Өлең, жыр, ақындар

Кітап оқудың жаңа кезеңі: Қазақстандағы оқырман мәдениеті

Қазіргі ақпараттық технологиялар қарыштап дамыған заманда кітаптың маңызы бұрынғыдан да артып келеді. Сан түрлі ақпарат ағыны арасында терең білім мен саналы ойды қалыптастыратын басты құрал — кітап. Қазақстанда соңғы жылдары кітап оқу мәдениеті қалыптасып, халықтың оқу белсенділігі жоғарылай бастады.

2025 жылы EGOV Mobile платформасында жүргізілген сауалнама нәтижесіне сәйкес, қазақстандықтардың 57,3%-ы тұрақты түрде кітап оқитынын көрсеткен. Бұл — халықтың жартысынан астамы кітапқа қызығушылық танытады деген сөз. Сонымен қатар, сауалнамаға қатысқандардың 31%-ы жылына 1–3 кітап оқиды, ал 26,3%-ы үш кітаптан артық оқиды.

Кітап оқуға деген ынта, әсіресе, 18–29 жас аралығындағы жастар мен 61 жастан асқан аға буын арасында жоғары. Жыныстық ерекшелікке келсек, әйелдердің 58,7%-ы, ал ерлердің 55%-ы тұрақты оқырман екенін айтқан. Бұл көрсеткіш әйелдер мен ерлер арасындағы белсенділіктің шамалас екенін көрсетеді.

Қазақстандықтар кітапты көбіне білім мен ақпарат алу мақсатында оқиды. Ең танымал жанрлар қатарында:

 • тарихи кітаптар (26,4%),

 • өмірбаяндар мен публицистика (20,5%),

 • шытырман оқиғалар мен махаббат романдары (16,3%),

 • психология және өзін-өзі дамыту бағытындағы еңбектер (15,4%) бар.

2023 жылы елімізде 5 738 039 адам кітапхана қызметін пайдаланған. Бұл — халықтың шамамен 31,3%-ы кітапханамен байланыста деген сөз. Сонымен қатар, кітапханаларда 153 472 іс-шара өткізілгені — оқу мәдениетінің артуына әсер еткен маңызды фактор.

Жалпы алғанда, Қазақстанда кітап оқуға деген қызығушылық артып келеді. Қоғамның жартысынан астамы оқуды өмір салтына айналдыра бастаған. Ал кітапханалар мен оқу орындары осы үрдісті дамытуда айтарлықтай рөл атқарады.

Бұл оң өзгерістер — саналы, білімді, ойлы ұрпақ тәрбиелеуге жол ашады.

«Journiverse» білім беру орталығының оқушысы: Нұрсұлтанқызы Жаннұр 


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз