Ұстаз – ұрпаққа жол нұсқаған шамшырақ - Тураева Дина Абдрашовна

«Болашақ – білімді жастардың қолында» деген ұлағатты ой – әрбір саналы ұрпақтың жүрегіне жол табар терең мағыналы тұжырым. Бұл сөз тек ұран емес, ол – жауапкершілік жүгін арқалатқан өмірлік қағида. Себебі елдің ертеңі, қоғамның кемел келешегі – бүгінгі жас буынның білімі мен тәрбиесіне тікелей байланысты. Ал сол жас ұрпақтың санасына сәуле құйып, өмір жолына бағыт-бағдар беретін бірден-бір тұлға – ұстаз.

Мектеп – адам баласының тұлға болып қалыптасуындағы алғашқы әрі ең маңызды баспалдақ. Ал сол мектептің жүрегі – мұғалім. Ұстаз тек білім беруші ғана емес, ол – шәкірт жанын түсінетін сырлас, бағыт сілтейтін жетекші, жүрекке жылу ұялататын тәрбиеші. Әр баланың бойындағы қабілетті оятып, оның өмірге деген көзқарасын қалыптастыру – үлкен шеберлікті талап ететін қасиетті іс.

Ұстаздық жол – оңай жол емес. Бұл – төзім мен парасатты, мейірім мен жанашырлықты қатар талап ететін ұлы еңбек. Әрбір оқушының ішкі әлеміне үңіліп, оның сенімін ояту, үмітін жандыру – нағыз ұстазға ғана тән қасиет. Себебі бала жүрегіне жол табу – кез келген адамның қолынан келе бермейтін нәзік өнер.

Тарих тереңіне көз жүгіртсек, адамзат өркениетінің дамуына өлшеусіз үлес қосқан ұлы ұстаздар аз болмаған. Батыста Аристотель, шығыста Конфуций сынды даналар шәкірт тәрбиелеудің биік үлгісін көрсетсе, қазақ топырағында дүниеге келген Әбу Насыр әл-Фараби – ғылым мен білімнің шамшырағына айналған ұлы тұлға. Оның «екінші ұстаз» атануы – адамзатқа қалдырған рухани мұрасының өлшеусіздігін айқындайды.

Ал XX ғасырда қазақ халқының рухани жаңғыруына зор үлес қосқан Ахмет Байтұрсынұлы – ұлт ұстазы атанған дара тұлға. Ол халық санасына білім нұрын сеуіп, ана тілінің мәртебесін көтеруге бар ғұмырын арнады. Осындай ұлы тұлғалардың ізін жалғап келе жатқан бүгінгі ұстаздар қауымы – қоғамның ең қадірлі жандарының бірі.

Мен білім алып жүрген Ақтау қаласындағы №10 жалпы білім беретін мектеп – мен үшін тек оқу орны ғана емес, рухани орда. Мұндағы ұстаздар – шәкірт жүрегіне жол таба білетін, білім мен тәрбиені қатар ұстанған жандар. Әрқайсысының өзіндік болмысы, ерекше әдісі, шәкіртке деген ықыласы бар.

Сол ұстаздардың ішінде мен ерекше құрмет тұтатын жандардың бірі – қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Байжан Гүлсара Құсайынқызы. Ол кісінің сабағы – тек білім алатын сәт емес, ойланатын, толғанатын, рухани байитын уақыт. Оның әрбір сөзі, әрбір талабы шәкіртті алға жетелейді.

Ал Измагамбетова Аккүміс Жанабаевна – мен үшін тек ұстаз ғана емес, сенім сыйлаған жан. Ол – өз ісіне адал, өмірге құштар, жан-жақты тұлға. Ұстаздық қызметімен қатар, ана ретіндегі жауапкершілікті де абыроймен атқарып жүрген оның бейнесі – нағыз еңбекқорлық пен табандылықтың көрінісі. Ең бастысы, ол менің өзіме деген сенімімді оятып, алға ұмтылуыма себепкер болды.

Ұстаз – адам өміріндегі ең қымбат жандардың бірі. Әрбір жетістіктің артында ұстаздың ізі, әрбір биіктің түбінде оның еңбегі жатыр. Сондықтан ұстаз еңбегін бағалау – әрбір саналы азаматтың парызы.

Қазақтың батыр ұлы Бауыржан Момышұлы айтқандай: «Ұстаздық – ұлы құрмет. Себебі, ұрпақтарды ұстаз тәрбиелейді...». Расында да, болашақтың тағдыры ұстаз қолында. Демек, ұстазға деген құрмет – ел болашағына деген құрмет.

Қорытындылай келе, ұстаз – жүректерге жол тауып, саналарға сәуле шашатын шамшырақ. Ал сол шамшырақтың жарығын қадірлей білген ұрпақтың болашағы әрдайым жарқын болмақ.


WhatsApp Telegram

Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз