Өлең, жыр, ақындар

«Тұрмыстық зорлық-зомбылық: үнсіз қалған қоғамның жарасы»

   Қоғамның дамуы мен өркениеттілігінің басты көрсеткіші – адамның қадір-қасиетіне, еркіндігі мен қауіпсіздігіне деген құрмет. Алайда бүгінгі таңда бұл ұғымдардың маңыздылығы жиі ұмыт қалып, тұрмыстық зорлық-зомбылық сынды əлеуметтік дерт өршіп отыр. Күн сайын жүздеген əйел, бала, кейде ер адам да өз үйінде, яғни ең қауіпсіз орта саналатын жерде, психологиялық, физикалық немесе экономикалық қысым көреді. Мұндай жағдайлар — жеке отбасының емес, тұтас қоғамның жанын жаралайтын құбылыс. Тұрмыстық зорлық-зомбылық — тек бір отбасының ішкі мəселесі емес, ол — мемлекеттік деңгейде шешуді қажет ететін күрделі əлеуметтік мəселе.

   Себебі зорлық көрген адамның рухани күйреуі, психологиялық жарақаты, қорқыныш пен сенімсіздік сезімі оның ғана емес, ұрпағының да болашағына əсер етеді. Сондықтан да бұл құбылыстың түп-тамырына үңілу, оның себеп- салдарын талдау, құқықтық жəне əлеуметтік тұрғыда алдын алу шараларын күшейту – қоғамның ортақ міндеті. Осы ретте Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрлігі 2024 жылы қабылдаған «Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу жəне құқық қорғау органдарының өзара іс-қимылы туралы» қаулысы ерекше маңызға ие. Құжатта зорлық-зомбылықтың алдын алу шараларын жетілдіру, жəбірленушілерді уақытылы қорғау жəне олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі нақты тетіктер айқындалған. Министрлік деректеріне сүйенсек, соңғы екі жылда тұрмыстық зорлық-зомбылыққа байланысты тіркелген істердің 30%-ға өсуі қоғамда бұл мəселенің əлі де өткір екенін көрсетеді. Мұндай статистика заңнамалық шараларды қатаңдату мен əлеуметтік қолдау жүйесін күшейтудің өзектілігін айғақтайды. Біздің қоғамда тұрмыстық зорлық-зомбылық көбіне үнсіздікпен, қорқынышпен, «отбасылық іс» деп жабулы қалпында қалумен сипатталады. Көптеген жəбір көрген адамдар əділдікке жүгінуге қорқады, себебі оларды айыптайтын қоғам бар, бірақ қорғап шығатын жүйе əлсіз. Осындай əлеуметтік үнсіздік пен немқұрайлылық бұл мəселені тамырымен жоймай, қайта тереңдете түседі. Осы тұрғыдан алғанда, тұрмыстық зорлық-зомбылық – қоғамның ар-ұжданына түскен жара. Ол тек жеке адамдардың емес, бүкіл ұлттың рухани денсаулығына əсер етеді. Сондықтан мəселені ашық талқылап, зорлық-зомбылыққа төзбеудің мəдениетін қалыптастыру – бүгінгі күннің ең өзекті міндеттерінің бірі.

   Тұрмыстық зорлық-зомбылық мəселесін талдау үшін ең алдымен құқықтық, психологиялық жəне əлеуметтік саланың мамандарының пікірін қатар қарастыру қажет. Себебі бұл құбылыс тек заңмен шектелетін тар ұғым емес, адамның жан дүниесіне, қоғамның мəдениетіне жəне мемлекеттік саясатқа əсер ететін көпқабатты əлеуметтік проблема. Сарапшылардың айтуынша, 2024 жылы қабылданған «Saltanat заңы» Қазақстандағы тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күресте жаңа кезең бастағанымен, мəселенің түбегейлі шешілуіне əлі де кешенді тəсіл керек.

   Құқықтанушы маман Айнұр Мамбетова жаңа заңның маңызын жоғары бағалайды. Оның пікірінше, бұрын əкімшілік деңгейде қалып келген «жеңіл дене жарақаты», «ұрып-соғу» секілді əрекеттердің қайтадан қылмыстық жауапкершілікке қайтарылуы — жəбірленушілерді қорғаудағы үлкен қадам. Енді полиция жəбірленуші арыз түсірмесе де, оқиға туралы ақпарат келіп түскен жағдайда іс қозғай алады. Сонымен қатар, қорғау жөніндегі нұсқамалар жиі беріліп, зорлық көрсетушілерге «мінез-құлық талаптары» белгіленеді, үйден уақытша шығару немесе алкогольді тұтынуға тыйым салу сияқтышаралар кеңінен қолданылып келеді. Дегенмен Мамбетова заңның барлық өңірде біркелкі орындалып жатқанын айта алмайды: кей аймақтарда дағдарыс орталықтары жеткіліксіз, жəбірленушілердің құқықтық көмекке қол жеткізуі шектеулі. Оның айтуынша, проблеманы шешу тек жазамен емес, гендерлік стереотиптерді бұзумен, экономикалық тəуелділікті азайтумен, алдын алу жүйесін күшейтумен байланысты.
   Психолог Жанар Байжигитованың пікірінше, зорлық-зомбылықтың ең ауыр салдары — жəбірленушінің психикасына түсетін жара. Көптеген əйелдер мен балалар посттравматикалық стресс, үнемі үрейлену, өзін кінəлау, қорғансыздық сезімін бастан кешіреді. Мұндай психологиялық соққы адамның болашақ өміріне де əсер етеді: қарым-қатынастан қорқу, адамдарға сенбеу, өзінөмен бағалау секілді белгілер ұзақ уақытқа созылады. Байжигитова қазіргі таңда дағдарыс орталықтарында психологиялық терапияның дамуы маңызды болғанымен, олардың саны жеткіліксіз екенін айтады. Қазір жəбірленушілерге арналған баспаналар ашылып жатса да, бұл жүйе əлі де толық қамтылған емес. Психологтың пікірінше, балалар мен жасөспірімдерге, студенттерге зорлыққа жол бермеу, қарым-қатынас мəдениеті, эмоцияны басқару сияқты бағдарламаларды кеңінен енгізу — профилактиканың ең тиімді жолдарының бірі.

 ҮЕҰ өкілі, “НеМолчі” қозғалысыныңүйлестірушісі Айгерім Қасымова да тəжірибе жүзіндегі мəселелерге тоқталады. Оның айтуынша, соңғы жылдары дағдарыс орталықтарының саны артса да, өңірлер арасындағы айырмашылық өте үлкен. Кейбір аймақтарда əйелдер мен балаларды қабылдайтын орындар мүлде жоқтың қасы, сондықтан жəбірленушілер көмекке жете алмайды. Үкіметтік емес ұйымдар полициялық құрылымдармен, əлеуметтік қызметтермен серіктестік орнатуға тырысқанымен, əлі де жүйелі үйлесім жетіспейді. Қасымованың айтуынша, кейде қылмыстық жазаның қатаюы жəбірленушінің өзіне кері əсер етуі мүмкін: «күйеуім түрмеге кетсе, балаларыммен не болам?» деп қорыққандықтан əйелдер шағымды қайтарып алады. Сондықтан ҮЕҰ мамандары жəбірленушілерді құқықтық, психологиялық тұрғыда қолдауды күшейтіп, олардың қорқыныш жоқ жерде дауысын жеткізе алатын орта қалыптастыру керектігін айтады. Статистикалық мəліметтер заң қабылданғаннан кейін белгілі бір өзгерістердің болғанын көрсетеді. ІІМ дерегі бойынша 2024 жылдың екінші жартысында тұрмыстық зорлық-зомбылық туралы тіркелген шағымдар 28%-ға азайған. Алайда бұл төмендеу шынайы жағдайды толық көрсетпеуі мүмкін: сарапшылар жəбірленушілер арасындағы қорқыныш пен сенімсіздіктің əлі де жоғары екенін айтады. Дегенмен қылмыстық істердің саны артқан — бұл полицияның белсендірек əрекетке көшкенін, фактілерді тіркеу көрсеткішінің өскенін білдіреді. Сонымен қатар, ұлттық сауалнамалар қоғамда зорлық-зомбылықты ақтайтын көзқарастың азайып келе жатқанын көрсетеді: соңғы он жылда «ер адам əйелін белгілі жағдайларда ұруы мүмкін» деп есептейтіндер үлесі үш есе төмендеген. Бұл — қоғамдық сана өзгерісінің белгісі.

   Осы мəселеге қоғамның көзқарасын өзгерткен тағы бір фактор — жоғары деңгейде көп талқыланған істер. Мəселен, Салтанат Нүкенованың өлімінен кейін қоғамда үлкен резонанс туды, бұл трагедия «Saltanat заңын» қабылдауға серпін берді. Мұндай істердің ақпараттық кеңістікте ашық талқылануы зорлық- зомбылыққа төзбеушілік мəдениетін қалыптастыруға əсер етеді. Жəбірленушілердің өз тəжірибесі де бұл мəселенің қаншалықты күрделі екенін көрсетеді. Кейбір əйелдер құқық қорғау органдарына сенбейді, басқалары «қоғам айыптайды», «балаларыма зиян тиеді» деп қорқады. Сондықтан заңгерлер, психологтар, əлеуметтік қызметтер жəне ҮЕҰ өкілдері бір ауыздан: жəбірленушілердің дауысы естілетін, қорғалатын, қауіпсіз орта құру — қоғамның ең басты міндеті екенін айтады.

Байдулла Ерғали, Əл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің журналистика факультетінің 2 курс студенті

 


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз