден өтсе де, Міржақыптың рухқа толы жалын жырлары ел есінде мәңгі жаңғыра бермек.Қасық қан қалғанша Алаштың туын көтеріп,Алаш азаматтарының азаттығын ойлаған Міржақыптай тұлғаларымыз көп болғай.Кемел заманда кемелденіп жүрейік,әз-жұртым!

 

 

Ыбырай Ақерке Cержанқызы

11-сынып

«Мектепке дейінгі шағын орталығы бар Дінмұхамед Қонаев атындағы орта мектеп»коммуналдық мемлекеттік мекемесі

Жетісу облысы Алакөл ауданы Бескөл округі


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз