1949–1989 жылдары қазақ даласында адамзат тарихындағы ең ауыр сынақтардың бірі – Семей ядролық сынақ алаңы жұмыс істеді. Бұл оқиға Қазақстан тарихында орны ерекше әрі ауыр із қалдырды. Сынақ аймағы бұрынғы Семей облысының, сондай-ақ Павлодар мен Қарағанды облыстарының біраз бөлігін қамтыды. Жалпы көлемі шамамен 18 миллион гектар жер болды.
Алғашқы жарылыс
1949 жылы 29 тамыз күні сағат 7:00-де халыққа ескертусіз қуаты 30 килотонна болатын алғашқы ядролық жарылыс жасалды. Радиоактивті қалдықтар мен шаң бұлттары жүздеген шақырымға таралып, көптеген елді мекенді қамтыды. Жарылыстан кейін жануарлардың (кесірткелер, кеміргіштер және т.б.) жаппай қырылғаны байқалды. 1953 жылдан бастап қана жарылыстар туралы жергілікті халыққа ескертіле бастады. Кей аймақ тұрғындары қауіпсіз жерге көшірілгенімен, көп ұзамай қайта оралып отырған. Алғашқы жарылыстардан кейін көптеген үйлер қирап, адамдар ауыр зардап шекті.
Қуаты арта түскен сынақтар
Кейінгі жылдары жарылыстардың қуаты 480 килотоннаға дейін жетті. Радиоактивті саңырауқұлақ тәрізді бұлт 16 шақырым биіктікке көтерілген. 1955 жылы 22 қарашада ТУ-16А әскери ұшағынан қуаты 1,7 мегатонна болатын термоядролық бомба тасталды. Оның дүмпу толқыны Қазақстанның көптеген аймақтарында, тіпті Ресейдің кей өңірлерінде де сезілді. 1989 жылы 12 ақпанда жерасты үңгірлерінде қуаты 70 килотоннадан астам ядролық заряд жарылды. Оның салдарынан жер бетінде жарықтар пайда болып, екі тәулік бойы радиоактивті газ бөлініп тұрды.
«Невада–Семей» қозғалысы және полигонның жабылуы
1989 жылдың ақпанында халықтың наразылығы күшейіп, «Невада–Семей» антиядролық қозғалысы құрылды. Оның жетекшісі – белгілі қоғам қайраткері Олжас Сүлейменов болды.
Қозғалыс өкілдері Семей полигонын жабу туралы үндеуді КСРО мен АҚШ басшылығына жолдады. Нәтижесінде, КСРО Үкіметі ядролық сынақтарға тыйым салу туралы шешім қабылдады. Ресми деректерге сүйенсек, полигон қызметі кезінде 1,5 миллионға жуық адам зардап шеккен. Жалпы 456 ядролық сынақ жасалған. Бұл жарылыстардың салдарынан көптеген адамдар радиацияның әсерінен көз жұмды, ал туған сәбилердің арасында туа біткен аурулар мен кемістіктердің үлесі артты. Семей полигонындағы соңғы жарылыс 1989 жылдың 19 қазанында өтті. Ал 1991 жылы 29 тамызда ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен полигон ресми түрде жабылды. Сол жылы оның негізінде Курчатов қаласында Ұлттық ядролық орталық құрылды.
«Journiverse» білім беру орталығының оқушысы: Исабек Альмира
- Нарша Булгакбаев
- Нарша Булгакбаев
-
- Архимед
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі