Мобилография – телефон камерасы арқылы қарапайымнан әдемілікті көріп, өмірдің ерекше сәтін, адамдардың шынайы эмоциясын, ғажап табиғат құбылыстарын түсіру өнері.
Ендеше бұл жаңа өнер түрінің жасөспірімдер үшін қандай пайдасы бар?
1.Табыс көзі
Күнделікті өмірде серігімізге айналған тілсіз құрал - телефон тек байланысудың, ақпарат пен білім алудың көзі ғана емес, сонымен бірге фото мен видео түсіру арқылы табыс табудың мүмкіндігі. Бүгінде елімізде шамамен 500 мыңнан аса блогерлер бар, сондықтан мобилограф-әлеуметтік желілерде тұрақты түрде белсенді болу үшін блогерлерге ең қажет маман иесі. Бұл заманауи мамандық жасөспірімдер үшін тиімді табыс көзі, оның басты ерекшелігі- қолжетімділігінде және тым ұзақ уақытты талап етпей, бастысы білім алуға кедергісін тигізбеуінде.
2.Ерекше көзқарас
Жасөспірімдер мобилограф болып жұмыс істей алуы үшін ең алдымен қалтадағы телефон камерасынан бөлек қызығушылық пен процесті сезіне алу қабілеті, көркемділікті өмірдің әр сәтінен байқайтын көзқарас қажет, себебі мұнда жарықты түсіну, дұрыс ракурсты таба білу және видеоны өңдеу қосымшаларын меңгеруді тұрақты тәжірибенің көмегімен іс жүзінде үйреніп алуға болады. Мобилографияның берері тек табысқа жетелейтін кілт емес, ол әлемге басқаша көзқараспен қарауды үйретеді.
3.Рухани әлемнің дамуы
Кез келген сәтті видеоға түсіру жай ғана естеліктің куәсі болу емес, сол сәтті бағалап, рухани түрде баю, жүрекке жылы қабылдау. Ол өмірді басқа қырынан көру, сезіну және тану. Әр сәтті объектив арқылы бақылап үйренген адам өмірдегі адамгершілікті, сұлулықты, махаббат пен достықты тереңірек түсіне бастайды. Көңілге қимастық пен сағыныш ұялататын сәттер – қарт адамның ақ батасы, ұзатылып бара жатқан қыздың назды жүзі, тәй-тәй басып тұсауы кесіліп жатқан сәбидің алғашқы қадамдары – мұның бәрі камераға түсірілгенде тек бейнежазба емес, ұлттық болмыс пен рухани мұраның шежіресіне айналады. Әр кадрдың әсерлі шығуы маңызды болғандықтан, осындай сәттерді бейнеге түсіру барысында әрбір дәстүр мен салттың мәнін жан-дүниеңмен сезініп, оларды өз болмысыңа сіңіре бастайсың. Уақыт өте келе, сенің өмірге деген көзқарасың өзгереді: күнделікті сәттерді «Егер осыны видеоға түсірсем, қалай түсірер едім?» деген сұрақпен қабылдап,күнделікті өмірдің қарапайым дүниелерінен үлкен бақыт пен мағына таба бастайсың. Камера артында тұрып, сен тек бақылаушы емессің, сен - сол дәстүрдің бір бөлшегісің.Камераға түсіру барысы: көру, түсіну, сезіну, сақтау кезеңдернен тұрады.
4.Дамушы орта
Әлеуметтік желілердің қарқынды дамып келе жатқан заманында мобилографияның ең ерекше тұсы – өзіңмен бірге дамушы ортаның қалыптасуы . Шығармашылық еркіндік бағаланатын салада танымал адамдармен бірге жұмыс істеу, жаңа жерлерді көру, қызығушылығың ортақ замандастарыңды табу мүмкіндігі тәжірибеңді арттырып, кәсіби деңгейге жетуге өз септігін тигізеді.
Мобилографияның көмегімен материалдық тұрғыдан бұрын эстетикалық талғамды, жаңа дамушы ортаны, жауапкершілік пен еңбекқорлығымызды қалыптастырып, рухани әлеміміздің дамуына жол ашамыз. Бұл – тек фото немесе видео түсіру емес, бұл – өзіңді де, әлемді де танудың заманауи тәсілі. Рухани даму мен шығармашылық ізденіс қатар жүретін бұл жол – жаңа буынның саналы, сезімтал және зерделі болып қалыптасуына себепкер.
«Journiverse» білім беру орталығының оқушысы: Әділханқызы Ғажайып
- Элиас Канетти
- Элиас Канетти
- Элиас Канетти
- Элиас Канетти
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі