Өлеңдер Бөлімі

Ахмет Байтұрсынов – Алаштың ардақты азаматы

Баймағамбетов Ерлан Русланұлы
Орынбасарова Жұмагүл Орынбасарқызы

Қазақстан Республикасы, Атырау қ.

Аннотация. Бұл мақалада Алаштың ардақты азаматы Ахмет Байтұрсынұлы Алаш тарихындағы жасаған еңбектері айтылады.
Негізгі сөздер: Ахмет, Алаш, партия, ардақты азаматы, еңбектері,

Тұтас буынның төлбасы, кешегі Абай, Ыбырай, Шоқан салған ағартушылық, демократтық бағытты ілгері жалғастырушы ірі ғалым-тілші, әдебиет зерттеуші, түрколог, дарынды ақын-аудармашы Ахмет Байтұрсынов қазіргі Қостанай облысы, Торғай атырабындағы, Сартүбек деген жерде ел арасында беделді, қайратты кісі Шошақұлы Байтұрсын шаңырағында 1873 жылы 18 қаңтарда дүниеге келген.

Әкесі Байтұрсын мен оның інісі Ақтас қорлық-зорлыққа шыдамай, 1885 жылы 12 қазанда ояз начальнигі Яковлевтің басын жарып жібереді. Мұның арты – дүние-мүлікті тартып алу, түрме, абақты, Сібірге 15 жылға жер аударылумен аяқталды.

Табиғатынан аса дарынды туған талапты бала Ахмет 1882-1884 жылдары әуелі көзіқарақты адамдардан өз үйінде хат танып, артынан жақын жердегі ауыл мектебінен сауат ашады да, 1886-1891 жылдары Торғай қаласындағы екі сыныптық орысша-қазақша училищеде, 1891-1895 жылдары Орынбордағы мұғалімдік мектепте оқып, білім алады.

1895 жылдың 1 маусымынан бастап мұғалім болады: Ақтөбе, Қостанай, Қарқаралы атырабында бала оқытады, өмір, тіршілік күресіне араласады, әділет үшін күреседі,  байларға қарсылық білдіреді, патшаның отаршылдық саясатын айыптайды. Кейін екі сыныптық мектептерде ұстаз бола жүріп, 1901 жылдан бастап қолы бос кездерде өзі ізденіп, сан алуан кітаптар оқиды, әдебиетпен айналысады, оқу құралдарын жинайды. Ел ішінде оқыған, еркін мінезді батыл ойшылдың бедел, атағы өсе бастайды. Ахмет 1909 жылы 1 шілде күні Семей абақтысына алынып, сотсыз, үкімсіз  8 ай бойы азап-қорлық көріп, торығады, қиналып ширайды, күреске белді бекем буады. Бостандық аңсаған, күреске шақырған өлеңдер жазады. Ақыры Қазақстанда тұру құқынан айырылғандықтан, 1910 жылы 21 ақпанда түрмеден шығып, наурыз айында Орынбор қаласына келеді. Бұдан кейін Ахмет Байтұрсынов өміріндегі ең күрделі, қызықты, қажырлы кезеңдер басталып кетеді. 1913-1918 жылдар арасында "Қазақ” газетінде редактор болып, орасан зор әлеуметтік-тарихи қызмет атқарады, халық өмірінің сан-алуан көкейкесті мәселелерін көтереді, елді прогреске, өнер-білімге үндейді.

Алаш қозғалысы тұсында 1918 – 1919 жылдары  Ахмет Байтұрсынов жаңа өткел, соны өріс іздейді. Ұлт азаттығы жолындағы күрес басшыларының бірі болады. Азапты толғаныс, күрес революциясынан өтіп барып, 1919 жылдың наурыз айында бұрынғы ұлт интеллигенциясының кейбір өкілдерін өзімен бірге алып, қазақ халқының мүддесі үшін қызмет етеді деген үмітпен Кеңес өкіметі жағына өтеді. Қазақ өлкесін басқару жөніндегі әскери революциялық Комитеттің мүшесі ретінде оның жұмысына белсене араласады.

Ахмет Байтұрсыновтың ғалымдық, ақындық, публицистік, қайраткерлік істері өз заманында аса жоғары бағаланған. Қазақ ортасы, түркі әлемі ғана емес, орыс ғалымдары берген тарихи тұжырымдардың орны ерекше. Кезінде Ахмет Байтұрсынов, оның ғылыми еңбектері туралы орыс ғалымдары жағымды  пікірлер айтқан болатын. М.Дулатовтың «Ахмет Байтұрсынұлы»мақаласындағы тарихи фактілер, деректер күні бүгінге дейін өз маңызын жойған жоқ. Мақалада тұңғыш рет ақын, ғалым, публицист, қоғам қайраткерінің туған уақыты, кіндік қаны тамған жері, ол ортаның басты сипаттары, білім алған ошақтары, қызмет еткен орындары, әлеуметтік қызметтері, саяси-қоғамдық көзқарастарының өзгеруі, сан алуан эволюциясы жан-жақты ашылып берілген. Ал екінші мақалада А.Байтұр­сыновтың ғылыми еңбектерін, әсіресе тіл саласында ендірген жаңалықтарын саралауға арналған. Ахмет Байтұрсыновтың тарихтағы орнын, оның әлеуметтік-қоғамдық істерін, дүниетанымдағы ерекшеліктерін өз кезінде дұрыс көрсетіп, әділін айтқан адамның бірі – Сәкен Сейфуллин. Ол "Еңбекші қазақ” газетіне 1923 жыл, 30 қаңтарда  "Ахмет Байтұрсынұлы елуге толды” деген арнаулы мақала жазған.

Түркістан республикасы Орталық атқару комитеті мен Түркістан Орталық партия комитетінің газеті "Ақжол” 1923 жылғы 4 ақпанында шыққан 270-санында: "Қазақтың дыбысына, сөзіне арнап әліппе мен әріп, тіл һәм оқу құралдарын шығарып, қазақтың жалпақ тілін талайға үйреткен Ақаң еді. Ұлт қамы дегенді көксеген адам болмай, қазақ құлшылыққа кез болғанда бостандыққа жол көрсеткен Ақаң еді”, — деп жазылған. Әр түрлі  оқиғаларға, халықаралық жағдайға, заң, құқықтану, жер мәселесіне, отарлауға, ғылым-білімге, педагогикаға арналған "Тағы да народный сот хақында”,  "Қазақ һәм ІҮ Дума”,  "Земство”, "Жер жалдау жайынан”,  "Көшпелі һәм отырықшы норма”, "Уақ қарыз”, "Бұ заманның соғысы”, "Жәрдем комитеті” , "Закон жобасының баяндамасы”, "Қазақ халқын билеу туралы 1868 жылы шыққан уақытша положение” сияқты көптеген мақалалар публицист Ахмет Байтұрсыновтың көзқарасын, тарихи білігін, ойшылдық деңгейін, журналистік қарымын көрсетіп, рухани даму кезеңдерімізден мол хабар береді. Автордың "Қазақ өкпесі” мақаласында тарихи мәселелерге объективті, ғылыми тұрғыдан қарайтын­дығы көрінеді, қазақ хандығы неліктен құлады, өз алдына дербес мемлекет болып тұра алмаудың себебі, Ресейге қосылудың негізгі жағдайлары деген проблемалардың жауабы айтылады. "Олжалы жерде үлестен қағылғанымыз, ордалы жерде орыннан қағылғанымыз, жоралы жерде жолдан қағылғанымыз – бәрі надандық кесапаты”, дей келіп, ел мен елді, ұлт пен ұлтты теңгеретін ғылым, өнер екенін айтып, оқуға, ағартушылыққа ден қояды. Қазақ өлкесінің әлеуметтік-экономикалық және қоғамдық-саяси өмірінің дамуымен таныстыра білген «Қазақ» газеті «Алаш» партиясының дауысына айналды. Осы тұста әлеуметтік ахуалды баяндаған цензура көтермейтін мақалалар жариялағаны үшін әкімшілік А.Байтұрсыновқа бірнеше мәрте (1914-1915) айыппұл төлетеді, кейіннен абақтыға қамайды. 1917 жылы патшаның тақтан құлауын Ахмет Байтұрсынов зор қуанышпен қарсы алып, Әлихан Бөкейхановтың басшылығымен қазаққа бостандық, теңдік әперу үшін саяси күрес майданына араласты. 1917 жылы Ақпан революциясының жеңісінен кейінгі елдегі революциялық процестердің қарқынды дамуы барысында Әлихан Бөкейхановтың төңірегіне топтасқан либерал-демократиялық көзқарастағы қазақ интеллигенциясының өкілдері ұлттық партия құру жоспары бойынша өз жоспарларын жүзеге асыруға кірісті. 1917 жылы 21-26 шілдеде Орынбор қаласында І-ші жалпықазақтың съезде Ахмет Байтұрсынов пен Міржақып Дулатов «Тәуелсіз автономия» құру идеясын ұсынды.  І-ші жалпықазақтық съездің қортындасында «Алаш» ұлттық саяси партиясы құрылды. Әлихан Бөкейханов қазақ халқының көсемі, партия басшысы болып сайланды. Бірақ қоғамда аласапыран ахуал қалыптастырған большевиктердің төңкерісі Ахмет Байтұрсынов және оның серіктерінің қазаққа дербес ұлттық автономия алып береміз деген әрекеттерін тұйыққа тіреді. Алаш қозғалысы білімсіз кедей-кемшіктің қалың тобырына арқа сүйеген жүгенсіз коммунистік қозғалысқа қарсы тұруға ол заманда қауқарсыз еді. Осыны түсінген және халқымен бірге болуды ойлаған Ахаң 1919 жылдың наурызында Кеңестер өкіметі жағына өтті, алғашқы өлкеде құрылған Революциялық комитет құрамына енгізілді. Ол екі жылдай Республика халық ағарту комиссары қызметінде болып, қазақты ағарту ісіне, осы саланы аяғынан тұрғызуға қыруар еңбек сіңірді. Қазақ халқының қоғамдық ой-санасының дамуындағы барлық саяси қозғалыстар А.Байтұрсыновтың есімімен байланысты. 1919 жылғы жаз бен күзде Ахмет Байтұрсыновтың инициативасымен Қазревком өз мәжілістерінде Алашорданың батыс бөлігімен байланыс жасау және оның басшыларымен келіссөздер жүргізу үшін арнаулы өкілдер жіберу мәселесін талай рет талқылады. Қазревкомның және оның төрағасы қызметін көп жағдайда өзі атқарған Ахмет Байтұрсыновтың осы мәселедегі табандылығы Торғайда болған оқиғаларды қайталамау және Алашорданың батыс бөлімінің түгелдей Совет жағына шығуын қамтамасыз етпесе де, оның Совет өкіметіне бейтарап жағдайда болуын жүзеге асыру ниетінен туындаған еді. Түптеп келгенде Алашорданың батыс бөлімін ақтардың одақтасы болудан совет өкіметі жағына шығару Орал өңіріндегі азамат соғысын тезірек аяқтаудың алғы шарттарының бірі еді . Шын мәнінде, Ахаңның және оның серіктерінің Кеңес өкіметі жағына кездейсоқ өтпегені белгілі. Бұл туралы Ахаңның өзі «Жизнь национальностей» журналында 1919 жылы 3 тамызда жазған «Революция және қазақтар» атты мақаласында төмендегідей пікір білдірген еді: «Егер де бұрын бір топ адамдар патша чиновниктері атынан қырғыздарды (қазақтарды) жауапсыздықпен қамап, әр түрлі зорлық-зомбылықтарға жол берген болса, дәл осындай қылықты шет аймақтарда большевик-коммунистер деген атты жамылған осындай және басқадай адамдар тобы байқатты. Патша өкіметі кезінде, бұрын мұндай жағдаймен ымыраға келмеген мен және менің пікірлестерім, енді тағы да осындай істер Советтің Ресейде түгелдей орын алуда деп ойлап ымыраға келмей кеңес өкіметін мойындауғы қарсы болдық. Бірақ монархиялық билік бағытындағы Колчактың пайда болуы осы және басқа билік туралы ойлауға мәжбүр етті. Сонда біз қырғыз халқының ежелгі арманы оңшыл ма әлде солшыл ма әйтеуір, жүзеге асар болар дегенге көзіміз жеткендіктен жергілікті большевиктердің іс-әрекеті біздерге ұнамды көріне қоймаса да кеңес өкіметі жағына шыққанды жөн көрдік» . Ахмет Байтұрсынов және оның серіктері, шын мәнінде кеңестік билікті амалсыз мойындады. Ол 1920 жылы 17 мамырда В.Лениннің атына хат жолдап, «... Ресейде коммунистер көп, бірақ нағыз идеялық коммунистер өте аз, оның үстіне олар шет аймақтарда аз немесе мүлде жоқ», — дей келе қазақ жерінің билігін қазақтан шыққан комунистер қолына беруді талап еткен еді. 1920-1922 ж.ж. Өлкелік Халық Комиссариаты жанындағы Академиялық Орталықтың төрағасы қызметін атқарады. Халық ағарту комиссиариаты жанынан құрылған Академиялық орталықтың тұңғыш төрағасы ретінде Қазақ елінің ғылымын академиялық жолмен басқаруды ұйымдастырудың негізін қалады. 1922-1925 ж.ж. Қазақ Халық ағарту Комиссариаты жанындагы Ғылыми- әдеби комиссиясының төрағасы, Қазақ өлкесін зерттеу қоғамының құрметті төрағасы болады. Өкінішке орай, И.Сталиннің 1925 жылғы 29 мамырдағы «Ақ жол» газеті туралы хаты Ахмет Байтұрсыновты және оның серіктерін «ұлтшылдар» және «шоқаевшылдар» ретінде қуғындауға теориялық негіз қалады. Қазақстандағы қуғын-сүргінді жергілікті басшы Ф.Голощекин жандандыра түсті. Ақырында алғаш Архангельскіде, соңынан Томскіде 1929-1934 жылдары айдауды болған Ахмет Байтұрсынов, көп кешікпей, 1937 жылы қуғын-сүргіннің жаңа толқынына ілігіп жазықсыз атылып кетті.
«…Өзге оқыған мырзалар шен іздеп жүргенде, қорлыққа шыдап, құлдыққа көніп, ұйқы басқан қалың қазақтың ұлт намысын жыртып, ұлттық арын жоқтаған патша заманында жалғыз-ақ Ахмет еді. Қазақтың ол уақыттағы кейбір оқығандары уез, губерния соттарына күш салып, тілмәш болып, кейбірі арын сатып ұлықтық іздеп жүргенде, Ахмет қазақ ұлтына жанын аямай қызмет қылды… халықтың арын іздеп, өзінің ойға алған ісі үшін бір басын бәйгеге тікті» деп Сәкен Сейфуллиннің сөзімен қорытындылаймын.


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Қарап көріңіз

Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

×