Өлең, жыр, ақындар

Қазақ қызы кімге ұқсауы керек?

     Қазақ қызы – еркін, өз ойын ашық айта алатын, саналы әрі қоғамда өзіндік орны бар тұлға. Байырғы қазақ халқында айтылатын «қырық үйден тыйым» сөзі бәрімізге таныс. «Дұрыс отыр», «өз ойыңды айтпа», «сен сән үшін жаратылғансың» деген пікірлер қоғамдық ортада әлі де жиі кездеседі. Иә, дәстүр – құндылық, алайда ол қыз баланың жеке пікір білдіру еркіндігін шектемеуі тиіс. Сонымен, қазақ қызы қандай болуға тиіс?

«Қырық үйден тыйым» – бұл шамадан тыс шектеу, жеке шекараны бұзу. Біз бәріміз де азаматпыз, заң алдында теңбіз және өз пікірімізді білдіруге құқылымыз. Әрине, отбасы – ошақ қасы, оны ұйытатын әйел заты. Бірақ бұл әйел тек үйде отыруы керек дегенді білдірмейді. Қазақ халқының «Анасына қарап, қызын ал» деген сөзі – тәрбиенің маңызын білдіреді.

Бұрынғы және қазіргі қоғам арасындағы айырмашылықтар айқын. Мәселен, соғыс жылдарында ер-азаматтар майданға аттанғанда, әйелдер де ел ісіне араласты. Ұлы Отан соғысында ерлік көрсеткен Хиуаз Доспанбетова, Әлия Молдағұлова мен Мәншүк Мәметова – соның айғағы.

Қазіргі қоғамдағы кейбір тыйымдар шын мәнінде орынсыз. Зорлық-зомбылық мәселесі – дәлелді деректермен расталған шындық. Қазақстан әйелдерінің 22%-ы психологиялық, 17%-ы жыныстық зорлықтың құрбаны болған. Мұндай жағдайда мәселенің себебін киімнен іздеу – қате. Зорлықтың себебі қыздың киімі емес, ер азаматтың әрекетінде.

Мен – 17 жастағы қарапайым оқушымын. Өз басымнан да түрлі көзқарастар мен орынсыз әрекеттерді өткердім. Мұндай мысалдар қоғамда жиі кездеседі. Әйел адам – тек ас үймен шектелмейді. Ол – ғылым, білім, саясат саласында да өз орнын таба алатын тұлға. XX ғасырдың басында қазақ әйелдері білімге ұмтылды. Мысалы, алғашқы қазақ дәрігері болған Гүлсім мен Мәриям Асфендияровалар – соған дәлел.

Сол сияқты алғашқы қазақ журналисті – Нәзипа Құлжанова. Ол – тек журналист қана емес, ұстаз, ағартушы, әйел құқығы үшін күрескен қайраткер. Оның еңбегі қазақ әйелінің қоғамдағы орнын дәлелдеді.

Қазақ қызы – білімді, батыл, ел игілігі үшін еңбек ететін тұлға. Қоғамда қыздарға тең мүмкіндік берілсе, бұл тек олардың емес, тұтас ұлттың болашағына салынған инвестиция болмақ.

Қазіргі қазақ әйелдері – қоғамның белсенді мүшесі. Оқу-білімге қаржы жұмсау – болашаққа салынған сенімді қадам. 

Қыз баланы ғана емес, ұл баланы да дұрыс тәрбиелеу – зорлық пен дискриминацияның алдын алады. Әр бала өз ойын ашық айтып, өз ісін өзі атқара алуы тиіс. Қоғамда әділдік орнағанда ғана бұл мәселелер жойылады.

«Journiverse» білім беру орталығының оқушысы: Темирболатова Нұрайым


Пікірлер (1)

Салтанат

Әлемге әйгілі тілші болуға нәсіп етсін

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз