Өлең, жыр, ақындар

Алаш аманаты

    Алаш – өшпейтін мұра, ұмытылмас тарих. ХХ ғасырда бастау алған бұл идеяның басты мақсаты – ұлтты біріктіру, елдің тұтастығын қамтамасыз ету болды. Алаштың көшбасшысы Әлихан Бөкейхан: «Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын» – деген сөздерімен бар ғұмырын халқына арнағанын көрсетті.

Ұлты үшін жан аямай күрескен қазақ зиялыларының есімдері – сағыныш пен құрметке толы. Олар тіл мен жер мәселесін өмірлік мұрат тұтты. Сондықтан олардың үмітін ақтау – әрбір азаматтың борышы. Алаш арысы Ахмет Байтұрсынұлы: «Өз тілімен сөйлескен, өз тілімен жазған жұрттың ұлылығы еш уақытта, адамы құрымай, жоғалмайды» – деп, тілдің ұлт тірегі екенін айтып кеткен.

Сталиндік қуғын-сүргіннің жазықсыз құрбандары болған Алаш арыстарының ерен ерлігі мен мол мұрасы – бізге темірқазық. Олар қазақ жерінің қасиетін сақтап, ұрпағына аманат етті. Сол аманатқа адал болу – әр азаматтың перзенттік парызы. Қиын-қыстау кезеңде ел үшін күресіп, болашағы үшін барын берген тұлғалардың алдында қарыздармыз. Алаш зиялылары «тар жол, тайғақ кешуде» де ұлтқа қызмет етудің биік үлгісін көрсетті.

Профессор Тұрсын Жұртбай: «Ұлттық Тәуелсіздік, Ұлттық Мемлекет, Ұлттық Кеңес, Ұлттық Шекара, Ұлттық Бірлік деген ұлы сөздердің ұлттық санамызға кіріп, айналымға түскеніне тура бір ғасыр өткенде сұрыптала ұсынылған, ұлттық санамызды ұйытқан осынау қанатты сөздер өзінің мағынасын бүгінгі күндері де жойған жоқ. Қайта, жаңа бір қырынан ашылып, дертімізге дауа, пікірімізге дәлел, ойымызға ұйытқы боларлықтай ләммен түрлене мағыналанып отыр. Ұлтты ұйытқан алаш қайраткерлерінің асыл сөздері қашан да ұлттық ойымыздың өшпейтін тамыздығы бола білмек» – деп тұжырымдаған.

Бүгінгі таңда алаш арыстарының есімдерін бұрынғыдан да биік құрметпен еске алып, оларды ұрпаққа бағдаршам ету – уақыт талабы. Қазақ тарихындағы тауқыметті тағдыр иелері – Алаш ардақтылары. Қуғын-сүргін, азап пен жоқшылық көре жүріп, елінің болашағы үшін аянбай еңбек еткен олардың жанкешті еңбектерін жүрекпен қабылдап, терең түйсіну – үлкен рухани олжа. Алаш мұрасы – ұрпаққа аманат.

«Journiverse» білім беру орталығының оқушысы: Кикабай Фариза


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз