Өлең, жыр, ақындар

FLEX: Америкада бір жыл тегін оқу мен өмір

FLEX — Америкалық мектепте тегін бір жыл білім алуға мүмкіндік беретін бағдарлама. Қазіргі уақытта осы бағдарламаның іріктеу кезеңі өтіп жатыр. Бүгінгі кейіпкеріміз бағдарламаның өткен жылғы финалисті Нұрдана Рахымова. Маңғыстау облысының Ақтау қаласында дүниеге келген. 18 жаста. Ақтау қаласындағы химия-биология бағытындағы Назарбаев Зияткерлік Мектебінің 12-сынып оқушысы. 2018-2019 оқу жылдары FLEX бағдарламасымен Hindsale Public School-да бір жыл оқып келген. Кейіпкеріміз FLEX бағдарламасы, Американың білім беру жүйесі, оқыған мектебі жайлы айтып берді.

Қалай финалист атанғандығы жайлы

Мен FLEX бағдарламасы жайлы «ВКонтакте» әлеуметтік желісінен білдім. Сосын конкурстарына қатыстым. Сол уақытта конкурстық іріктеу бұрынғы №4 Гимназия мектебінде (қазіргі IT-лицей, менің бұрынғы мектебім) өтті. Конкурстық іріктеу үш кезеңнен тұрды. Бірінші, ағылшын тілі деңгейін анықтауға арналған 15 минуттық тест. Екінші кезең — үш эссе жазу. Тестілеудің соңғы яғни үшінші кезеңінде SLEP тесті, екі эссе, сұхбат, топтық ойын және сауалнаманы толтырдық. SLEP — TOEFL тестіне ұқсайды, бірақ оған қарағанда жеңіл түрі. Ал эссені мынадай тақырыптарда жаздық: «3 жыл ішінде сізде қандай үлкен өзгерістер болды?» «Достарыңызбен немесе отбасыңызбен түсініспеушілік болған жағдайды сипаттаңыз, сіз не істедіңіз?» «Қандай өмірлік қиындықтарға тап болдыңыз және оларды қалай жеңдіңіз?» «Өзіңізді қандай үш сөзбен сипаттай аласыз, неге?». FLEX (Future learders Program) бағдарлама атын қазақшаға аударғанда болашақ көшбасшылармен алмасу яғни олар оқушының бойындағы жетекшілік, көшбасшылық қасиеттерге назар аударады. Мен өзімнің жауапкершілік пен көшбасшылық қасиеттерімнің арқасында бағдарламаның финалисті атандым деп ойлаймын.

Америкадағы өмірі

Мен Монтана штатында, Хинсдейл қаласында қабылдаушы отбасыммен тұрдым. (Hinsdale, Montana). Қабылдаушы отбасындағы маған әке болған кісі 39 жаста, мамандығы — инженер. Ал ана ретіндегі әйел адам 40 жаста, үй шаруасында. Олардың бір қыздары бар, 9 жаста, мектепте оқиды. Қабылдаушы отбасымның үйінде иті болды. Олар иттерін қатты жақсы көреді. Онымен бірге бірнеше сағат бойы ойнап, жаңа командаларын үйретеді. Жалпы Американдықтар жануарларды ешқашан төмендетпейді. Сондай-ақ  жануарларды әрдайым отбасының бір мүшесі ретінде қабылдайды. Бұл Америкада тұрғанда өзіме әсер еткен ерекше жағдай болды. Американдық өмірге 3-4 айдан соң үйрендім. Бірақ, әрине, бүкіл Америкамен танысу үшін тіпті бір жыл да жеткіліксіз ғой. Алғаш келгенде америкалықтар мені жылы қабылдады. Өйткені оларға жыл сайын кем дегенде бір Flex оқушысы келеді.

Қаржы жағынан

FLEX бағдарламасының демеушісі — Америка Құрама Штаттары Мемлекеттік департаменті. Бағдарлама барлық рейстердің құнын, медициналық сақтандыруды, қабылдаушы жанұяға орналастыруды және американдық мектепте бір жыл оқуға мүмкіндік беріп, оған қоса шәкіртақыны ұсынады. Сондай-ақ, бағдарлама жеке шығындар үшін ай сайынғы қосымша жәрдемақы да береді. Бұл ақша маған Америкада өмір-сүруіме жеткілікті болды.

Hindsale Public School

Мектебім Hindsale Public School деп аталады. Мектепте барлық санаттағы (балабақша, бастауыш, орта және жоғары сынып) оқушылармен оқыдым. Америкада 11-сынып оқушысы болдым. Қаламда адам саны аз қоныстанғандықтан (халық саны — 300 адам)  менің сыныбымда 4 оқушы ғана болды. Америкалық мектепте сіз өзіңіздің жеке сабақ кестеңізді жасай аласыз яғни әр оқушы сабақ кестесін өзіне-өзі жасайды. Мен өзімді қызықтырған пәндерден ауылшаруашылық, ауыр атлетика және хорды таңдадым, осы сабақтарды оқыдым. Ал математика, тарих секілді пәндер міндетті сабақтар. Мектебім кішкентай болғандықтан басқа қызықты (график дизайн сияқты) пәндер тандау мүмкіндігім шектеулі болды.

Бір күндік оқу күнімді қысқаша сипаттасам... Таңертең үйден шығып мектептің автобусына отырамын. Сабақ 8:30 басталады. Күніне 7-8 сабақ болады. Сабақ кестесі күн сайын бірдей. Сағат 11:30 түскі астың уақыты. Түскі ас — мен үшін күннің ең сүйікті бөлігі. Түстен кейін сағат 3:30 сабақ аяқталады. Сабақ біткен соң бірден баскетболға немесе жеңіл атлетикаға барамын. Ол сағат 4:00 баскетбол/жеңіл атлетика басталады да 6:30 бітеді. Кешке мені мектептен отбасым алып кетті. Үйде кешкі 7-ге таман болатынмын. Жалпы, Америкалық мектептегі өмірім күн сайын қызықты өтті.

Америкалық білім беру жүйесі жайлы

Американдық білім беру жүйесі оқушыларға қалаған салаларында дамуға мүмкіндік береді, бұл үлкен артықшылық! Таңдау еркіндігі бар. Мұғалімдер тек сабақ беруге ғана назар аударып қоймай, онымен қоса еріктілердің (волонтер) жұмысы мен спортқа да көңіл бөледі. Ал мұғалім мен оқушы қарым-қатынасы басқаша. Ол жақтағы мұғалімдер стресстен ада және сондай мейірімді. Алайда, Азия елдерімен салыстырғанда білім деңгейі айтарлықтай төмен. Көптеген Американдықтар Ресейдің, әлемдегі жер көлемі бойынша бірінші елдің, қай жерде орналасқанын білмейді. Қазақстан туралы айтудың мағынасы да жоқ. Біз бір оқу жылында бірнеше жыл қатарынан физика, химия және биологияны оқитын болсақ, олар бір оқу жылында тек бір ғана техникалық пәнді оқиды.

Мен бүгінгі күнге дейін өмірге тек оң көзқараспен қараймын. Өмірдің қиындықтары қазір маған қорқынышты болып көрінбейді. Америкаға барғанда жанымдағы достарым мен отбасымды бағалай білуді үйрендім. Сондай-ақ батыл әрі өз пікірімді сенімді түрде айта алатындай болдым. Flex бағдарламасына тапсыруға ниетті оқушыларға айтарым, батыл әрі сенімді болыңыз! Жақсыға ұмтылыңыз. Әлемде көптеген мүмкіндіктер бар — оны тек іздеп, жасау керек! Ешқашан ештеңеден қорықпаңыз!

Ата-анам бағдарламаға қатысуыма, шетелге шығуыма тыйым салмады. Себебі олар FLEX — әлемді көріп, өзге елдің мәдениетімен танысуға мүмкіндік береді деп сенді. Осылайша, мен Америкаға 2018 жылдың 7- қыркүйегінде ұшып, 2019 жылы 25-мамырда Отаныма оралдым.

Қания Табыс


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Пікірлер (2)

Аяжан

Біліммен қатар, жақсы, пайдалы өмірлік тәжірибе екен

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз

Басқа да жазбалар