Өлең, жыр, ақындар

«Келінжан»: қазақ келінінің бейнесі мен ауыл өмірінің шындығы

Қазақ қоғамында әйелдің рөлі ешқашан жеңіл болған емес. «Ана», «келін», «жұбай» деген қасиетті ұғымдардың артында үлкен жауапкершілік, төзім мен еңбек жатыр. Соңғы жылдары бұл тақырыпты қозғайтын фильмдер мен сериалдар көбейіп келеді. Солардың ішінде халықтың ерекше ықыласына бөленген туынды – «Келінжан».

2018 жылдан бастап «GG Cinema Production» студиясы түсірген бұл сериалды көрермен бес маусым бойы сүйіп көрді. «Хабар» агенттігінің тапсырысы бойынша жарық көрген жоба ауыл өмірінің тынысын, қазақ отбасындағы дәстүр мен қазіргі заманның арақатынасын нанымды бейнелейді. Фильм Күлімхан апаның үлкен отбасындағы келіндер мен балалар арасындағы қарым-қатынасты суреттейді. Әрбір кейіпкердің мінезі, тұрмысы, іс-әрекеті өмірден алынғандай әсер қалдырады. Күлімхан апаның үш келіні — Айсара, Балқия және Асылым — үш түрлі мінездің, үш түрлі тағдырдың иесі. Бірі қаталдау, бірі сабырлы, бірі еркін ойлайтын жаңа буын өкілі. Осындай қарама-қайшылықтар арқылы фильм әйелдің қоғамдағы орнын, келін мен ене арасындағы түсініспеушіліктерді, дәстүр мен заман талабын табиғи түрде көрсетеді.

Фильмнің өзегінде әйел теңсіздігі тақырыбы жатыр. Келіндердің күнделікті еңбегі, отбасы ішіндегі әділетсіздік, шешім қабылдаудағы ерлердің үстемдігі – бәрі де өмірде бар мәселелер. Айсараның ене орнына келгеннен кейін өзгеріп кетуі де осыны айқындайды. Билікке ие болған соң оның мінезі қатайып, айналасына талап қоя бастайды. Бұл көрініс әйелдің билік пен жауапкершіліктің арасында қалыптасқан ішкі күресін аша түседі.Фильмде Айсараның қайталанып көретін түсі ерекше әсер қалдырады. Ол түс арқылы кейіпкердің ішкі қорқынышы мен ар алдындағы ойлары ашылады. Көріпкел мен имаммен сөйлесетін көріністері – қазақ әйелінің рухани ізденісін көрсететін маңызды сәттер. Бұл оқиғалар сериалды тек күлкілі көріністермен шектемей, ой салатын драма деңгейіне көтереді.

«Хабар» агенттігінің директоры Жайна Жақсылықова фильмнің жетістігі туралы: «Фильм сәтті шықты деп айта аламыз. Ол Қырғызстанның төрт қаласында — Бішкек, Ош, Тоқмақ және Жалалабатта көрсетілді. Бұл – «Хабар» агенттігінің өз өнімін алғаш рет шетелге шығарып, басқа тілде дубляж жасауы», – дейді. Бұл – қазақстандық өнімнің сапасын дәлелдейтін үлкен жетістік. Фильмнің табысы тек ел ішінде емес, шетелде де байқалды. YouTube платформасында «Келінжан» 300 миллионнан астам қаралым жинап, бірнеше рет тренд тізіміне енді. Ал бесінші маусымының өзі 51 миллионнан астам қаралымға ие болған. Бұл көрсеткіш фильмнің көрерменмен байланыс орната алғанын дәлелдейді.

Продюсер Гүлнұр Мамасарипованың айтуынша, «Келінжан» – жай ғана сериал емес, ауыл өмірінің брендіне айналған жоба. Сериалдың әсерінен туған ауылда кәсіп бастауға шабыт алғандар көбейген. Мысалы, жергілікті өндірушілер «Түрбан Балқия», «Халатик Күлімхан апай», «Свадебный чай» сияқты өнімдер шығарып, өз бизнесін дамытқан. Тіпті кейбір көрермендер фильм түсірілген Аққайнар ауылына барып, Күлімхан апайдың үйін көруге қызығушылық танытқан. Бұл туындының тек экрандағы емес, өмірдегі әсерін көрсетеді. Түсірілімнің алғашқы маусымы Алматы облысының Бақбақты ауылында түсірілсе, кейінгі маусымдар Аққайнар ауылында жалғасты. Табиғи орта мен ауыл атмосферасы фильмге ерекше шынайылық береді. Көрермен өз ауылын, өз туыстарын көріп отырғандай күй кешеді.

«Келінжан» тек күлкі сыйлайтын комедия емес. Ол – қоғамның айнасы, дәстүр мен жаңашылдықтың қақтығысын көрсететін өмір сабағы. Келіндердің бейнесі арқылы фильм әрбір көрерменге ой тастайды: әйелдің еңбегін бағалау, оның пікірін есту, отбасыдағы теңдікті сақтау – кез келген қоғамның дамуының негізі. Бұл фильм бізге шынайы өмірді көрсетіп қана қоймай, сол өмірге оймен қарауға үйретеді. Көрерменге таныс кейіпкерлер, ауылдағы күнделікті жағдайлар, қазақтың әзіл мен шындық аралас өмірі – бәрі де осы туындыны ел жүрегіне жақын етті. «Келінжан» – қазақ әйелінің тағдырына, келіннің өміріне арналған шынайы туынды. Ол бізге күлкі арқылы ой салды, қарапайым өмірдің қадірін ұғындырды. Өйткені шындық – әр отбасының төрінде, әр келіннің көзінде, әр ананың жүрегінде.

 


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз