Өлең, жыр, ақындар

Ана тілі

Ана тілі – әрбір ұлттың баға жетпес байлығы, рухани қазнасы. Ол – ата-бабадан қалған аманат. Ұрпақты ұлт ретінде қалыптастыратын, мәдениеті мен дәстүрін сақтап, дамытатын негізгі құрал десек те, артық етпес. Ана тілі – ұлттың жүрегі, жаны, өзегі. Яғни ана сүтіндей бойымызға біртіндеп сіңеді. Ол арқылы адам қоршаған ортаны танып, өзін-өзі түсініп, ұлттық болмысты игере біледі. «Ана тілің – арың бұл,
Ұятың боп тұр бетте.
Өзге тілдің бәрін біл,
Өз тіліңді құрметте!» – деп бекер айтылмағаны анық. 
Тіл – тек қарым-қатынас құралы ғана емес, сонымен қатар ұрпаққа ұлттық құндылықтар жеткізілетін құрал. Ана тілімізді қастерлеп, құрметтеу, оны сақтау мен дамыту – әр қазақ баласының парызы. Ана тілінде қазақ балалары білім алып, еркін сөйлеуі үшін көптеген тұлғалар тер төккен. Оның ішінде М. Дулатұлы, А. Байтұрсынұлы, М. Жұмабаев сынды қазақ зиялылары да еңбек еткен. Мысалы, Міржақып Дулатұлы қазақ балаларына ана тілінде қосу мен алуды, көбейту мен бөлуді қазақшалап шығарып берген. 300 беттен тұратын «Қазақстан тарихы» кітабын ең алғаш рет басып шығарған. Тіпті абақтыда жатып, күллі түркі баласына орысша сөздік жазған да – осы М. Дулатұлы еді. Ал қазіргі таңда көптеген қазақ балалары орыс тілінде сайрап, жеті атасы былай тұрсын, ана тілін ұмытқаны рас. Қашан көрсең де, қазақ балалары бір-бірімен орыс тілінде сөйдесіп тұрады.Осы жерде айта кететін бір жайт – егер тіліміз жоғалса, біз өзіміздің мәдениетімізден, тарихымыздан, ең бастысы – ата-бабамыздың аманатынан айырыламыз.Шынболат Ділдебаевтің «Шындық туралы толғау» өлеңіндегі:
“Орысшалап орыстарды таң қылып,
Ана тілін білмеу – қандай заңдылық?!
Жалпақ далаң, өсер балаң тұрғанда,
Қазақ тілі жасау керек – мәңгілік! “– деген жолдарында қаншама мән-мағына жатыр. Әйтсе де, оны түсіне білетініміз өте аз… 
Ана тілінің құны кез келген заманда өлшеусіз жоғары болуы тиіс. Егер ана тілін ұрпаққа жеткізуге, мәдениет пен дәстүрді сақтауға ұмтылсақ, оның құны түспейді. Қазіргі таңда ана тілімізді дамытуға деген мүмкіншіліктер өте жоғары. Еліміздің болашағы – қазақ жастарының қолында. Себебі, ана тіліміз болмаса, болашағымыз да қараң.
Сондықтан ана тілін көздің қарашығындай қорғап, оның байлығы мен тарихын келер ұрпаққа жеткізуіміз қажет. Бүгінгі таңда қазақ тіліне деген сұранысты арттыру, оны күнделікті өмірде кеңінен қолдану – маңызды. Әр отбасы өз баласын ана тілінде сөйлетіп, оған ұлттық тәрбие бере алса, тіліміз де, діліміз де сақталады.


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз