Өлең, жыр, ақындар

Америкада білім алу: University of Pittsburgh

Айнұр Байқара — Қазақстан-Британ техникалық университетін бітірген. Қазіргі уақытта АҚШ-та Питтсбург университетінде магистратурада оқиды. Мамандығы IT саласы. Айнұр, шетелге оқуға қалай түскенін жəне сол жақтағы оқуы, өмірі жайлы айтып берді.

Халықаралық конференцияда

Мектепте оқып жүрген кезімде əкем «менің қызым Америкада оқиды» деп айтатын. Әкемнің сол бір ауыз сөзі ойымда жатталып қалған сияқты. ҚБТУ-ға ақпараттық жүйелер мамандығына түскен кезден бастап, шетелде оқу туралы жаңалықтарға көз салып, оқып жүрдім. Сонымен қатар ҚБТУ-дағы профессорлар АҚШ-та болып жатқан технологиялық жаңалықтармен бөлісіп тұратын. Сол кезде сол жаңалықтарға қайран қалып, «дамып жатқан технологиялық жаңалықтар не деген керемет, соларды дамытып жатқан ғалымдарға жақын болсам ғой» деп ойлайтынмын. Содан үшінші курстың соңына қарай шетелде оқысам деген ойымды жүзеге асыруда нақты қадамдар жасай бастадым. Алдымен көптеген университеттердің бағдарламаларын, студенттерге қандай мүмкіндіктер беретіндігін, қай жерде орналасқандығы туралы ақпараттармен таныстым. Содан кейін «Болашақ» бағдарламасына құжаттарымды жинадым. (Шетелде оқудың бағасы өте қымбат. Сондықтан «Болашақ» сияқты бағдарламалардан көмек қажет) Мен ағылшын тілі, қазақ тілі, психологиялық тест және интервью кезеңдерінен сүрінбей өтіп, стипендия иегері атандым. Ағылшын тілін жеткілікті дәрежеде білетінімді IELTS тесті арқылы дәлелдеп, оқығым келетін бірнеше университеттерге құжаттарымды өткіздім

University of Pittisburgh қалай түстім?

АҚШ университеттеріне түсу үшін тапсыратын құжаттарға тоқталсам. Бірінші міндетті түрде анықтама (анкета) толтырасыз. Екінші əр университеттің өзіндік талаптары (requirements) бар. Əдетте ағылшын тілін жетік білетініңіз туралы IELTS тестінен өзге қосымша GRE, GMATH тесттер бар. Менің мамандығым IT болғандықтан GRE тестін тапсырдым. Үшінші шетелдік студент болғандықтан олар ағылшын тілін білу деңгейіне де назар аударады. Тілге байланысты әр университеттің сұранысы әртүрлі. Егер IELTS тапсырсаңыз, бакалавиратқа IELTS 5.5-6.5 болса, ал магистратура мен докторантураға IELTS нәтижесі 7.0 жоғару болуы керек. Дегенмен тілге байланысты атап өткен талаптар үзілді-кесілді емес. Мысалы IELTS бірнеше рет тапсырып қажетті баллды белгілі бір себептермен ала алмайтын болсаңыз, комиссияға түсініктеме жазсаңыз болады. Жақсы жаза алатыныңызды көрсетсеңіз, оқуға түсіп кете аласыз. Төртінші университеттерге тапсыратын құжаттардың арасындағы ең маңызды құжаттың бірі ол — мотивациялық хат (personal statement). Бұл құжат арқылы комиссия мүшелері студентпен жақынырақ танысады. Сондықтан мотивациялық хатта жазған әрбір сөз маңызды. Əр университетті таңдау себебім əртүрлі болғандықтан бірнеше мотивациялық хат жаздым. Солардың барлығын тапсырып болғаннан кейін комиссия шешімін күттім. Комиссия сізді таңдаса, шақырту жібереді. Шақырту алған соң «Болашақ» бағдарламасы өз көмегін көрсетіп, магистратураға кететін шығынды қаржыландырады.  

Мен төрт университетке тапсырып, екеуінен шақырту алдым. Солардың арасынан Univеrsity of Pittsburgh таңдадым. Дәл осы университетті таңдау себебім, магистратурадағы оқу бағдарламасы студентке ыңғайлы құрастырылған. Қалай ыңғайлы дегенде, сабақ кестесінде пәндерді өзің таңдауға мүмкіндік береді. Кейбір жоғары оқу орындарының бағдарламалары ұнамады, себебі олардың бағдарламалары тек бір бағытпен жүреді де, оқу бағдарламасындағы пәндерді ауыстыруға студентке мүмкіндік бермейді. Ал University of Pittsburgh маған еркіндік бергендіктен осы университетті таңдадым. Университеттерді таңдаған кезде оқу бағдарламаларына (curriculum) көп көңіл бөлу қажет. Себебі мұндай оқу бағдарламалары болашақ мамандығына ден қойғысы келген студенттерге арналған деп ойлаймын. Мен магистратураға тапсырар кезде ақпараттық жүйелердің қай бағытында жұмыс жасағым келетіндігі жайлы нақты шешім қабылдамаған едім. Ақпараттық жүйенің ішінде бірнеше салалары бар: жасанды интеллект (Artificial Intelligence), деректерді талдау (Data Analyis), ақпараттың жүйелердің қауіпсіздігі (Information Systems Security), машиналарды оқыту (Machine Learning) және т.б. Магистратурада сол салалардың біреу немесе екеуін тереңдетіп оқытады. Питтсбург университетінің оқу бағдарламасы маған болашақтағы арнайы саламды таңдауға септігін тигізді.  

Шетелдегі оқу мен өмір

University of Pittsburgh АҚШ-тың Пенсильвания штатындағы Питтсбург қаласында орналасқан. Университет 1787 жылы негізі қаланған. Бакалавр, магистратура және докторантура студенттерін қосқанда 28 мыңға жуық шəкірт білім алады. Университет құрамында 17 колледж бен факультет кіреді. University of Pittsburgh медициналық зерттеулер бойынша аты шыққан. Бұл университетті public school дейді. Осы штат үкіметінің қаржыландыратын оқу орны. Жекеменшік емес. Сондықтан өте үлкен. Мен Питтсбург университетінде магистратураны бастамас бұрын, Филадельфиядағы Пенсильвания университетінде (University of Pennsylvania) жарты жыл ағылшын тілі курсын оқыдым. Екі университетті салыстырсам, маған University of Pittsburgh ұнайды. Себебі осы жерде студенттерге оқуға барлық жағдай жасалынған.

Шағын жоба жасау үстінде

Университеттегі профессорларым ашық, білімді әрі жақсы адамдар. Осы жердегі оқытушыларымның көбісі студенттердің белсенді болғанын және көп сұрақ қойғанын қалайды. Мен ең алғаш келген кездерде көп сауал сұрағаннан кішкене ыңғайсызданатынмын. «Ақымақ болып көрінгім келмейді» деп көп сұрақ қоймайтынмын. Бірақ профессорлар «ештеңе етпейді, сұраңдар» дейді. Осы жерде бір профессордың сөзін айтқым келіп отыр. Ол «сұрақ қойындар. Белгілі бір концепттерді түсінбесеңдер міндетті түрде сұраңдар, ал концепттердің барлығын түсінсеңіздер, менің орныма тұрып сабақ берулерің керек» деп айтқан болатын. Сол себепті мен сабақта өте белсенді болуға тырысамын. Сұрақтың сапасына қарамай түсінбеген кезде міндетті түрде сұраймын. Ақымақ болып көрініп қаламын-ау деп қорықпаймын. (Күлді)

Университеттің студенттерге беретін барлық мүмкіншіліктерін қолдануға тырысамын. Жақында оқу орнымның демеушілік жасауымен Хьюстондағы конференцияға қатыстым. (Grace Hopper Celebration 2018). Конференцияда өз саламның мықты мамандарымен таныстымен.

Мен алғаш келгенде оқу жағынан онша қиналған жоқпын. Бірінші семестрді бастаған кезде бағдарлама мен оқу жүйесі жайлы аса үлкен қиындықтарға жолықпадым. Бұл жағынан маған ҚБТУ-да алған білімім көп көмектесті. Сабақтардан қиналып жатсам, профессордың, докторанттардың немесе бірге оқитын студенттердің көмегіне жүгінемін. Жалпы оқығысы келген адамға көптеген есіктер ашық деп ойлаймын. Ал өмір сүру жағынан айтсам, АҚШ-тың əр штаты əртүрлі. Сондықтан əр штаттағы студенттер əртүрлі жауап беруі мүмкін. Мұнда келгенде тұратын жер табу қиын болды. Себебі магистратура студенттеріне жатақхана берілмейді, берген күннің өзінде ол ұзақ процесс. Оған үлгермей қалдым. Ал пәтерді қай сайтан іздеу керек, ол жағын мүлде білмедім. Маған сол жағы қиын болды. Қазір Питтсбург қаласында университетім маңында пәтер жалдап тұрамын. Басында бағалардың бәрін теңгеге аударатынмын. Маған тым қымбат болып көрінді. Кейін біртіндеп үйрендім. Питтсбург аса қымбат қала емес. Орташа. Қымбат қала деп Нью-Йоркті айтар едім.

Университеттің кітапханасы


Бір күні қалай өтеді?

Бір күнімді сипаттау қиын. Әр күнім әртүрлі өтеді. Орта есепке келтіретін болсам, бір күнім төмендегідей болады. Таңертең жұмысқа (кітапханада жұмыс істеймін) кетемін, содан кейін сабаққа барамын. Кітапханадағы жұмыс 2-3 сағаттан кейін бітеді, сонда да кітапханада қалып, сабағымды қараймын. Сабақ кейде түсте, кейде кеште болады. Соның арасында тамақ ішіп, тапсырмаларды жасап үлгіру қажет. Кестем тығыз болғандықтан бір күндік тамағымды алдын ала жасап, университетке өзіммен бірге алып келемін. Сабақ біткеннен кейін, спортзалға барып, жүземін немесе жүгіремін. Денемді жаттықтырып болғаннан кейін қайтадан кітапханаға оралып, үй тапсырмаларын орындаймын. Сондай-ақ студенттік ұйымның президентімін. Ұйымға байланысты тірліктерді сабақ арасында жасап үлгеруге тырысамын. Оның үстіне университеттегі лабораторияға барып, профессорларға тәжірибе жасау кезінде көмектесемін. Солай үйге яғни пəтеріме кеш батқанда келемін. Дүйсенбіден жұмаға дейінгі күндерім осылай болады. Ал демалыс күндері тек қана демалуды жөн көремін.

Студенттік ұйым

Студеттік ұйымның аты Data Dojo. 2017 жылы құрылған. Мен сайлаудан кейін 2018 жылдан бастап бір жылға ұйымның президенті болып тағайындалдым. Менің ұйымым мектептің басты ұйымына (SCIGSO) бағынады. Мектеп деген себебім, университет бірнеше мектептерден құралған. Менің мектебімнің аты School of Computing and Information. Сондай-ақ осы семестрден бастап мектептің ең басты ұйымының уақытша президенті болдым. Мені мектебімдегі студенттік шараларға жауап беретін маман тағайындады. Уақытша болған себебі, мектептің ең басты ұйымының жұмысын қайта жаңарту маңызды болды. Сондықтан мен және басқа екі ұйымның президенттерімен қосылып ұйымды орнына келтірудеміз. Басты мақсатымыз ұйымның басын біріктіру, келесі жылға жаңа үміткерлер іздеу, конституция жазу деген сияқты жұмыстарды атқарып жатырмыз. Одан бөлек студенттік ұйымның президенті ретінде студенттерге əртүрлі семинарлар ұйымдастырамыз. Кейде университеттегі сабақтарда үйретпейтін дағдылар (skills) бар. Себебі IT саласындағы технологиялық құралдар тез ауысып тұрады. Айталық, интернет парақшасын жасайтын бірнеше құрылымдар (frameworks) жыл сайын жаңарып тұрады. Сол ағыммен үлгеру мақсатында біздің ұйым индустриядағы өз ісінің мықты мамандарын шақырып, студенттерге арнап семинарлар жасап тұрады. Осы наурыз айының орталарына қарай API қолдану арқылы ақпарат жинап саралау туралы үш сағаттық семинар ұйымдастырып жатырмыз.

 

Студенттік ұйымның белсенді қатысушыларымен бірге

Студент статусына қандай жеңілдіктер бар?

Университетте студенттерге өте жақсы жағдай жасалынған. Кітапхана дүйсенбі мен бейсенбі аралығында 24 сағат жұмыс жасайды. Оқу орнымда төрт жаттығу (тренажер) залы, екі жүзу бассейні бар, тегін қызмет көрсетеді. Қалалық автобустар мен университеттің өз автобустары студенттерге тегін. Театрлар студеттерге жеңілдіктер жасайды. Кез келген дүкенге немесе қандай да бір жерге барғанда студеттік картаңызды көрсетсеңіз, 10-20% жеңілдік береді. Бірақ бұл жеңілдік барлық университеттерге тән деген сөз емес. Əр университеттің студенттерге беретін мүмкіншіліктері əртүрлі. Мен Питтсбург қаласына дейін Филадельфияда тұрып жарты жыл ағылшын курсын оқыдым деп жоғарыда айттым ғой. Онда тек кітапханада ғана жеңілдіктер болды. Ал Питтсбург қаласында студенттерге өте көп мүмкіншіліктер бар. Осы жағы өзіме қатты ұнайды. Бұл жерді студенттерге арналған қала деп те айтсам болады.

Шетелдіктердің Қазақстан жайлы пікірі

Жүрген жерімде Қазақстан туралы ақпараттарды таратып жүремін. Қазақстан жайлы білетін де білмейтін де адамдар бар. Білсе, Қазақстан туралы көбірек ақпарат беруге тырысамын, білмесе картаны ашып көрсетемін. Көбісі жеріміздің ауданының үлкендігіне таң қалады. Осыған қарап кейде географияны біздің елде ғана жақсы үйретеді ме деген ой келеді. Менің университетімдегі профессорлар Қазақстан туралы жақсы біледі. Олар көптеген жобаларға қатысып Қазақстанға іс-сапармен барған. Жақында университеттегі бір профессор Астанаға барып келді. Ол Елорданың суығына ғана шағымданды, ал қалғанынын барлығы ұнаған.

Нью-Йорктағы Top of the Rock ғимаратының ең жоғары қабатында

Data Center ашқым келеді

Қазақстанда «Болашақ» сияқты бағдарламаның болғаны үшін өте қуаныштымын әрі алғысым шексіз. Себебі осындай мүмкіндіктер көптеген елдерде жоқ. Осы бағдарламаның көмегімен мұхит асып өзге елде магистратурада оқуға мүмкіндік алдым. Алдағы уақытта Америкада алған білімімнің Қазақстанда қолданысын тапқанын қалаймын. Білім саласына қызығушылығым зор. Елге оралған соң ақпараттарды электронды түрге келтіріп анализ жасайтын Data Center ашқым келеді. Бұл орталық тек қана анализ жасап қоймай сол тарихи ақпаратпен болашақта болжамдар жасайды. Қазіргі уақытта АҚШ-та осы сала өте қарқынды дамып жатыр. Мен Қазақстанның сол ағымнан қалмай алға қарай дамығанын қалаймын!

Just do it!

Шетелде оқығысы келген жастарға айтатыным, арманың орындалғанын қаласаң, «Just do it» Кейде өзіңе қажет ақпаратты табу қиынға соғуы мүмкін. Бірақ соған қарамастан, ізденуді тоқтатпау керек. Менің сенімім бойынша талпынған адам өз мақсатына жетеді.

Қания Табыс

 

Оқуға кеңес береміз:

Гонконгтағы оқуы мен өмірі, ондағы қиындықтары жайлы қазақ жігітінің әңгімесі

Шетелде білім алу: University of Strathclyde

Шетелде оқудың артықшылықтары


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Пікірлер (2)

Берікқали

Оқу дегенің үйрену ал қалыпты ортаға қарағанда жаңа ортада үйрену тиімділігі арта түспек себебі барлық нәрсе жаңаша, басқаша. Адам басқа ортаға түскенде дамиды, өйткені дене, ми соған бейімделуге тырысады. Сол себепті шетелдегі ең мықты білім ордаларына барған абзал. Өмір қысқа, сол қысқа өмірді сапасы төмен университеттердің қабырғаларында тоздырмауымыз керек. Өміріміздің қайтып келмес әр бір сәтін барынша сапалы етіп өткізген жөн. Бүгінгі қадамдарымыз біздің ертеңгі болашағымыз екенін есте ұстап тиімді қадамдар жасайық ағайын.

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз

Басқа да жазбалар