Электр жарығының уақытша шектеліп тұруына байланысты үстел үстінде жез қоңырау тұрар еді. Жез қоңырау - осы қалпында моп-момақан.
Ал қабырға сағатының ұзынша тілі ерегіскендей он бір деген цифрдың үстінде ұзынынан сұлап түсіп жатып алады. Демек, қоңырауға әлі 5 минут уақыт бар деген сөз. Мұғалім үшін әр минут бағалы. Егер кеңсе қызметкерінің жұмыс уақытысы сағатпен есептелетін болса, мұғалімнің жұмыс уақытысы - минутпен есептелетін бірден-бір мамандық.
Сағаттың секөнд тілі менсіз қайда барасыңдар дегендей, сағат бетінде тырс-тырс етіп, тынымсыз жүгіреді. Ол сағат бетін өз бағытымен бір айналып шыққанда барып, ұзынынан сұлап түсіп жатқан сағат тілі еріне алға жылжыр еді. Төрт минут. Үш. Екі...
Осы кезде кезекші мұғалима үстел үстіндегі қоңырауға қол жүгіртеді. Ол қоңыраудың шығыршығынан саусағымен іліп алған сәтте-ақ, әлгінде ғана моп-момақан болып көрініп тұрған жез қоңырау ойын тілеген баладай ойнақтап сала берер еді. Құдды шәкірттің өз мінезі секілді.
Мұғалима есікті ашып, сыртқа беттей берген сәтте-ақ, тентек қоңырау ақыры өз дегенін жасап үлгереді. Оның ортасындағы ұзынша тілі қабырғасына барып соғылады. Бар болғаны бір-ақ мәрте соғылуының өзі жеткілікті. Дауыс тым алысқа кетеді.
Осы кезде сыртта тұрған оқушылар ішке қарай лап қояр еді. Себебі шәкірт санасы қоңыраудың әмірлі үніне бағынып үйренген.
Дәл осы сәтте кішкентай, тіл алғыш, елгезек қыздар кезекші мұғалиманың қолындағы қоңырауға жармасады: "Апай! Апай! Маған беріңізші! Сыртқа мен соғайыншы! Маған беріңіз!"
Олардың қоңырауды өзіне жұла-мұла тартқандығы соншалық, тіпті кезекші мұғалима шығыршықтан саусағын әрең суырып үлгерер еді.
Кішкентай, тіл алғыш, елгезек қыздар сол бетімен жүгіре басып, мектеп басқышының үстінде тұрып алып қоңырауды ұзақ сыңғырлатады. Олар тіпті өздері де келе жатырған ақ көйлек киген ұлдарға "асықсаңшы!" дер еді нығыздай сөйлеп.
Қоңыраудың сыңғырлаған үні "Сабаққа!", "Сабаққа!", "Білімге!", жоқ білімге ғана емес-ау, болашаққа шақырып тұрғандай.
Сәлден кейін бәрі де тыныштала қалады.
Тек ашық тұрған сынып есіктерінен сабақ беріп жатқан мұғалімнің өзіне ғана таныс және сол пәннен сабақ беретін басқа да әріптестеріне жат емес, өзге пән мұғалімдерін онша-мұнша қызықтыра қоймайтын, осы пәнге ғана тән әлдебір сөздер естіліп қалып жатар еді.
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі