Бүгінде әлеуметтік желілер — миллиондаған адамның күнделікті өмірінің ажырамас бөлігіне айналды. 2025 жылдың басында әлемдегі белсенді әлеуметтік желі қолданушылар саны 5,24 миллиардқа жетіп, бұл әлем халқының шамамен 63,9 % құрайды (DataReportal, 2025). Бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда шамамен 4,1 % өсімге ие. Орташа есеппен әрбір адам күніне 2 сағат 20 минут әлеуметтік желілерде уақыт өткізеді (Smart Insights, 2025).
Әлеуметтік желілер ақпарат алмасу, байланыс орнату және шығармашылық қабілетті дамыту үшін тиімді құрал болғанымен, олардың адам психикасына тигізетін әсері де зор. Көптеген адамдар желідегі «мінсіз өмірді» көріп, өз өмірімен салыстырады. Бұл өзіне деген сенімсіздік, күйзеліс және мазасыздық сезімдерін туындатады.
Психологиялық зерттеулер әлеуметтік желіні шамадан тыс қолдану адамның көңіл күйі мен ойлау қабілетіне кері әсер ететінін дәлелдейді. Мысалы, АҚШ Денсаулық сақтау қызметінің (HHS) мәліметі бойынша, әлеуметтік желіні күніне 3 сағаттан артық пайдаланатын жасөспірімдердің депрессия мен алаңдаушылыққа шалдығу қаупі екі есе жоғары (HHS.gov, 2024).
Pew Research Center зерттеуі бойынша, жасөспірімдердің 45 % әлеуметтік желілердің ұйқысына теріс әсер ететінін, ал 40 % олардың оқу немесе жұмыс өнімділігін төмендететінін айтқан (Pew Research, 2025). Ал Дүниежүзілік денсаулық ұйымының (WHO) дерегіне сүйенсек, жасөспірімдердің шамамен 11 %-ы әлеуметтік желіге тәуелділік белгілерін көрсетеді, бұл олардың көңіл күйі мен әлеуметтік қарым-қатынасына әсер етеді (WHO, 2024).
Психологтар мұндай құбылысты «дофаминдік тәуелділік» деп атайды — яғни, адам телефон мен әлеуметтік желіден келетін уақытша қуанышқа үйреніп қалады. Бірақ мұндай қуаныш тез өтіп, шынайы өмірдегі эмоциялардың орнын баса алмайды. Уақыт өте келе адам шынайы қарым-қатынастан алыстап, рухани тұрғыдан әлсірейді. Сондықтан әлеуметтік желілерді ақылмен пайдалану — бүгінгі қоғамның маңызды дағдысы. Әлеуметтік желіні толықтай тастау міндет емес, ең бастысы — тепе-теңдік сақтау. Уақытыңды шектеулі пайдаланып, шынайы өмірге, кітап оқуға, шығармашылыққа және достармен тікелей қарым-қатынасқа көбірек көңіл бөлу — психологиялық тепе-теңдікті сақтаудың ең тиімді жолы.
Жұмабаева Нұршат
Тұран университеті
- Нарша Булгакбаев
- Нарша Булгакбаев
-
- Архимед
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі