Өлең, жыр, ақындар

Әлеуметтік желілер: еркіндік пе, тәуелділік пе?

Әлеуметтік желілер — қазіргі қоғамның ажырамас бөлігіне айналды. Олар адамдар арасындағы байланысты жеңілдетіп, күнделікті тұрмыс пен жұмыстың маңызды құралына айналып отыр.

Еркіндік — адамның ішкі тәуелсіздігі, жан қалауы мен таңдау еркіндігіне сай әрекет етуі. Алайда, шектен тыс еркіндік кейде адамды өз бағытынан адастыруы мүмкін.

Тәуелділік — адамның өз әрекеттерін бақылау қабілетін жоғалтып, белгілі бір іс-әрекетке немесе затқа қатты қажеттілік сезінуі. Бұл — еркіндіктің шегінен шығу.

Бүгінгі таңда әлеуметтік желілердің мүмкіндіктері шексіз. Дүние жүзінде интернет қолданушыларының саны шамамен 4,5 миллиардқа жуық болса, соның ішінде 2,8 миллиард адам әлеуметтік желілерді пайдаланады. Қолданушылар саны күннен күнге артып келеді, желілердің қызмет ауқымы кеңейіп, оларды түрлі мақсатта қолданып жатыр.

Кең тараған әлеуметтік желілерге: Facebook, YouTube, WhatsApp, Instagram, TikTok, Telegram жатады. Осылардың ішінде Instagram — қазіргі заманның ең ықпалды платформаларының бірі. Ол 2015 жылдан бастап ерекше қарқынмен дамып, тек қарым-қатынас құралы ғана емес, ақша табудың нақты көзіне айналды.

Әлеуметтік желілер — жеке тұлғаның өзін-өзі дамытуына, шығармашылықпен айналысуына, пайдалы байланыс орнатуына үлкен мүмкіндік береді. Дегенмен, бұл платформаларда уақытты тым көп өткізу, шынайы өмірден алшақтау секілді тәуелділік белгілері де байқалады. Әлеуметтік желі — екі қыры бар құрал. Оны тиімді және мақсатты пайдалану — әр адамның өз қолында. Егер біз желіні дамуымызға, шығармашылығымызға және пайдалы қарым-қатынас орнатуға қолдансақ — бұл еркіндік. Ал уақытымызды бос өткізіп, жалған өмірге беріліп кетсек — бұл тәуелділікке айналады.

Сондықтан ең бастысы — тепе-теңдік пен саналы қолдану. Сол кезде ғана әлеуметтік желі біздің өмірімізді байытып, жаңа мүмкіндіктерге жол ашады.

«Journiverse» білім беру орталығының оқушысы: Болысбек Қаракөз


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз