Өлең, жыр, ақындар

Gap Year: Қазақстанда бір жыл демалу — батылдық па, әлде жалқаулық па?

«Сен оқуға түстің бе?» — мектеп бітіру кешінен кейін ең жиі қойылатын сұрақтардың бірі. Бұл кейде жай қызығушылықтан қойылған сұрақ ретінде емес, көбіне тіпті үкім сияқты естіледі: «Оқуға түспесең, сенен ештеңе шықпайды» деген тұжырымның астары жатады. Ал сол сұраққа: «Жоқ, мен бір жыл үзіліс алдым» деп жауап берсең, сұрақ қоюшының қабағы шытылып, күмән ұялаған көзқарасқа тап боласың. Қоғам үшін Gap Year — шетел байларының ермегі немесе «бос жүрген» жастардың сылтауы ғана сияқты көрінуі мүмкін, бірақ шындық басқада.

Ханзада Уильям 2000 жылы Gap Year алып, Белиз бен Чилиде ерікті болды, Африканы аралап, Англияда сүт фермасында еңбек етті. Інісі Гарри де сол жолмен жүрді. Олар арқылы бұл ұғым Ұлыбританияда одан әрі танымал бола түсті. Ал 2016 жылы АҚШ-тың бұрынғы президенті Барак Обаманың қызы Малия Gap Year алып, Испанияда елшілікте тәжірибеден өтті, Перу мен Боливияда саяхаттап, Нью-Йоркте кино саласында жұмыс істеді. Ол өзіне уақыт пен мүмкіндік беріп, өз жолын жүріп өтті. Бұл — Малияның өз-өзіне жасаған инвестициясы. Мұндай шешім — шетелге тән құбылыс. Бұл — саналы түрде жол іздеген жастардың таңдауы. Мысалы, АҚШ-та жыл сайын 40–60 мың студент Gap Year алады. Олардың 90%-ы кейін университетке қайта оралып, жоғары нәтижелерге қол жеткізеді. Австралия мен Ұлыбританияда жүргізілген зерттеулер де бір жыл үзіліс алған студенттердің академиялық көрсеткіштері жоғары болатынын дәлелдеген.

Gap Year — бұл адамға өз өміріне басқа көзқараспен қарап, жаңа бағыт табуға мүмкіндік беретін ерекше кезең. Бұл уақыт ішінде адам жаңа қабілеттерін ашып, өзіне мүлде басқа қырынан қарай алады. Көп жағдайда бұл бір жыл адамды мүлде басқа ортаға, басқа өмірге жетелейді. Мәселен, Gap Year кезінде жаңа тіл меңгеріп, басқа мәдениетпен етене танысып, жаңа ортада өмір сүруді үйренуге болады. Бұл тәжірибе шекараны кеңейтіп қана қоймай, ой-өрісті өзгертеді. Сонымен қатар, көп жас бұл кезеңде алғаш рет өз бетімен жұмыс істеп, қаржылық дербестікке аяқ басады. Бұл — үлкен өмірге дайындықтың маңызды бір бөлігі.

Оған қоса, мектеп немесе колледжден кейінгі күйзеліс, ішкі шаршау осы бір жылда біртіндеп сейіледі. Адам өзімен өзі қалып, жан дауысын тыңдауға, ішкі үйлесімді табуға мүмкіндік алады. Нәтижесінде, өзіне деген сенімділік оянып, болашағына нық қадам басады және ең маңыздысы — адам жүрегімен қалаған мамандығын саналы түрде таңдайды.

Алайда Қазақстанда Gap Year ұғымы әлі де толық қабылданбаған. Мұндай шешімді көпшілік түсіне бермейді. Қоғамда әлі күнге дейін «оқымаса — адам болмайды» деген көне түсінік бар. Ата-аналар баласының қатарластарынан қалып қоюынан, өмірден кешігіп қалуынан қорқады. Мұндай шешімнің нәтижесіз болуынан үрейленеді, себебі дұрыс жоспарланбаған бір жыл, расымен де, босқа өтіп кетуі мүмкін. Сонымен бірге, елімізде Gap Year туралы ашық айтылған үлгі де, нақты тәжірибе де аз. Сондықтан да жастар өзіне мұндай мүмкіндік беруге қорқады, қолдамайды, түсінбейді, қолдау таппайды.

Мен үшін бұл бір жыл — маңызды өмірлік кезең болды. Осы уақыт ішінде мен оқу, жұмыс, жеке даму сынды бірнеше бағытты сынап көрдім. Түрлі салалармен таныса отырып, өз қызығушылықтарымды анықтадым. Алған тәжірибемнің арқасында болашақ мамандығым туралы нақты шешім қабылдауға мүмкіндік туды. Бұл жыл менің өзімді жақсырақ тануыма себеп болды. Өзіме сұрақ қойдым: «Нені жақсы көрем? Неден қуат аламын? Не үшін өмір сүргім келеді?» Осы сұрақтар мені журналистикаға әкелді. Gap Year — менің өз-өзіме берген ең үлкен сыйым болды десем, қателеспеймін.

Gap Year — өзіңді табуға, түсінуге, қайта құруға берілген керемет мүмкіндік. Бұл уақытта жаңа қабілеттер ашылады, жаңа армандар туады, ескі қорқыныштармен қоштасуға себеп табылады. Сен бүгін өзіңе мүмкіндік берсең, ертең өзің өзгеге жол көрсететін шам боласың. Ең үлкен ерлік — өз өміріңді өзіңе лайық етіп сүру, және Gap Year — сол ерліктің алғашқы қадамы бола алады. Қалай пайдаланатының — әрбір адамның өз қолында.

«Journiverse» білім беру орталығының оқушысы: Сағындық Жанель


Пікірлер (1)

Арыстан

Ойланатын нәрсе екен

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз