Журналистика – билік пен оның қайнар көзі – халық арасындағы ақпарат көпірі. Журналистердің мақсаты — Дархан Әбдік айтпақшы, ақпаратты дұрыс немесе жартылай дұрыс жеткізу емес, оны толық әрі шынайы жеткізу. Журналистердің бойында болу керек ең басты қасиет- шыншылдық.
Журналистика прогрессивті адамдарды қажет етеді. Өйткені бұл сала күннен-күнге дамуда. Осыдан 100 жыл бұрын ақпарат көзі – газет болған болса, қазіргі сәтте керек мағлұматты, жаңа жаңалықты кез-келген әлеуметтік желіден біле аламыз. Цифрлық технология дамығаны соншалықты, жасанды интеллект дәстүрлі ақпарат көзін алмастыра бастады. Алайда мұның пайдасымен зияны қатар жүреді. Адам ыңғайлы жағдайға тез бейімделеді демекші, ақпаратты өзіміз іздемей, миымызды іске қоспай, тек дайынның көмегіне жүгіне беретін болсақ, біртіндеп ойлау қабілетіміз төмендеп, санамыз баяу жұмыс жасайтын болады. Сондықтан кейде дәстүрлі ақпарат көзіне жүгінгеніміз зиянын тигізбес. Ахмет Байтұрсынұлы айтқандай - «Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі.»
Жасанды интеллект көмегіне ақпарат алғысы келетін халық қана емес, журналистер де жүгінетін болған. Бұл бір шетінен уақытты үнемдеуге, екіншіден, мақала жазу үшін ақпараттың қаншалықты дұрыс екендігін айқындауға қажет. Алайда мақаланы немесе репортажды өз сөзімен емес, дайын мазмұн арқылы жариялау – авторлық құқықты бұзбай ма? Бұл қаншалықты журналистік этикаға сай келеді? Жасанды интеллектті көмекші құрал қып емес, толыққанды мақаланы өңдеу, редакциялау үшін пайдалану қаншалықты дұрыс?
Атап айтқандай журналистердің бойынан табылу керек қасиеттердің бірі – шыншылдық. Сондықтан мен шыншыл, әділ журналист болуға ұмтыламын. Бірақта мен жасанды интеллект көмегіне мүлде жүгінбеймін деп айтпаймын. Өйткені деректің дұрыс екендігіне көз жеткізу үшін жасанды интеллектті пайдаланамын. Мен толыққанды журналист болмағандықтан, ақпараттың қайнар көзін алу мүмкіндігім төмен. Бірақ жасанды интеллектте жоқ 3 қасиет адам бойынан, сонымен қатар менен табылады. Ол: идея, импульс, сезім. Мен осы тұлғалық қасиеттерімнің көмегіне сүйене отырып, мақала жазамын.
«Ел боламын десең, экраныңды түзе». Бұл бесігіңді түзе дегеннің заманауи нұсқасы. Расында да, қоғамда білімді, саналы ұрпақты қалыптастыру үшін цифрлық контент дұрыс болуы қажет. Сол арқылы адамдарда идеология пайда болады. Идеологиядан – терең дүниетаным туады. Бұл құндылықсыз адам – «қуыскеудеге» айналады. Рухани жан-дүниесі бос адамды жануардан айыру қиын. Өйткені, мұндай адамдар өзінің не үшін өмір сүріп жүргендігін білмейді. Сондықтан да бұл ғасырдың дерті – «өмірдің мәні не?»- деген сұраққа айналды. Неліктен рухы ояу адамдар аз? Мұның себебі, кітап оқымай, өмірінің жарты уақытын цифрлық медиаға арнайды. «Кеудесі руханиятқа толған»- дегеннің мағынасын түсінбейді. Неліктен цифрлық медиа рухты адамдарды бір идеяға жинай алмай жатыр? Себебі әлеуметтік желідегі контентті надандық басқан. Адамдардың аңдитыны өсек-аяң, біреуді аяқтан шалу, даттау. Мұны журналистердің не туралы жазатынынан, қай мағлұмат халыққа өтетімдірек екенінен, не нәрсе «хайп» қуалайтынынан-ақ білуге болады. Хайп аңдыған журналистер жеке тұлғаның өміріне қол сұғып, олар туралы жарыса жазуда. Өйткені мұндай ақпараттар көп қаралым жинайды. Бұнан журналистерде пайда табады. Мұндай кезде есіме Чарлз Андерсон Дейлдың мына сөзі түседі: "Адамды ит қауып алыпты" — бұл жаңалық емес. "Адам итті қауып алыпты" десең, міне, жаңалық. Демек, қазіргі журналистердің көбі деректің құндылығына емес, қаралымына қарап бағалап, тарататын болған. Бұл мәселені қалай түземекпіз? Жастардың көзін қалай ашамыз, сана-сезімін, рухын қалай оятамыз? XX ғасырдағы мәдени, ғылыми жарылысты XXI ғасырда қалай қайталаймыз?
Қоғамда сенсация жасау үшін ең алдымен мазмұн сапасын арттырып, ұлттық идеологияны цифрлық тілге бейімдеуіміз керек. Сонымен қатар көптің алдында жүрген тұлғалар сөйлеген әр сөзінің, жасаған әр контентінің қоғамды қалыптастырушы жас ұрпақтың өсуіне әсер ететіндігін түсінуі тиіс.
Журналист – ақпарат таратушы ғана емес, қоғам қалыптастырушы, оның айнасы әрі бағыт беруші. Журналист мәдени PR-мен айналыса алады. Мысалы, Санжар Керімбай мен Әлия Әшім. Бұл тұлғалар – жай ғана журналист қана емес, қоғамды ұлттық идеология маңына топтастырушылар. Бұған дәлел – олардың еңбектері. Олар әлеуметтік желілер арқылы тарихи-мәдени контентті халыққа паш етіп, тарихи PR жасап, қоғамдық пікірге әсер етуде. Әсіресе, Санжар Керімбай. Оның «Қускеуде» , «Қаныш және Ғылыми Майдан», «Өзбекәлі және Мәдени майдан» атты еңбектері қоғамда мәдени резонанс тудырды. Бұл кітаптар ұлттық құндылықтарға деген қызығушылықты арттырып, қоғамды «Алаш» идеясының маңына жинап жатыр. Ұлттық қозғалыс қайта жандануда. «Мазмұн – идеология. Ал идеология – ұлттың рухани иммунитеті» – деген Санжар Керімбайдың сөзі осы үдерістің дәлелі іспетті.
Болашақта қоғамды бағыттаушы журналист ретінде мен ұлттық-либералды бағытты ұстанамын. Қазақ еліне бұл идеяны алғаш алып кеп, дамытқан — «Алашорда» идеологиясының маңында қызмет еткім келеді. «Журналист – жай тілші емес, қажет болса, идеологияның инженері де бола алады» – деген Әлия Әшімнің сөзімен қанаттана отыра XX ғасырда Өзбекәлі Жәнібек өткен мәдени майданды – мен жалғастырамын. Бұл майданда жанымды салып еңбектеніп, журналист – жай қаламгер емес, ұлт руханиятының жауынгері екенін дәлелдеймін!
- Элиас Канетти
- Элиас Канетти
- Элиас Канетти
- Элиас Канетти
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі