Қоғамның дамуы тек экономикалық көрсеткіштермен ғана емес, адамдардың тең құқылы болуымен де өлшенеді. Алайда бүгінде әйелдерге қатысты теңсіздік мәселесі әлі де толық шешімін тапқан жоқ. 2023 жылғы статистикалық мәліметтер бойынша, Қазақстанда әйелдердің орташа табысы ерлерге қарағанда 30%-ға төмен. Яғни, бірдей қызмет атқарса да, әйелдердің еңбегі жеткілікті бағаланбай отыр. Мұндай әділетсіздік тек Қазақстанда ғана емес, бүкіл әлемде кеңінен таралған. БҰҰ деректеріне сәйкес, дүниежүзінде әйелдердің жалақысы ерлерден орта есеппен 20%-ға аз. Екінші маңызды мәселе – әйелдердің саяси өмірдегі қатысуы. Қазақстан Парламентінде әйел депутаттардың үлесі 27%-ды ғана құрайды. Бұл – орташа көрсеткіш, алайда шешім қабылдау процесіндегі әйелдердің рөлі әлі де толық емес. Гендерлік теңдікті нығайтуға бағытталған шаралар жүзеге асқанымен, олардың нәтижесі жеткілікті деңгейде сезілмей отыр. Тағы бір өзекті мәселе – тұрмыстық зорлық-зомбылық. Оның көпшілігі әйелдерге тиіп, оларды қорқыныш пен зардапқа тап қылады. ҚР Ішкі істер министрлігінің деректеріне сәйкес, жыл сайын 100 мыңнан астам әйел тұрмыстық зорлыққа ұшырап, полицияға арызданады. Алайда олардың барлығы соттан әділдік таба алмайды.
Мәселенің өзектілігін анықтау үшін мен мектебімнің оқушылары арасында сауалнама жүргіздім. Зерттеуге 102 оқушы қатысып, олардың 58,2%-ы өздері немесе жақындары тұрмыстық зорлық-зомбылықты бастан өткергенін айтты. Бұл көрсеткіш жастардың да аталған проблемадан тыс қалмайтынын, оны қоғам деңгейінде ашық талқылау қажеттігін көрсетеді. Әйелдерге қатысты теңсіздікті азайту үшін мемлекет пен қоғам бірлесе әрекет етуі тиіс. Ол үшін заңнаманы күшейту, әйелдердің еңбек нарығындағы мүмкіндіктерін арттыру, сондай-ақ тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы жүйелі шараларды қолға алу қажет.
Әйелдердің теңдігі – қоғамның даму деңгейін көрсететін маңызды өлшемдердің бірі. Егер әйелдер зорлық-зомбылыққа тап болып, өз құқықтарын толық пайдалана алмаса, мұндай қоғамның болашағы да күмәнді болмақ. Сондықтан гендерлік теңдікті сақтау – тек әйелдер үшін емес, бүкіл елдің өркендеуі үшін аса маңызды міндет. Әрқайсымыз әділетсіздікке көз жұмбай, оған қарсы батылдық танытсақ қана теңдік пен бірлікке негізделген қоғам құра аламыз.
Journiverse білім беру орталығының оқушысы: Даумбекова Нұрзада
- Нарша Булгакбаев
- Нарша Булгакбаев
-
- Архимед
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі