Эссе және өлең-жыр байқауы

Америкада бағдарламалауды қалай тегін оқуға болады?

Бүгінде ІТ саласы нарықтағы сұранысқа ие сфералардың бірі. Бұл саланы мықты меңгерген өз ісінің шеберлері әлемге танылған Google, Facebook сияқты компанияларда жұмыс істейді. Егер сіз осы мамандықты игергіңіз келсе міндетті түрде университетте төрт жыл оқудың қажеті жоқ. «ІТ астанасы» аталған Кремний Алқабында 42 Silicon Valley мектебі бар. Білім ордасы бағдарламалауды қысқа уақытта оқытады  әрі тегін. Қазіргі уақытта осы мектепте оқып жүрген Ажар Нургалинова бізге қалай түсуге болады, қанша уақыт оқитындығы жайлы айтып берді.

Ажар Нургалинова — Алматыда туып-өскен. №54 И. Панфилов атындағы Қазақстан – Ресей мамандандырылған мектеп — гимназиясының  түлегі. Мектептен кейін Халықаралық ақпараттық технологиялар университетінде қаржы мамандығында оқыған.

«Университетім техникалық бағытта болғандықтан бізге бағдарламалау сабақтары да өтілді. Алайда мен оған онша мән бермей көп уақыт бөлмейтінмін. Былтыр (2018 ж) университетті бітірген соң Америкаға барамын деп шешім қабылдадым. Виза жағына тоқталсам, менде грин карта болды. Грин картаны апайымның отбасына қауышуы үшін алдым яғни менің апайым АҚШ-қа осыдан 20 жыл бұрын қоныс аударып, енді туған бауырымен (менің әкем) қауышуға өтініш берген. Солай отбасымның бәрі грин картаға қол жеткізді»

42 Silicon Valley

Ажар, грин карта алған соң осыдан бір жыл бұрын АҚШ-қа келіп мамандығы бойынша жұмыс іздеген. Алайда Америка бәсекелестік өте жоғары ел болғандықтан жұмыс та бірден табыла қоймаған. Арада біраз уақыт өткен соң ол сол жақтағы қазақтардан 42 мектебі жайлы естиді. 

«Осыдан бір жыл бұрын 24 қыркүйекте Америкаға ұшып келдім. Ол кезде бағдарлама жазамын-ау деп мүлде ойлаған жоқпын. Кремний Алқабындағы жергілікті қазақтардан 42 Silicon Valley мектебі жайлы естідім. Мектепке өтінім берген соң мені кішігірім турға шақырды. Сол кезде 42 мектебінде өзімді сынап көргім келді. Бастапқы уақытта тұратын жер тегін берілетіндіктен кішкене осында тұра тұрамын, бірақ программист болмаймын деп ойлағанмын. Алайда компьютер алдына отырған ең алғашқы күннен кейін бағдарламалау маған ұнайтындығын түсіндім, себебі код жазғанда сен миыңды барынша істетуге тырысасың».

Кейіпкеріміз сұхбат барысында 42 Silicon Valley мектебіне кеңінен тоқталды. Оның айтуынша аталмыш оқу орнының ерекшелігі оқытудың өзгеше жүйесі яғни өзіңе-өзің мұғалімсің. Алайда білім ордасы студенттік виза бермейтіндігін атап өтті.

«42 Silicon Valley — бағдарламалауды стандартты емес әдіспен оқытатын мектеп. Калифорния штаты Фримонт қаласында орналасқан. Оқу — тегін. Негізі 42 мектебінің басқа франшизасы да тегін болуға тиіс. Неге тегін? Себебі бағдарламалау мектебі француздық мултимиллиардер Нельс Ксавьеның басшылығымен 2016 жылы ашылған. Ол кісінің мектепті ашудағы басты мақсаты — білікті маман болу үшін міндетті түрде төрт жыл университте оқудың қажеті жоқ екендігін дәлелдегісі келген. Бүгінде 42 мектебінде 1000 жуық студент бар. Сондай-ақ бұл білім ордасы студенттерге тегін жатақханада да береді. Алайда 42 мектебі аккредатацияланбаған оқу орны, сондықтан студенттік визаны бермейді. Виза — мектептің емес, сіздің жеке проблемаңыз. Көп жағдайда шетелдік студенттер мұнда туристік виза бойынша келеді. Егер туристік виза бойынша келсеңіз, мұнда оқуға тек 6 айға ғана рұқсат етілген. Сіз виза уақыты біткенде АҚШ-тан кетіп қайтадан виза алып сол тоқтаған жерден жалғастыра аласыз. Сонымен қатар мектеп Calcc тіл колледжімен серіктестік орнатқан. Бұл колледж 42 мектебінің студенттеріне виза береді. Алайда виза алу үшін сен колледж сабақтарына қатысып, курс ақшасын төлеуге тиіссің. Әйтпесе визадан айырыласың. Жоғарыда айтқанымдай, мұнда грин картамен келдім».

Өзіңе-өзің мұғалімсің

«42 мектебінің ерекшелігі — бұл жерде мұғалім де, пән де және нұсқаулық та жоқ. Студенттерге тек тапсырмалар мен оның жауабы яғни соңғы нәтижесі беріледі. Әрі қарай өзің іздейсің. Бұл жерде біз қалай дұрыс оқу керек екенін үйренеміз. Мұнда бір нәрсені үйретпегендігін, бірдеңені білмейтіндігін немесе бізге жеткілікті білім бермегендігі үшін айыптайтын мұғалім жоқ. Бұл жерде өзіңе-өзің мұғалімсің. Егер бірдеңені білмесең өзің кінәлісің. Мектепте білім ала жүріп өзгелермен тіл табысуды үйренесің. Себебі орындаған әрбір жоба мен тапсырмаң әрдайым басқа студенттер тарапынан тексерілуі керек. Ал оқу ұзақтығы әр студенттің сабаққа қанша уақыт бөлетіндігіне байланысты. Мектеп — халықаралық, мұнда шетелдіктермен қатар америкалықтардың өздері де білім алу үшін келеді»

Қалай түсуге болады?

Мектеп ғимараты оқуға қажетті компьютермен жабдықталған. Сондықтан өзіңізбен бірге компьютер/ноутбук болуын талап етпейді. Тіпті бағдарламалаудан еш хабарыңыз жоқ болса да тапсыруыңызға болады. Мұнда бағдарламалауды деңгей-деңгейімен өзіңіз үйренесіз. Тапсыру үшін 42.us.org сайтына кіріп форманы толтыру қажет. Мектепте түсу үшін әрбір студент міндетті түрде ұзақтығы 28 күнге созылатын интенсивтен өтеді. Ол Piscine деп аталады, француз тілінен аударғанда бассейн деген мағынаны білдіреді. Piscine кезінде студенттер бағдарламаларды интенсивті түрде оқиды. Тіпті басқа нәрсемен айналысуға мүмкіншілік болмайды. Саған күнделікті тапсырмалар беріліп отырады. Әр тапсырманы орындауға екі күн уақытың бар. Дедлайн 23:42. Тапсырманы орындау керектігі ғана айтылады, әрі қарай қалай орындайтыныңды өзің іздейсің. Google мен айналаңдағы адамдар ең жақын досыңа айналады. Әрбір тапсырмада мынадай сөз жазылған: «Қалай орындауды білмесең, оң жағыңдағы көршіңнен сұра, ол білмесе сол жағыңдағы көршіңнен сұра, ол да білмесе — Google-дан ізде» Писцин кезінде әр жұма сайын емтихан болады. Әрбір емтиханда 0 деңгейден 10 деңгейге дейін тапсырмалар беріледі. Өткен деңгейіңе қарай балл жинайсың. Сенің емтиханың Success деп белгіленуі үшін 100 баллдан кемінде 25 балл жинауың керек. Piscine аяқтаған соң сізді қалдырама әлде жоқ па «олар» шешеді. Егер писциннан сәтті өтсең, онда сені негізгі бағдарламаға қабылдайды. Piscine кезінде де одан кейін де ешкіммен жарыспаңыз, керісінше дос болыңыз. «Жарыспаңыз, дос болыңыз» — мектептің негізгі ұраны. Мен писциннан қаңтар айында өттім. Мен үшін писцин өте қиын болды. Бірақ әйтеуір сәтті тапсырып негізгі оқуды ақпан айынан бастадым. Әрине, бағдарламалауды меңгеру оңай емес. Әсіресе жұмыс пен сабақты қатар алып жүрген кезде тіпті қиын болады. Алайда бұл уақытты дұрыс жоспарлап тайм менеджментте қабілетіңді дамытуға көмектеседі. Қазіргі уақытта мен тек С, CSS және кішкене php тілдерін білемін. Бұл мектепте біз негізінен С бағдарламалау тілін оқимыз.

Есте қалған оқиғам 4 апталық писцин кезінде менің тамақ ішіп, ұйықтауға ғана уақытым болды. Тіпті проблемаларды ойлауға мүмкіндігім болмады. Жоғарыда осы төрт апталықта әр жұма сайын емтихан болады деп айттым ғой. Мен сол үшінші апталық жұмадағы емтиханға қатты дайындалдым. Түнімен ұйықтамадым. Тіпті экзаменнен өтпейтініме сенімді болып, берілуге дайын болдым. Жүйкем жұқарып, мазам болмады. Біреу тиссе жылап жіберуге әзер тұрдым. Емтихан енді болайын деп жатыр, ал мен берілеуге дайынмын. Сонымен, ертеңінде емтихан басталды. Компьютер алдына отырып емтиханға кірістім. 0 деңгей маған оп-оңай болды. 1-деңгей тапсырманы түбіне дейін толыққанды түсінбедім. Ұйқым қанбағандықтан емтиханда әрбір ұсақ-түйек заттың өзі үлкен нәрсе сияқты болып қабылданды. Бірақ ойымды жинақтағанда миым жұмыс істей бастады. Шок! Мен код жаздым. Жауабым тексерілімге кетті. Әрбір тапсырманы орындаған соң жауаптары дәл сол уақытта тексеріледі. Код дұрыс жауапты көрсетті! Мен тапсырманы дұрыс орындадым!!! Менің қолымнан келді!» деп қуанышымда шек болмады. Сол кезде қалай бақытты болғанымды сөзбен айтып жеткізе алмаймын. Success! Мен өту балын жинадым яғни емтиханнан өттім. Түнде емтиханнан өте алмайтыныма сенімді болсам, ал енді өттім. Осы кезім жадымда ерекше сақталды.

Бәріне белгілі, Кремний Алқабы «ІТ астанасы» болып табылады. Сондықтан ІТ сферасында Silicon Valley өте көп мүмкіндіктерге толы жер. Технологиядағы ең жаңа өнертабыстарды Кремний Алқабынан көруге болады. ІТ астанасында үздіктердің үздігін кездестіріп пікір алмасып олармен араласа аласың. Мұнда ІТ сферасындағы үлкен-үлкен компаниялардың жетістікке жету құпиясы айтылатын технологиялық конференцияларға қатысуға мүмкіндігің бар. Мұндағы өмір қайнап жатыр әрі ешқашан бір орында тұрмайды. Бәсекелестік артқан сайын онымен бірге технология да дамуда. Кремний Алқабында көп нәрсе трендте. Қазіргі уақытта сұраныста — Machine learning, AI, VR. Ал бағдарламалаудан python, Java тілдеріне басымдық беріледі. Қазіргі уақытта мен 42 мектебінде оқып жүрмін. Әлі студентпін. Бәлкім, жарты жылдан кейін ІТ сферасынада жұмыс іздестіретін шығармын. Software Engineer позициясы бойынша жұмыс істеймін деп ойлаймын.

Қания Табыс

Гонконгтағы оқуы мен өмірі, ондағы қиындықтары жайлы қазақ жігітінің әңгімесі

Шетелде білім алу: University of Strathclyde

Америкада білім алу: University of Pittsburgh

FLEX: Америкада бір жыл тегін оқу мен өмір

Гарвард туралы біле бермейтін 7 қызықты дерек

Алмасып шетелде оқудың артықшылықтары


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Басқа да жазбалар

Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Басқа сайттағы жаңалықтар:

Жүктелуде...