Өлең, жыр, ақындар

TikTok пен қысқа видео форматтарының жастарға әсері

Заман дамуына байланысты түрлі қызықты, көңілді қосымшалар пайда болып жатыр. Соның ішінде атағы жер жарып тұрған «TikTok» желісін білмейтін адам жоқ. Бұл желі Қытайда «Douyin» атымен танымал. Әртүрлі видеолар түсіруге, өзге видеоларды көруге, тікелей эфир жасауға, өзге қолданушыларға тіркелуге және бір-бірімен хабар алмасуға мүмкіндік беретін бұл қосымша бүгінгі күні жастар арасында кең өріс алып жатыр. Қазіргі уақытта әлеуметтік желіні әлемнің 150 елінен 500 миллионнан астам қолданушы қолданады. Желінің негізгі аудиториясы ретінде жасөспірімдер саналады. Тек қана жастар емес, бұл желіні үлкендер де аса зор қызығушылықпен көреді.

Неліктен «TikTok»-та көбіне жастар отырады?

Қазіргі ұрпаққа “клиптік ойлау” стилі тән болып кетті. Яғни, ұзақ ақпараттан гөрі қысқа, көрнекі контентке көбірек қызығады. Бұл форматтар көңіл көтеруге арналғандықтан, түрлі челлендждер, танымал трендтер, күлкілі видеолар жастар арасында тез таралады. Әртүрлі трендтер TikTok төрінде танымал бола бастағанда, оны адамдар бір-біріне жолдайды, келесі бір адам сол жолдауды қабыл алады — соны челлендж дейміз. Одан бөлек TikTok алгоритмдері қолданушының қызығушылығын анықтап, соған сәйкес контент ұсынып отырады. Жастар көп қызығатын тақырыптарды қамтитын видеолар ең өтімді контент саналады. Саны шексіз жалғаса беретін видеолар жастардың назарын өзіне аударып, платформаға жіпсіз байлап алады.

 

«TikTok»-тың жасөспірімдерге әсері қандай?

Қазақстанда да TikTok кеңінен танымал. Белгілі контент жасаушылардың әсерінен жастар белгілі бір мінез-құлық үлгілерін, киім кию стилін, сөйлеу мәнерін бойына сіңіріп, өзі үшін жаңа нәрсе ашып жатады. Көптеген жастар жасөспірім кезеңді басынан өткеріп жатқанда, түрлі өзгерістерге ұшырайды. Олардың мінезі, стилі, ұстанымдары өзгерістерге ұшырайды. Көп жағдайда сол өзгерістер TikTok есебінен болуы мүмкін. Яғни, TikTok-та көретін аккаунттар, видеолар, сол видеолардың астындағы пікірлердің барлығы жастарға айтарлықтай әсер етеді. Олар өмірде жақындарынан, туыстарынан таба алмаған жылулық пен қолдауды кейде TikTok-тағы адамдардан тауып жатады. Осының өзінен-ақ, платформаның әлеуметтік ықпалы күшті екенін көруге болады.

 

TikTok-тың психологиялық және әлеуметтік әсеріне келер болсақ: TikTok-тың зиян тұстары да аз емес.

1. Қысқа видеолар назар мен зейінді әлсіретеді. Жастар қысқа видеоларды көруге бейімделіп алып, ұзақ, күрделі ақпаратты меңгеруге келгенде қиналып қалып жатады. Бұл оқу үлгеріміне, ойлау қабілетіне кері әсер етеді.

2. Әлеуметтік желілерде өздерін басқалармен салыстыру тенденциясы пайда болады. Бұл өзін-өзі төмен бағалауға, күйзеліске, тіпті жалған өмір сүруге итермелеуі мүмкін.

3. Қысқа видеоларға тәуелділік қалыптасып, ол уақыттың босқа өтуіне әкеледі.

 

Әр нәрсенің өзінің позитивті тұстары болады. Аталмыш платформаның да жағымды тұстары көп. Олар мынадай:

Шығармашылықты дамыту — TikTok жастардың креативті қабілеттерін дамытып, өзін еркін көрсетуге мүмкіндік береді. Көптеген жас өнерпаз, әнші, биші осы платформалар арқылы өз талантын танытып жүр.

Кәсіп пен жарнама — көптеген кәсіпкерлер TikTok арқылы өзінің кәсібіне жарнама жасап, өзіне тұтынушы жинай алады.

Трендтерді бақылау — TikTok-тың арқасында кез-келген адам әлемнің түкпірінде не болып жатқанын көре алады. Қандай музыка мен сәнді стильдер қазір трендте екенін тез әрі оңай біле алады.

Жаңа таныстар мен қоғамдастық — қызығушылықтары ортақ жаңа адамдармен таныса алады.

 

TikTok қосымшасы дұрыс, қолайлы қолдана білгендерге таптырмас құрал. TikTok-ты пайдалы қолдануға арналған 5 кеңес:

1. Уақытты бақылау: желіде уақытты құр босқа өткізбеу үшін қосымшаның өзінде арнайы уақыт шектеуін қою арқылы бос уақытты үнемдеп, сол уақытты басқа пайдалы дүниелерге жұмсауға болады.

2. Жалған ақпараттан сақ болу: кез-келген видеодағы ақпараттарға сене беруге болмайды. Оның дұрыстығын, нақтылығын тексеріп, көз жеткізген жөн.

3. Жас ерекшелігіне сай контент көру: TikTok-тағы алгоритмді дұрыс пайдалану үшін қызығушылықтарға сәйкес пайдалы, жасыңызға сай видеоларды көру маңызды.

4. Пайдалы парақшаларға жазылу: білім, тіл, ғылым үйрететін, мотивация беретін аккаунттарды көру сіздің біліміңіздің өрістеуіне жол ашады.

5. Қауіпсіздік баптауларын орнату: жеке басыңыздың ақпараттарын қорғау үшін қажетті шектеулер орнату керек.

 

TikTok өзіндік артықшылықтары бар әлемдік қолданыстағы платформа. Ал бұл платформаны қалай қолдану керектігін сіз өзіңіз шешесіз.


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз