Өлең, жыр, ақындар

«Қызғылт түс ерлердікі емес пе?»

   Сіз білесіз бе? Бір ғасыр бұрын ұлдарға қызғылт, ал қыздарға көк түсті киім кигізу дәстүрі болған. Қазір бәрі керісінше: қызғылт түс қыздарға, көк түс ұлдарға арналған деген түсінік тек біздің қоғамда ғана емес, бүкіл әлемде кең таралған. Бұл стереотип қалай пайда болды және ол біздің күнделікті өмірімізге қалай әсер етті?

Журналдар мен дүкендер

Балаларға арналған киім журналдары ата-аналарға кеңес беріп, ұлдар мен қыздарға қандай түстер сай келетінін түсіндіретін мақалалар жариялаған. Мысалы, америкалық Parents Magazine журналында «қызғылт түс ұлдарға көбірек жарасады, себебі ол «қызылдың ашық түрі», ал қызыл түс соғыс құдайы Марспен байланысты» делінген. Көк түс, керісінше, дәстүрлі түрде Венера мен Мадоннамен байланыстырылып, қыздарға лайық деп көрсетілген.

1910–1920 жылдары АҚШ-та түстерді нақты бір жынысқа бөлу ережесі болмаған. Бостондағы Filene’s және Нью-Йорктегі Best’s дүкендерінде ұлдарға қызғылт, қыздарға көк түс ұсынылса, Macy’s және Franklin Simon дүкендерінде керісінше — ұлдарға көк, қыздарға қызғылт түс арналған. Бұл түстердің сол кезеңде гендерлік тұрғыда қатаң бөлінбегенін көрсетеді.

Түстердің тарихи қалыптасуы

Бірнеше ғасыр бұрын жарқын қызғылт жібек немесе былғары киім ер адамдар арасында мәртебенің белгісі болған. Аристократтар, музыканттар, мемлекеттік қызметкерлер және корольдік әулет мүшелері осындай костюмдер киген. 1940-жылдарға дейін бұл үрдіс сақталды. Ал Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін түстердің мән-мағынасы өзгерді. Бұл өзгерістерге қоғам пікірі ме, әлде өндірушілердің маркетингтік стратегиялары ма — нақты айту қиын.

Соғыстан кейінгі кезең

Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін маркетинг пен мәдени өзгерістер қызғылт түсті әйелдерге, көк түсті ерлерге теліді. Көк түс әскери формада қолданылып, күш пен тәртіптің символына айналды. Қызғылт түс нәзіктіктің белгісі ретінде қабылданды. Жеке адамдардың таңдауы да әсер етті. 1953 жылы АҚШ президентінің жары Мейми Эйзенхауэр инаугурацияда нәзік қызғылт көйлек киіп, бұл түстің әйелдер сәніне қайта оралуына ықпал етті. 1970–1980 жылдары қызғылт түс қыздарға арналған негізгі түске айналды.

Қазіргі заман талабы

«Gender party» дәстүрі алғаш рет АҚШ-та 2000-жылдардың соңында пайда болып, қазір Қазақстанда да кең таралған. Оның басты мақсаты – баланың жынысын жариялау. Әдетте қыз бала үшін қызғылт шар немесе түтін, ұл бала үшін көк түстер қолданылады. Бұл гендерлік стереотиптің әлі де сақталғанын көрсетеді. Дегенмен сән индустриясында қызғылт түс қазір бұрынғыдай талас тудырмайды. Қазіргі сәнде ол қайтадан әмбебап түске айналып, ерлер топтамасына оралды. Мысалы, Valentino ерлерге арналған толық қызғылт желіні ұсынды, ал актерлер мен музыканттар қызғылт костюм киіп, өз стилін еркін көрсетуде.

Қызғылт түс тек қыздарға арналған емес. Тарихи және мәдени деректерді түсіну арқылы біз гендерлік стереотиптерді жеңілдетіп, әркімге өзін еркін көрсетуге мүмкіндік бере аламыз.

«Journiverse» білім беру орталығының оқушысы: Талғат Ясмин


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз