Өлең, жыр, ақындар

СЫРҒА СЫРЛЫ САЯХАТ

Салиева Бақнұр Айбекқызы

          «Алыстан алты жасар бала келсе, алпыстағы қария келіп сәлем береді,» - деген қазақ мақалындағы көріністі бар жылы жұмсағын қонағына ұсынатын қонақжайлылығы, ата-бабадан сақталып келе жатқан салт-дәстүрі, тілі мен ділі сақталған, қаймағы бұзылмаған, тарихи-мәдени мұраларға  бай жер – Ұлы Жібек жолының бойында орналасқан Сыр елінен таба аласыз. Осы өңірдің Қазақстан дамуына қазіргіден де зор ықпалын тигізе алатындығын мына қиялдағы Сырға саяхаттан байқауға болады:    

          «Ұшағымыз мамықтың үстіне қонғандай Кызылорда қаласының әуежайына келіп аялдады. Сыртта үш тілді жетік меңгерген экскурсоводпен қоса, қазақи нақышта әрленген туристік жолаушы көлігі күтіп тұрды. Саяхатшылар жеркіндігі атанған Қорқыт ата мекенін, оғыздардың астанасы болған Жанкентті, Жалаңтөс Бахадүр, Ақтан батыр, жаужүрек мың баласын бастаған Сартай батырлардың туып өскен жерін, Жанқожа елі аталған Қазалыны, көк теңіздің көк жалы демеуі болған Арал аймағын көруге асық. Бірінші аялдар жеріміз – күллі түрік әлемінің атасы Қорқыт атамыздың мемориалды кешені. Сары құмды далада сырға толы аппақ кешенге беталып келеміз. Бір топ қобызшылардың сүйемеуілдеуінде Қорқыттың «Қобыз сарыны» күйі естілуде. Кең дала, самал жел мен әсем әуен ерекше әсер етуде. Күй тәмәмдалды. Алайда, кесене жақтан қобыздың қоңыр үні доғарар емес. Жиналған жұрт кең даладан шыққан күй сарынына аң-таң. Қобыз пішінді Қорқыт ата ескерткіші дүниенің төрт бұрышына қарап тұр. Жанында орналасқан пирамида іспеттес шағын ғимаратқа адамдар кіріп, тілегін айтуға кезекте тұр. Сол киелі жерде айтылған ақтілек орындалады деп сенеді көпшілік. Қорқытты кейбір адамдар әулие немесе мифтік рух ретінде таныса, көбісі оны тарихи тұлға, қобыз сынды ең ескі музыкалық аспапты жасаушы ретінде біледі. Қорқыт ата жөнінде мынандай аңыз бар: 20 жасында оған 40 жасқа дейін ғана өмір сүресін деген аян беріледі. Тағдырын өзгерту мақсатында адам мәңгі өмір сүретін Жерұйықты желмаяға мініп алып, іздеуге аттанады. Әлемнің түкпір-түкпірін шарлай келе, мәңгілік өмірді таппаған соң, жеркіндікте өмір сүруге бел буады. Ол – ғарыш пен жердің байланысқан жері Сыр бойы еді. Қобыздың пайда болуы жөнінде де аңыз бар. Қорқыт атаның түсіне періштелер кіріп, оған: «Ағаш аспапқа түйенің көнін қаптап, жылқының қылынан шек жаса», - деп аян береді. Ұйқысынан ояна сала, Қорқыт дереу періштенің дегенін істеп, әуені керемет аспап жасайды. Қорқыт ата қобызын тартса, адамды өлім алмайтын болған. Алайда, бір күні Қорқыт ата шаршап, ұйқыға қалғып кеткенде, өлім Қайрат-жылан кейіпіне еніп, Қорқыт атаны шағып өлтіреді. Қорқыт атаның сұрауы бойынша, оның мазарына қобызды қояды, ол болса, желдің уілімен әндетіп кетіпті. Қобыздың сол үні Қазақстанның кең байтақ даласында әлі күнге дейін естіледі. Жұртты таңқалдырған сол күй легі – осы қобыздың үні екен.

          Тәтті әуен тербетіп, Байқоңырға бағыт алып келеміз. Көне замандарда-ақ  ата-бабаларымыз бұл аймақты жердің кіндігі санағандығын айттық. Сол болжамдар осы замандағы ғалымдардың тұжырымына да сәйкес келген. Кезінде айлаққа жер таңдағанда космонавтиканың Королев тектес білгірлері жеркіндікті экваторға әрі жақын, әрі жер шарының ең биік нүктесі деп осы орынды таңдаған. Айлақтың даңқы дүниеге сол Байқоңыр есімімен тараған. «Байқоңыр атауы алты Кішкененің  анасы Қоңыр анамыздың есімімен аталған», - деген аңыз бар үлкендерде. Байқоңырдың көркем жерлерін тамашалап, ертесіне тағы да жолға шықтық. Келесі аялдама – қазыналы Қазалы топырағы...» (Жалғасы бар) 

 


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз