Өлең, жыр, ақындар

Жастар арасындағы күйзеліс – қоғам назарынан тыс қалған мәселе

Университет Туран, Журналистика Факультеті 

Автор:Жолдыбай Ақмарал


Қазіргі қоғамда жастардың психикалық саулығы өзекті мәселеге айналды. Күйзеліс пен мазасыздық жас ұрпақтың өмір сапасына, болашаққа деген сеніміне әсер етуде. Бұл мақалада жастар арасындағы психологиялық қысымның себептері мен оны еңсерудің маңызы қарастырылады.

Қазіргі таңда жастардың психикалық саулығы — әлемдік деңгейдегі өзекті мәселелердің бірі. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының (ДДҰ) дерегінше, әрбір жетінші жасөспірім күйзеліс пен мазасыздыққа ұшырайды. Бұл тек уақытша көңілсіздік емес, адамның өмірге деген қызығушылығын төмендетіп, болашағына сенімсіздік ұялататын күрделі жағдай.

Бүгінгі қоғамда көптеген жас өз мәселесін ашық айта алмайды. Себебі күйзеліс жайлы сөз қозғау көбіне “әлсіздік” белгісі ретінде қабылданады. Ал шын мәнінде, бұл – әр адамға тән психологиялық қиындық.

Әлеуметтік желілердегі жалған сұлулық пен табыстың бейнесі, жоғары талаптар мен түсінбеушілік жастардың ішкі әлеміне қатты әсер етеді. Көпшілігі “бәрі жақсы” деген бетперде киіп, шын мәніндегі жан айқайын жасырады. Бұл өз кезегінде психикалық саулықтың әлсіреуіне, кей жағдайда ауыр салдарға алып келеді.

Жастардың күйзелісін елемеу – қоғамның өз болашағына немқұрайлы қарағаны. Әрбір адам айналасындағыларға көңіл бөліп, түсіністік таныта білсе, бұл мәселенің алдын алуға болады. Күйзеліс туралы ашық айту – әлсіздік емес, батылдықтың көрінісі.

Психикалық саулық – бақытты өмір мен берік қоғамның негізі. Сондықтан жастардың жан дүниесіне қамқор болу – бәріміздің ортақ парызымыз.


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз