Өлең, жыр, ақындар

Салтанат заңы

     Зорлық-зомбылық – бір адамның екінші бір адамға оның жеке басына тиіспеушілік құқығын бұзатын тәндік және психикалық ықпал жасауы. Ал әйелдерге қатысты зорлық-зомбылық – адам құқықтарын бұзудың ең көп таралған түрі. Қазіргі кезде әлем бойынша өзекті мәселеге айналған бұл жайттың Қазақстандағы жағдайы қандай? Өздеріңіз білетіндей, көп уақыт өтпеген Салтанат Нүкеноваға байланысты істі мемлекет басшылығы өз назарын алып, оған қатысты арнайы заң қабылдаған болатын.

Салтанат Нүкенованың ісінен кейін, 2024 жылғы сәуірде әйелдердің құқықтары мен балалардың қауіпсіздігіне қатысты заң қабылданды. Бұл Президенттің зорлық-зомбылықтың кез келген түріне жазаны қатаңдату туралы тапсырмасын орындау мақсатында әзірленген. Халық арасында бұл заң «Салтанат заңы» деп аталып кетті. Заң бойынша тұрмыста жанжал шығарғандарға жаза күшейтілді. Сондай-ақ әлемде 25 қараша — Халықаралық әйелдерге қатысты зорлық-зомбылықпен күрес күні болып бекітілген.

Қазір — 2025 жыл. Алайда жылдық статистика әлі жарияланбағандықтан, сіздердің назарларыңызға 2024 жылға дейінгі деректерді ұсынамын:

2024 жылдың қаңтар–тамыз айларында Қазақстанда отбасылық-тұрмыстық салада 1600 қылмыстық құқық бұзушылық тіркелді. Бұл 2023 жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 2,8 есе көп. Алдыңғы жылы мұндай 578 оқиға болған. Қылмыстың ең көп бөлігін (39,4%) — ұрып-соғу құрайды: сегіз айда 628 оқиға тіркелген. Сондай-ақ денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтіру (22,2% немесе 354 факт) және денсаулыққа орташа ауырлықтағы зиян келтіру (213 жағдай — бұл бір жыл бұрынғыдан 0,5%-ға аз) жиі кездеседі. Басқа жиі тіркелетін қылмыстарға денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру (186 жағдай), кісі өлтіру (74 жағдай), зорлау және сексуалдық зорлау (әрқайсысы 27 жағдай) жатады.

ІІМ зорлық-зомбылық статистикасы

Тұрмыстағы зорлық-зомбылық бойынша полицияға түскен шақыртулар:

2020 жылы – 179 096

2021 жылы – 155 177

2022 жылы – 115 526

2023 жылы – 99 026

2024 жылғы 4 айда – 28 189

Тұрмыстағы қылмыстық құқық бұзушылықтар (денсаулыққа ауыр зиян келтіру және кісі өлтіру):

2020 жылы – 1071

2021 жылы – 1022

2022 жылы – 935

2023 жылы – 923

Статистикалық мәліметтерге қарап, еліміздегі жағдайдың күрделі екені анық байқалады. Бұл — тек тіркелген деректер. Ал тіркелмеген жағдайлар қаншама? Қанша әйел үнсіз зорлық-зомбылыққа төзіп жүр? Қанша рет 102 нөмірі теріліп, бірақ қоңырау шалу батырмасы басылмай қалды? Қоғамда бір ғана әйел жыласа — бұл бір отбасының ғана емес, тұтас мемлекеттің беделіне түскен дақ. Сонымен қатар, әйелдерге жасалатын зорлық-зомбылық белгілі бір әлеуметтік немесе экономикалық топқа ғана тән емес — ол кез келген әйелдің өмірінде өшпес із қалдыруы мүмкін.

«Journiverse» білім беру орталығының оқушысы: Мұрат Айзере


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз