Өлең, жыр, ақындар

Қазақ тілді контент неге аз?

      Қазақ тілі – елдің болмысы мен болашағының айнасы. Бірақ бүгінгі ақпараттық ғасырда бұл айнадан өз бейнемізді көру қиындап бара жатқандай. Теледидар, әлеуметтік желілер, YouTube, TikTok сияқты алаңдарда қазақ тілді контенттің үлесі өте аз. Жастар мен балалар өз тілінде емес, өзге тілде сөйлейтін кейіпкерлерге еліктеп өсіп жатыр. Бұл мақалада қазақ тілді контенттің аз болуының себептері мен салдарын талдап, оны шешудің жолдарын қарастырамыз. Негізгі мақсат – «Қазақ тілі заман талабына ілесе ала ма?» деген сұраққа жауап беру.

      Бүгінде ақпараттың негізгі көзі – интернет. Қалаларда да, ауылдарда да жастар TikTok, YouTube, Instagram сияқты платформалардан жаңалық оқып, видео қарап, танымын кеңейтеді. Алайда бұл платформаларда қазақша контент іздеген адам көбіне орысша немесе ағылшынша материалдарға тап болады. Оның басты себебі – қазақ тілді контенттің аздығы және қолжетімсіздігі.

     Қазақ тілді аудиторияның өзі отандық контентті аз тұтынады. Көпшілік көрермен дайын, сапалы орыс немесе ағылшын тіліндегі видеоларға үйреніп қалған. “Қазақша контент қызық емес, тартымсыз” деген қате пікір қалыптасқан. Контент жасаушыларға қолдау жетіспейді. Жас блогерлер мен журналистер қазақша видео, подкаст, мақала жасағысы келсе де, оларға техника, команда, қаржылай қолдау қажет. Жарнама берушілер де қазақ тілді аудиторияны коммерциялық жағынан тиімді деп есептемейді, және бұл шығармашылыққа үлкен кедергі келтіреді. Қоғамда қазақ тілін тек ресми ортада қолданылатын «салтанатты тіл» ретінде қабылдау әлі де орын алып жатыр. Күнделікті сөйлесуде, заманауи технологиялар мен өнерде қазақ тілінің пайдаланылуы өте сирек. Кей жастар қазақша сөйлеуден ұялады немесе оны ескілікпен байланыстырады – бұл санада қалған отарлық түсініктің көрінісі.

     Балаларға арналған қазақша контенттің жоқтығы – ерекше мәселе. Балалар мультфильм, ән, ертегі арқылы тіл меңгереді, бірақ бүгінгі күні қазақ тіліндегі анимациялар мен ойын форматындағы видеолар өте аз. Көп ата-ана амалсыздан баласына орысша немесе ағылшынша мультфильмдер мен бейнероликтер қосады. Бұл баланың тілді түсінуіне де, сөйлеуіне де кері әсерін тигізеді. Болашақ буын ана тілін екінші қатарға ысырып, бөтен тілдің мәдениетінде өсіп жатыр. Ана тілге деген махаббатты қалыптастыру – балалық шақтан басталады.

      Бұл мәселені сандар да дәлелдейді. Қазақстандағы YouTube-тағы ең танымал 10 арнаның барлығы орыс тілінде жүргізіледі. Мысалы, алғашқы орындарда тұрған Tuzelity SHUFFLE, Family Box, Kikido, Vikishow, ShadowPriestok секілді арналар – таза орыс тілінде. Қазақстанда құрылған BIP House пен Yolo House сияқты танымал TikTok/YouTube жобалары да орыс тілінде сөйлейді. Осыған қарап-ақ, қазақтілді көрерменнің ақпарат кеңістігінде әлі де шетте қалып отырғанын айқын көруге болады. Алайда үміт бар. Соңғы жылдары қазақша TikTok жобалар, подкасттар, Instagram беттері көбейіп келеді. Жастар мен ересектерге арналған терең әрі шынайы сұхбаттарымен танымал DopeSoz, әйелдердің дауысын көтеретін Мамский әңгіме, өмірлік мәні бар ой қозғайтын Шырағың сөнбесін және мәдениет, сана тақырыбын қамтитын AINA сияқты подкасттар – қазақ тіліндегі заманауи медианың дамып келе жатқанының дәлелі.

     Мемлекеттік қолдауға келер болсақ, 2024 жылы Парламент Мәжілісінің депутаты Асхат Аймағамбетов балалардың сапалы қазақ тіліндегі мультфильм көруі үшін 350 миллион теңге бөлу нормасы заңға енгізілгенін мәлімдеді. Аймағамбетовтың айтуынша, қазіргі таңда қазақ тіліндегі мультфильмдер өте аз, ал YouTube-та мүлде жоқтың қасы. Сондықтан бұл қаражаттың бөлінуі – балаларға арналған сапалы, заманауи контент өндірісіне жол ашатын нақты қадам. Ең бастысы – бұл мультфильмдердің тек телеарнада ғана емес, YouTube секілді еркін платформаларға жүктелуі де заңмен бекітілген. Бұл бастама – қазақ тілді медианың дамуына берілген маңызды серпін.

     Қазақ тілді контенттің аздығы – техникалық немесе қаржылық мәселе ғана емес, бұл – қоғамның ана тіліне деген көзқарасының айнасы. Біз қазақ тілінде сөйлегеніміз үшін емес, сөйлемегеніміз үшін ұялуымыз керек. Тіл – тек сөз емес, ол – халықтың санасы. Егер біз қазақ тілін құрметтеп, қолдап, қолдансақ, ол кез келген салада өмір сүре алады. Әлеуметтік желіде қазақша сөйлеп, жазып, бөліссек – өзгеріс осыдан басталады. Болашақ журналист ретінде менің парызым – осы өзгеріске үлес қосу. Қазақ тілді контент аз болса, оны көбейту – біздің қолымызда. Қазақ тілі – заманға лайық. Ендеше, оны заман талабына сай етіп жеткізу – Қазақстан Республикасының әрбір азаматы мен азаматшасының міндеті.

«Journiverse» білім беру орталығының оқушысы: Сағындық Жанель


Пікірлер (1)

ЖАНАБЕК

Өте орынды өзекті мәселе

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз