Өлең, жыр, ақындар

Цифрлық детокс: Гаджеттерден қалай демалуға болады?

    Қазіргі уақытта гаджеттер біздің өміріміздің ажырамас бөлігіне айналғанымен, олардан уақытша демалу — денсаулығымыз үшін өте пайдалы. Бұл мақалада цифрлық детокстың пайдасы мен маңызы туралы сөз қозғамақпыз. Ең алдымен, «цифрлық детокс» терминіне сипаттама берейік. Цифрлық детокс — гаджеттерден, әлеуметтік желілер мен ғаламтордан уақытша бас тартып, миды тынықтырып, шынайы өмірге назар аудару үрдісі. Ойланып қараңызшы, сіз күніне қанша ақпарат сіңіресіз?

Мысалы, TikTok қосымшасын алайық. 15–30 секундтық қысқа, бірақ қызықты, күлкілі видеороликтер тез баурап алады. Қарап отырғанда 1 сағат 1 минуттай өте шығады. Ал сол 1 сағатта сіз досыңызбен сөйлесіп немесе хоббиіңізбен айналысуға үлгерер едіңіз. Біз күн сайын әлеуметтік желілерден орасан зор ақпарат ағынын қабылдаймыз. Бұл шынайы өмірмен байланысымызды әлсіретіп, өз өміріміздегі нақты өзгерістер мен мәселелерге көңіл бөлуге кедергі келтіреді. Әсіресе, бұл мәселе жасөспірімдер мен балалар арасында жиі кездеседі. Жастайынан ұялы телефонға тәуелді болған балаға есейгенде социумға бейімделу қиынға соғуы мүмкін. Себебі, оған шынайы өмірден гөрі интернеттегі өмір қызығырақ көрінеді. Ал құрдастары оған қарағанда артта қалған немесе көңілсіз болып көрінуі мүмкін.

Ойындардың да адам психикасына зияны бар. Егер адам виртуалды әлем мен шынайы өмірді ажырата алмай қалса, қайғылы жағдайларға алып келуі мүмкін. Оған дәлел — жақында елордада болған жантүршігерлік оқиға. Сондықтан гаджеттер мен ғаламтордан уақытша бас тартудың пайдасы зор.

Енді цифрлық детокс әдістеріне тоқталайық:

Біріншіден, ұялы телефонда әртүрлі қосымшаларға уақыт шектеуін қойыңыз. Күніңізді жоспарлап, гаджеттерді пайдаланатын уақытты белгілеңіз. Шектеуді ұмытып кетпеу үшін арнайы «Экран уақыты» (Screen Time) функциясын қосыңыз. Бұл параметрді телефон баптауларының ішінде табуға болады.

Екіншіден, хабарламалар мен ескертулерді азайтыңыз. Тек маңызды қосымшалар мен қажет чаттардан келетін хабарламаларды ғана белсенді қалдырыңыз. Мысалы, Telegram қосымшасындағы қажетсіз арналар мен боттардан шығып, оларды бұғаттаңыз. Уақыты өткен ескертпелерден арылу — цифрлық детокстың маңызды бөлігі.

Үшіншіден, «Цифрлық демалыс күнін» белгілеңіз. Аптаның бір күнін толықтай гаджеттерсіз өткізуге тырысыңыз. Сол күні табиғат аясында демалыңыз, жаңа хобби бастаңыз, жақындарыңызбен немесе көптен кездеспеген достарыңызбен кездесіңіз.

Төртіншіден, белсенді демалыс жоспарын жасаңыз. Егер демалыс кезінде экранға телмірмей, керісінше спортпен шұғылдансаңыз, саяхаттасаңыз немесе шығармашылықпен айналыссаңыз — тіпті телефоныңыз есіңізден шығып кетеді. Қазір қыс мезгілі болғандықтан, шаңғы маусымын пайдаланып, тауға барып сноубордпен, шаңғымен сырғанауға кеңес беремін.

Бесіншіден, ұйықтар алдында гаджеттерді өшіріп қойыңыз. Ұйқыға 1–2 сағат қалғанда телефон мен басқа құрылғыларды бір жаққа қойып, уақытыңызды кітап оқуға, медитацияға немесе өз-өзіңізге көңіл бөлуге арнаңыз. Күніңізді қорытындылап, болған оқиғаларды ой елегінен өткізіңіз.

Негізінен, цифрлық детокс әдістері өте көп, бұл мақалада бәрін қамту мүмкін емес. Ең бастысы — бастау. Кейде өзіңіз қойған шектеулерді бұзып, қайтадан телефонға телміруіңіз мүмкін. Бірақ бұл қалыпты жағдай. Өзіңізді кінәламаңыз. Өйткені сіз өзгеріске қадам жасап жатырсыз — бұл өзі үлкен жетістік!

Есіңізде болсын: гаджеттерді шамадан тыс қолдану зиянды. Шынайы өмір — әрқашан интернеттен маңыздырақ. Сондықтан уақытыңызды мағынасыз ақпаратқа емес, болашағыңызға пайдасы бар дүниелерге арнаңыз.

«Journiverse» білім беру орталығының оқушысы: Амантай Таңшолпан 


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз