Ұлт тарихында аз ғана өмір сүрсе де, ел санасын оятқан ерекше басылым - «Серке» газеті еді. Сол газет арқылы халыққа білім мен тәуелсіздік идеялары жеткізілді. Артында тұрған тұлға - ұлттың ұлы күрескері, ақын, жазушы, публицист Міржақып Дулатов болатын.«Серке» газеті 1907 жылы Санкт-Петербург қаласында жарық көрді. Қазақ тіліндегі тұңғыш саяси бағыттағы басылымдардың бірі болған бұл газет бастапқыда татар тіліндегі «Улфат» газетінің қосымшасы ретінде шыққанымен, оның негізгі мақсаты - қазақ халқының санасын ояту, отарлық езгіге қарсы үн қосу, білім мен мәдениетті насихаттау еді.
Міржақып Дулатов осы газетте өзінің әйгілі «Біздің мақсатымыз» атты мақаласын жариялады. Бұл шығарма қазақтың рухын селт еткізген, еркіндікке шақырған батыл үндеу болды. Ол өз мақаласында:«Бізге керегі - ояну, ел болу, теңдік алу. Өз күшіңе сен!» - деп жазды. Алайда патшалық билік мұндай ойды кешіре алмады. Газет «халықты үгіттейді» деген сылтаумен бір нөмірден кейін жабылды. Дегенмен, «Серкенің» бір санының өзі қазақ баспасөзінің еркіндікке алғашқы қадамы, ұлттық сананың ұшқынына айналды.Бүкіл ресейлік деңгейде өріс алған азаттық қозғалысының жаңа кезеңі патшалық Ресей шетінде ұлттық баспасөздің дамуына үлкен серпін берді. 1905-1907 жылдардағы оқиғалар Қазақстанда да зор қолдау тапты: қазақ шаруалары патша автократиясына қарсы тұрған орыс жұмысшылары мен шаруаларынан артта қалғысы келмеді. Бұл күрес барысында сөз бостандығы мен баспасөз еркіндігі жарияланып, үкіметке қарсы газеттер мен журналдардың шығуына жол ашылды. Сол кезеңде қазақтың тәуелсіз баспасөзінің алғашқы жарқын қадамдары жасалды.
Алғашқысы - 1907 жылы 2 ақпанда Троицк қаласында жарық көрген «Қазақ газеті», екінші тәуелсіз газет - «Серке» («Лидер») болды. Газет шыққаннан кейін редакцияға полиция келіп, бүкіл тираж тәркіленді, ал қызметкерлері қамауға алынды. Мұның себебі - Міржақып Дулатовтың «Жастарға» өлеңі мен «Біздің мақсатымыз» мақаласы еді. Бұл шығармалар патша саясатына қарсы сын ретінде қабылданып, газеттің шығуына тыйым салынды.
Қиындықтарға қарамастан, «Серке» газетінің негізін қалаушылар - білімді, көреген ойлы адамдар еді. Олар өз мақсаттарын күшпен емес, бейбіт қарсылық пен сөз арқылы жүзеге асыруға тырысты. Дегенмен, отаршыл империялық режимде өмір сүре отырып, газет өз қызметін тоқтатуға мәжбүр болды. Көп ұзамай оның негізін қалаушылар мен авторлары - қазақ мәдениеті мен білімінің дамуына адал қызмет еткен озық зиялылар - құрбан болды.
Міржақып Дулатов үшін баспасөз - қару, ал сөз – елдің рухы болды. Оның идеялары кейін «Қазақ» газеті арқылы жалғасты, Алаш қозғалысының іргетасын қалады. «Серке» мен Міржақыптың тағдыры - бір-бірінен ажырағысыз: бірі - еркін ойдың мінбері, бірі - сол еркіндіктің үні. Бүгін біз еркін елде өмір сүріп отырмыз. Сол еркіндіктің тамыры осындай батыл әрекеттерде, «Серке» секілді қысқа ғұмырлы, бірақ мәңгілік мәні бар басылымдарда жатыр. Міржақыптың ерлігі - әр қазақтың жүрегінде ұлтқа қызмет ету рухын оятатын мәңгілік үлгі болып қала береді.
Мали Айқын
Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университеті,
«Журналистика» факультеті, 1 курс студентi
Жетекшісі: ф.ғ.к.,доцент Жақсылықбаева Р.С
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
- Нарша Булгакбаев
- Нарша Булгакбаев
-
- Архимед
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі