Қазақ халқының тарихында өшпес із қалдырған ұлы ғалым, ағартушы, зерттеуші және саяхатшы Шоқан Шыңғысұлы Уәлиханов – ұлтымыздың рухани әлемін байытқан, әлем мойындаған бірегей тұлға. Биыл ғалымның 190 жылдық мерейтойы аталып өтуде. Бұл мерейтой – ұлы ғалымның артына қалдырған мол мұрасы мен ұлт руханиятына сіңірген еңбегін тағы бір еске алуға, бағалауға себеп болып отыр. Қысқа ғұмырында ғылым мен мәдениеттің сан саласында өшпес мұра қалдырған Шоқан Уәлиханов тарих, этнография, география, әдебиет, бейнелеу өнері мен философия салаларына зор үлес қосқан. Ол – қазақтан шыққан алғашқы ғалым, саяхатшы және географ ретінде өзінің кыска өмірі ішінде текҚазақстанның ғана емес, Қырғызстан және кытайдың Синьцзянь провинциясынын географиясына айтарлыктай үлес қосты және Сонымен қатар Шоқан Жетісуды, Ыстықкөлді, Жоңғарияны, Қашқарияны, Тянь-Шаньды алғаш зерттеушілердің бірі болды. Қазақ халқының ғана емес, бүкіл түрік тектес шығыс халықтарының тарихын, әдет-ғұрпын, мәдениетін, әдебиетін зерттеуге ат салысты. Энциклопедиялық білімі мен терең ой-өрісі оны өз дәуірінің ең ірі ғалымдарының қатарына қосты. Осы зерттеулерінің арқасында Шоқан Уәлихановтың есімі бүкіл әлемдік ғылымға алтын әріппен жазылған тұлғаға айналды.
Шоқан Уәлихановтың өмірбаянына қатысты нақты деректер толық сақталмаған. Дегенмен зерттеушілердің пайымдауынша, ол 1835 жылдың қараша айында қазіргі Қостанай облысы аумағындағы Аманқарағай дуанында дүниеге келген. Кейін осы округтің сұлтаны, Шоқанның әкесі – Шыңғыс (Уәли ханның ұлы, Абылай ханның немересі) отбасымен бірге жаңа қамал – Құсмұрынға (дуан аты да Құсмұрын болып өзгерді) көшіп барды. Балалық шағынан білім мен ғылымға ерекше құштар болған Шоқанның зеректігі мен алғырлығы ерте байқалды. Ол он екі жасында Омбыдағы кадет корпусына оқуға түсіп, үздік шәкірттер қатарына енді. Осында жүрген жылдары Шоқан еуропалық ғылым мен мәдениетке жақын болып, орыс және батыс ғалымдарының еңбектерімен танысты. Әсіресе шығыстану, тарих, этнография және география пәндеріне ерекше қызығушылық танытты. Омбыда оқып жүрген кезінде С.Ф.Дуров, П.П.Семеов-Тяншанский, Г.Н.Потанин, Н.М.Ядринцев, Ф.М. Достоевский секілді орыс зиялыларымен танысып, олардың алдыңғы қатарлы идеяларынан үлкен әсер алды. Сондай-ақ. Шоқан 1853 жылы кадет корпусын бітіріп, армиялық атты әскердің корнеті атағын алады.
Шоқан Уәлиханов Батыс Сібір генерал-губернаторының қарамағына жұмысқа қалғанда, қызмет бабы барысында оған бірден-ақ қазақ өлкесінің жер-жерімен жақынырақ танысып, ғылыми зерттеулер жүргізуіне қолайлы жағдай туды. Сібір казактар әскеріне қабылданған соң, ол ғылыми экспедицияларға қатыса бастайды. 1855 жылы Шоқан генерал Гасфорттың сапарына қатысып, Орталық Қазақстан, Жетісу және Тарбағатай аймақтарын зерттеді. Экспедиция бағыты Омбыдан Семей, Аягөз, Қапал арқылы Іле Алатауына дейін созылды. Осы сапарда Шоқан өзінің дипломатиялық қабілетін айқын көрсетеді. Алтынемел жотасының тұсында ол негізгі топтан бөлініп, Жоңғар қақпасына, одан кейін Алакөлге аттанып, Тарбағатай арқылы өтіп, Орталық Қазақстанға барған. Содан кейін ғана Қарқаралы, Баянауыл, Көкшетау арқылы Омбыға оралады. Экспедиция барысында ол тарихи және әдеби ескерткіштермен танысып, география және жаратылыстану салаларында құнды мәліметтер жинады. Сонымен қатар, жергілікті халықтың құқықтық жүйесі мен діни көзқарастары жайлы да маңызды деректер қалдырды. Осылайша, бұл саяхаттар Шоқанның ғылыми көзқарасын қалыптастырып, оның болашақтағы экспедициялары мен зерттеулерінің берік іргетасын қалады.
1856 жылы Шоқан Уәлиханов полковник М. Хоментовский басқарған әскери-ғылыми экспедицияға қатысып, Ыстықкөл өңірін зерттеді. Бұл экспедицияның басты мақсаты – Ыстықкөл өңіріндегі патша үкіметіне адалдық антын қабылдаған қырғыз тайпаларымен танысып, аймақтың табиғи және саяси жағдайын зерттеу, сондай-ақ Ыстықкөлдің нақты картасын жасау болды. Алайда Шоқан бұл сапарға тек қызметтік міндет ретінде емес, сонымен қатар өз ғылыми ізденістері тұрғысынан да зор қызығушылықпен қарады. Ол үшін негізгі мақсат – қырғыз халқының этнографиясы мен тарихы жайлы тың деректер жинау еді. Бұған дейінгі зерттеушілер тек географиялық бақылаулармен шектелгендіктен, Шоқан қырғыздардың мәдениеті мен тұрмысын алғаш терең зерттеген ғалымдардың бірі болды. Саяхатшы бұл сапарда қырғыз халқының этнографиясы, ауыз әдебиеті мен тарихы туралы мол материал жинады. Әсіресе «Манас» эпосын алғаш жазып алып, оны ғылыми тұрғыдан талдады. Кейін осы сапар нәтижесінде «Ыстықкөл сапарының күнделігі», «Қырғыздар туралы жазбалар» атты еңбектерін жазды. Ыстықкөл экспедициясынан кейін Шоқан Жетісу аймағын, одан әрі Іле өңірін зерттеу тапсырмасын алады. 1856 жылдың соңында ол Құлжа қаласына аттанып, Іле алқабындағы табиғат, халықтың тұрмысы, сауда және мәдени өмір туралы деректер жинады. Құлжада үш айға жуық уақыт жүрген саяхатшы жергілікті халықтың әдет-ғұрпы мен салт-дәстүрі туралы жазып алды.
Ш.Ш. Уәлиханов саяхаттарының шарықтау шегі 1858-1859 жж. Қашқарияға жасаған атақты саяхаты болды. Қашқарға сапары оның ғалым, ағартушы ретіндегі еңбегінің жаңа белеске көтерілуіне жол ашты. Қашғар өлкесіне кіру сол уақытта саяси және географиялық тұрғыдан өте күрделі болатын. Шоқанға бұл өңірге бару үлкен қауіп пен қиындық туғызды. Дегенмен, ол өз батылдығы мен табандылығының арқасында бұл сапарды сәтті жүзеге асырып, ғылымға баға жетпес мәліметтер алып келді. Шоқан Уәлихановтың Қашғар сапары барысында өңірдің географиялық жағдайына жан-жақты шолу жасап, тарихи очеркін жаза алды. Сондай-ақ ол халық саны, әкімшілік басқару жүйесі, саяси жағдай, өнеркәсіп пен сауда салалары жөнінде нақты деректер келтірді. Ғалым жинаған мәліметтер тек географиялық сипатта ғана емес, сонымен бірге саяси-әлеуметтік және экономикалық тұрғыдан да құнды болды. Ұзақ әрі ауыр сапарлардан кейін ол көрген-білгенін қағазға түсіріп, ғылым үшін құнды көптеген еңбектер жазды.
Ғалым Қашғардағы қоғамдық өмірдің толық бейнесін жасауға ұмтылды. Ол халық әңгімелерін, тарихи оқиғаларға қатысты естеліктерді, ауызша жеткен аңыздар мен шежірелерді жинап, салыстыра отырып ғылыми қорытынды жасады. Омбы мұрағаттарында және жүргізген экспедицияларында жинаған тәжірибесі Шоқанға зор көмек болды. Сол тәжірибенің арқасында ол Қашғар туралы кешенді сипаттама беріп, бұл тақырыпты ғылыми тұрғыдан алғаш жүйелеген зерттеушілердің бірі атанды. Егер мұндай дайындық болмағанда, ол өз есімін әлемге танытқан әйгілі еңбегін жаза алмас еді. Сондай-ақ зерттеу кезінде Шоқанға мәліметтерді бірден жазып алу мүмкіндігі бола бермеді. Ол көптеген деректерді жадында сақтап, туған еліне оралған соң ғана қағаз бетіне түсірген екен. Бұл оның есте сақтау қабілетінің мықтылығын және ғылыми ұқыптылығын көрсетеді. Зерттеуші Шоқанның осы сапарына дейін Еуропа ғылымдары бұл өлке туралы көп нәрсені білмейтін еді. Шоқан Қашқарды кімдердің және қалай басқаратынын бүге-шігесіне дейін жазды. Өйткені ол еуропалық ғалымдардың шығыстағы қала басқару тәсілін жеткілікті зерттей алмағанын білетін. Оның бұл мәліметтері кейін көп жерде кеңінен пайдаланылды.
Аса көрнекті қазақ ғалымы өтс ауқымды ғылыми-шығармашылық мұра қалдырды. Оның «Абылай», «Қырғыздар туралы жазбалары», «Ыстықкөл күнделіктері», «Үлкен орда қырғыз-қайсақтары туралы», «Манас» т.б. еңбектері өте құнды саналады. Шоқанның қазақтардың сондай-ақ Орта Азия халықтарының өмірінен салған 150-ден астам суреттері сақталған. Ол қазақтардың алғашқы кәсіби суретшілерінің бірі.Оның ғұмырының соңғы жылы Тезек сұлтанының ауылында өтті. Ол мұнда да Ұлы жүз қазақтарының өмірінен тарихи-этнографиялық материалдар жинаумен шұғылданды. Аса көрнекті қазақ ғалымы әрі ағартушысы Шоқан Уәлиханов 1865 жылы 10 сәуірде ұзаққа созылған аурудан қайтыс болды. Шоқан Уәлиханов шығыстану ғылымында аққан жұлдыздай жарқ етті де, ерте сөнді. Ол бар болғаны 30 жылға созылған қысқа ғұмырында шығыстану, этнография, тарих, география және әдебиет салаларында өшпес із қалдырды. Оның еңбектері Орта Азия мен қазақ халқының мәдениеті мен дүниетанымын Батыс әлеміне танытудың алтын көпірі болды. Шоқан Уалиханов өз ғұмырының соңына дейін өз Отанын жан-тәнімен сүйген нағыз патриот бола білді. Шоқанның ғылыми көзқарастары мен зерттеулері бүгінде де өзектілігін жойған жоқ, ал оның тұлғасы – қазақ руханиятының мәңгілік символы.
Әдебиеттер тізімі:
1.Шоқан Уәлиханов. [Электронды ресурс: https://shoqan.kz/kz/bio/].
2.Ермекбай Ж. А. Шоқан Уәлихановтың тағдыры мен мұрасы. – Нұр-Султан: «Рухани жаңғыру» қазақстандық қоғамдық даму институты КЕАҚ басшысы., 2020. – 276 б. ил.
3.Ш. Уәлиханов жазбаларындағы ұлттық тарихи-таным мәселелері. [Электронды ресурс: https://e-history.kz/kz/news/show/3257].
4. Шоқан Уәлиханов және XXI ғасырдағы гуманитарлық ғылым: Ш.Ш. Уәлихановтың 175 жылдығына арн. халықаралық ғыл.-практ. конф. материалдары (5-6 қараша, 2010 ж.), Алматы: Тарих тағылымы, 2010. – 560 б.
5.Мұқанов С.Таңдамалы шығармалар. Т.10. Жарқын жұлдыздар. Алматы: «Қазығұрт» баспасы, 2020. – 400 б.
Жазбаға пікір жазуға рұқсат жоқ.
- Оразбай Сарыбаев
- Оразбай Сарыбаев
- Оразбай Сарыбаев
- Оразбай Сарыбаев
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі