Өлең, жыр, ақындар

Қазақтың ұлттық аспаптары

    Қазақтың ұлттық аспаптары — ғасырлар бойы ұрпақтан-ұрпаққа мирас болып келе жатқан мәдени мұра. Ұлттық аспаптар дыбыс ерекшелігіне қарай ішекті-шертпелі, үрмелі, ұрмалы болып бөлінеді. Музыкалық аспаптар кептірілген қайың, шырша, емен ағаштарынан, қамыстан, сазбалшықтан, малдың терісі мен сүйегінен, мүйізі мен қылынан жасалған.

Домбыра

XIX ғасырда қазақ халқының тұрмысында кең тараған музыкалық аспап — екі ішекті домбыра болды. Археологиялық қазба жұмыстары мен тасқа түскен ескерткіштер домбыраның ежелгі түркі дәуірінде пайда болғанын көрсетеді. Домбыраның шыққан жері түркі халықтарының алтын бесігі саналатын Алтай тауы деп есептеледі.

Домбыра екі ішекті, кейде үш ішекті болып келеді. Домбыра тартуда қағыстардың түрі өте көп. Мысалы: «сермеп ойнау», «іліп қағу», «шертіп ойнау» және т.б. Қазіргі таңда домбыраның 20-дан астам түрі бар. Олардың ішінде:
    •    ән мен күй домбырасы
    •    торсық
    •    тұмар
    •    кең шанақты
    •    балдырған
    •    балашық
    •    шіңкілдек
    •    аша
    •    үш ішекті
    •    қуыс мойын
    •    шертер
    •    оркестр домбыралары: қоңыр дауысты, жіңішке дауысты, ащы дауысты, бас домбыралар

Ән, жыр айтуға арналған домбыраның пернелері әдетте 8–14 шамасында болса, күй домбырасына 20-дан астам перне тағылады. Құлақ бұрауы да орындалатын шығарманың ерекшелігіне қарай өзгеріп отырады.

Қобыз

Қобыз — қазақтың ең көне музыкалық аспаптарының бірі. Қобыздың мойыны имек, шанағы ожау тәрізді қуыс болып келеді, бет жағы ашық, ал түбі көнмен қапталады. Ертеде қобыз үлкен, бүтін кептірілген ағаштан ойылып жасалған. 1956 жылдан бастап қобызды қайта жаңғырту мақсатында оған төртінші ішек тағылды. Бұл орындаушыларға жаңа мүмкіндіктер ашып, жаңа шығармалардың дүниеге келуіне ықпал етті.

Қазіргі таңда қобыздың екі түрі бар:
    •    қылқобыз — екі ішегі жылқы қылынан жасалған, қоңыр әуенді байырғы үлгі
    •    төрт ішекті қобыз — темір сым мен қой ішегінен жасалған, дыбысы жіңішкелеу

Жетіген

Жетіген — көп ішекті ұлттық музыкалық аспап. Пішіні төрт бұрышты, қорап тәрізді. Беті жұқа тақтаймен қапталады. Көне жетігенте жеті ішек болған. Ал қазіргі жетігеннің әр ішегіне арнайы құлақ тағылған.

Алғашқы нұсқада жетігенде 13 ішек болып, одан 20 дыбыс шығарылған, диапазоны 1,5 октаваға жеткен. Кейінгі өзгерістерден кейін жетігеннің өлшемдері мынадай болды:
    •    ұзындығы — 1,6 м
    •    шанағының ені — 25 см
    •    тар бөлігінің ені — 21 см
    •    шанақ биіктігі — 9 см
    •    жоғарғы қақпағының қалыңдығы — 3–3,4 мм

Ертеде жетігенді жыраулар жиі қолданған. Оның әуені аң аулауға шығарда немесе алыс сапарға аттанарда сәттілік әкеледі деп сенген.

«Journiverse» білім беру орталығының оқушысы: Бегимбаева Жамиля 


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз

Басқа да жазбалар